28 Желтоқсан, 2011

Құпия құлпытас

1163 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қызыл қырғында қыршын кеткен, оты­зын­шы жылдардың ойранында опат болған ұлт арыс­тары­ның арулап жерленбеген сүйегін, ту­ған жер­дің бір уыс топырағы бұйырмай, жермен-жексен болған белгісіз қабірлерін іздеп табу, олардың басына бір белгі қою – сол асыл­дар­дан туған бү­гін­гі ұрпақтың, халқым деген азаматтардың көп жылдар бойы жүрегін тербеген мұң екені, бұл істің бүгінгі таңда жалпы­ұлт­тық қозғалысқа айнала бастағаны жасырын емес. Қазақы ұғыммен қарасақ та, «аруақ риза болмай, тірі байымай­тыны» белгілі. Кеңес заманында Мәскеуде саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын көметін бірнеше жер бо­лып­ты. 1921-1926 жылдары бұл үшін Яуз ау­ру­ха­на­сының зи­раты, 1926-1935 жылдары Ва­ганьков зираты пай­да­ланылған. Қуғын көр­гендердің өлі денесі 1934 жыл­дан Дон зи­ра­тындағы крематорийге жіберіле бастапты. Ал 1936-1937 жылдары НКВД жаңа екі аумақты ажал алаңына айнал­ды­рып­ты. Қыс­қаша «Бутово» және «Коммунарка» деп атауға болатын бұл ар­найы объектілер аума­ғында жатқандардың аты-жөні соңғы жылдарға дейін құпия ұсталып келді. Мысалы, «Коммунарка» объектісін Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қыз­меті 1999 жылы Орыс православие шіркеуінің қа­рауына берді, сол кезден бастап қана осы араға жер­ленген адамдардың аты-жөні белгілі бола бастады... Мәскеудегі бірнеше ғасырлық тарихы бар «Дон» қорымының атауы да халқымыздың жүрегі­нен алыс тұра алмаса керек. Қазақтың біртуар айбынды ұлы Смағұл Сәдуақасовтың сүйе­гі­нің күлі осы жерде жетпіс сегіз жыл бо­йы сақ­тал­ды (өмірден 33 жасында өткен Сма­ғұл­дың сүйегінің күлі салынған құты Қазақ­стан елшілі­гінің қолдауымен және ұлтжанды азаматтардың күшімен үстіміздегі жылдың қаң­­тарында Қазақ­стан­ға жеткізілгенінен оқыр­ман хабардар болар). Жалпы «Дон» зираты жаңа және ескі бө­лік­терден тұрады. Жаңа зират дегені – ХХ ғасырдың ба­сын­да ашылған қорым, 1927 жылдан бастап мұнда колумбарийі бар крематорий жұмыс істеген. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғы­сы кезінде қаза тапқандар мен ауыр жарадан Мәс­кеу госпитальдарында қайтыс болғандар жатқан бауырластар зираты және сталиндік қуғын-сүргін құрбан­дарының үш ортақ қоры­мы (№ 1 – 1930-1942 ж., № 2 – 1943-1944 ж. жә­­не № 3 – 1945-1953 ж.) осын­да. Деректерге қа­­р­ағанда, мұнда оты­зын­шы жылдары жазықсыз атыл­ған, өр­тел­ген бес мыңнан астам адамның сү­йегі не сүйе­гінің күлі жатыр. «Дон» зираты басшылығының айтуынша, әсіресе отызыншы жылдары құрбан болған­дар­дың мәйіті қай жерге көмілгенін, күлі қай­да жат­қа­нын дәл анықтау қиын әрі мүмкін емес. Өйт­кені, 1937-1938 жылдары атыл­ған­дар­дың денесі крематорийге арнаулы бланкіге жазылған тап­сыр­ма негізінде қабылданып тұ­рыпты, бірақ онда адамның аты-жөні жазыл­май, жалпы саны көр­сетіліп, «мына мәйіт­тер­ді өртеуге не жерлеуге жедел қабылдаңыз», «Өртеу үшін кезектен тыс қабылдаңыз» деген бұйрық түрінде түседі екен. 1930 жылдан бастап крематорий іргесінде тергеу кезінде өлген, азапқа шыдамай өзін өзі өлтірген адамдарды құпия көметін шұңқыр бо­лыпты. Жалпы көптеген құжаттар мен мұрағат ма­те­риал­дарын, мемлекеттік органдардың хат-хабар­ларын байыпты саралау арқылы қуғын-сүргін құр­бан­дарының аты-жөнін анықтап, қасіретті жыл­дардың шындығын, ел бастан кешкен оқиға­ларды, жеке адамдарға қатысты деректер мен мәлі­мет­терді бүгінгі заманның зердесіне салған жал­пы­ресейлік «Мемориал» тарихи-ағарту, қа­йы­рымды­лық және құ­қық қорғау қоғамы бол­ды. «Мемориал» мүше­лері­нің ұзақ уақыттан бергі мақсатты ізденістері осы бағытта нақты нәтиже­лерге қол жеткізді, бұған дейін белгісіз болып келген жаппай жерлеу орындары, мыңдаған есімдер анық­талды, сөйтіп табылған, мәлім болған, бұрыннан қолда бар деректер жи­нақталып, бір жүйеге түсірілді. Соның нәти­же­сінде бұрынғы КСРО жұртымен бірге, қазақ халқы да қан-қасап жылдары құрбан бол­ған бірқатар перзенттерінің асыл сүйегі қай топы­рақ­тың астында жатқанын біле бастады... Айталық, Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұр­мақовтың сүйегінің күлі «Дон» зиратын­дағы ортақ қорымда екендігі бұдан екі жыл­дай бұрын белгілі болды. Осындағы Әлихан Нұр­мұ­ха­мед­ұлына қатысты ақпаратта оның 1866 жы­лы Семей облысында туғаны, ұлты қазақ, партияда жоқ, жоғары білімді, ау­дар­машы екендігі көрсетілген. Тұрақ­ты ме­кен-жайы – «Мәскеу қаласы, Большой Кисловский переулок, 4-15» деп жазылған. 1937 жылғы 26 шілдеде тұтқынға алынған, «антисоветтік контрреволюциялық ұйым­ға қатысу­шы» деп айыпталып, үкім шық­қан күні, яғни 1937 жыл­ғы 27 қыркүйекте атыл­ған. Нығмет Нұр­мақов жайын­да оның 1895 жы­лы Қара­ған­ды облысында туғаны, қазақ, БКП(б) мүшесі, білімі орта, ВЦИК хатшы­сы­ның орын­басары және ВЦИК төрал­қа­сының мүшесі екендігі жазылған. Нығмет Нұр­мақұлы 1937 жылғы 3 маусымда тұт­қындалыпты, «контр­ре­волю­ция­лық террористік ұйымға қатысу­шы» деп айып­талып, 1938 жылы үкім шыққан күні аты­лыпты. Осында Н.Нұрмақовтың «Мәс­кеу қаласы, Серафимович көшесі, 2-243» мекен-жайында тұрғаны туралы ақпарат бар. «Дон» зиратындағы № 1 ортақ қабірде Әли­хан мен Нығмет сынды қос арысқа ар­на­лып құлпытас-белгі қойылыпты деген ха­бар­дың ізімен таяуда осы жерде болуға тура келді. Бұл – мемлекеттік органдар не қоғамдық ұйымдар орнатқан белгі емес, қазақстандық азаматтың жеке бастамасымен жүзеге асырған ісі екен. «Ұрпақтан – тағзым» деп белгі қой­ған – ұлтжанды елдесіміз, белгілі заңгер ға­лым, Қара­ған­ды қаласындағы «Болашақ» уни­верси­теті­нің ректоры Нұрлан Дулатбеков болып шықты! Белгітасқа екі арыстың суреті салынып, олар­дың аты-жөні, туған және қаза тапқан жылдары қазақша жазылыпты. Көрнекті ақын Қасым Аманжоловтың ескерткіш бетіне өрнектелген: «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен – қазақтың баласы!» деген өлең жолдары алыстан көзге түседі... Артта қалған ұр­пақтың асыл арыс­тарын іздеп, ардақ­тауы биліктің пәр­мені­нен гөрі, жүрек­тің дәрменімен жү­зеге асатын перзенттік борыш екендігі осы­дан сезілсе керек. Олай болса, ор­та­сы­нан оза шығып, ту­ған жердің көкта­сын Мәс­кеуге көте­ріп жет­­­кізген, сөй­тіп, иісі қазақ бала­сына қадірлі Әли­хан мен Нығ­меттей ай­бын­ды ағалардың аруа­ғына, алаш­тың осы жерде жатқан басқа да ұлдарының ру­хына қазақ болып тағзым етудің тамаша жолын көрсеткен қарағандылық Нұрлан бауырымыздың бұл ісін қалай әспеттесек те жарасатыны сөзсіз. «Мемориал» қоғамы жинақтаған құжат­тар­ды қарай отырып, «Дон» зиратындағы осы ортақ қорымда басқа да қандастарымыздың сүйегі не сүйегінің күлі жатқанын жады­мыз­дан шығара алмаймыз. Солардың бірі – Садық Нұрпейісов есімді белгілі қайраткер. Ол 1904 жылы Қос­та­най облысында туған, 1925 жыл­дан партия мү­ше­сі, кезінде Қазақстан ком­пар­тиясы Орталық ко­митетінің екіншісі хатшысы болып істеген. 1938 жылғы 1 қарашада «контр­революциялық террористік ұйымға қатысушы» деген айыппен тұт­қын­далған кезінде партия­ның Орталық комитетінің қарамағында жүрген екен, «Мәскеу» қонақүйінде тұрақты тұрып­ты. Оған да сол заманның дәс­түрлі айыбымен үкім шығып, 1939 жылғы 25 ақ­панда аты­лып­ты. Ал тағы бір қандасымыз – Абай Қасымов 1896 жылы Батыс Қытайда дү­ниеге келген. Білімі жоғары, Моңғолияның ха­лық-револю­ция­лық партиясының мүшесі болған. Ол Қытай­дың Баркөл провинциясы губер­наторының көмекшісі қызметін атқарған, бірақ 1938 жылғы 25 шілдеде тұтқындалып, «тың­шылық жасады» деген айыппен 1939 жылы атылған. Аталмыш қаралы қабірдің 14-інші колум­барийінің үшінші қатарында Ескендір Тұрар­ұлы Рысқұловтың (24.11.1920 – 3.10.1940) сүйе­гі­нің күлі тұр. Әкесі ұсталған соң, отбасына түскен төтенше ауыртпалықты Ескендір де ба­сы­нан өткерген. Баспасөзде жазылып жүргенін­дей, ол он жеті жасында «халық жауының» баласы ретінде қуғын-сүргінге ұшырайды, Ақ теңіз маңы­на, Онега лагеріне жер аударылады. Сонда жүріп айықпас дертке ұшырайды. Сол себепті 1939 жылы айдаудан босап, Мәскеуге келеді. Бірақ Тұрардың жалғыз ұлы Ескендір (Александр, Шура, Шурик) бостандықта ұзақ жүре алмайды, жасы жиырмаға жетер-жетпесте ауыр науқастан қайтыс болады. «Дон» зиратының меңгерушісі Анатолий Трифоновтың жәрдемімен қо­лы­мызға тиген анықтамада 20 жасар «Ры­с­кулов Александр Ту­рановичтің» өлігі 1940 жылы өр­тел­гені, ал күл салынған қабырғадағы қуыс текшені пайда­лануға құқығы бар адам – Колосовская деп көр­сетілген екен. Анықтама­да «Ескен­дір­дің» – «Александр», «Турарович­тің» – «Туранович» деп бұрмаланғанын айтпа­ған­да, колумбарий сөресіндегі күл салынған қуыстың бет тақтасына «Шура Рыскулов» деп жазылғаны тағы бар. 1963 жылы Ескендірдің сүйегінің күлі тұрған қуысқа және бір азамат жерленіпті. Бұл туралы крематорий кеңсесіне жазған өтінішінде азаматша Варвара Колосовская 1940 жылы немересі Рысқұлов Шурик жерленген қуыс текшеге күйеуі Иван Чижиковтің күлін қоюға рұқсат сұрапты. Өмір кезеңдерінде Тұрар атамызбен бай­ла­нысты болған әйел заты ішінен Наталья Алексеевна Колосовская деген есім де баспасөз бетінен әредік көрініп қалып жүретін. Тұрардың бұл әйелмен ресми түрде үйленгені туралы нақты дерек кездеспесе де, кейінгі тағдыры белгісіз осы Наталья Колосовская оның Майя деген қызының және Ескендір есімді ұлының туған анасы деп ай­тылатын. Демек, 1940 жы­лы Рысқұловтың ұлын жерлеу ісімен айналыс­қан Варвара Коло­совс­кая­ны – Ескендірдің нағашы әжесі еді деп айтуға болатын сияқты (Деректерге қарағанда, Майяны Тұрардың бірінші әйелі Надежда Константиновна Пушкарева тәрбиелеп өсірген. «Халық жауының» қызы Майя Рысқұлова 1949 жылы қауіпті эле­мент ретінде 5 жылға соттал­ған. Майя Тұрарқызының біз білетін немересі Владимир Рысқұловтың ай­туын­ша, әжесі қазір Мәскеу маңында тұрады, бірақ ешкімді қабыл­дап, сөйлеспейді екен). Республикалық «Айғақ» газетінің бас редак­торы Дулат Әбіш бастаған шығар­ма­шы­лық топ жақында Мәскеудегі «Дон» зиратына атбасын тіреп, Ескендір Тұрарұлының сүйе­гі­нің күлі қо­йылған қуыс текшенің жанында болды. Төле би ауданының бас имамы А.Тортаев осында жат­қан жалпы қуғын-сүргін құрбандарының, соның ішінде жас кеткен Ескендір Тұрарұлының рухына құран бағышта­ды. Халқымыздың біртуар қайсар ұлы Тұрар Рыс­құловтың ұрпағы Ескендірдің есімін елеусіз қал­дыр­май, оның бір уыс күлі жатқан жерді атажұрты­ның есіне салып, бүгінгі ұрпаққа таныстыру үшін алыстан ат арылтып жеткен Дулат Әбіш бастаған оң­түстікқазақстандық отан­дас­тарымыздың осынау халықшыл ісіне тәңір жарылқасын деген тілек қана жарасса керек. Мәскеуде 1935 жылдың орта шенінде, Варшава тас жолының төртінші шақырымына таяу жерден ату полигоны ұйымдастырылады. Ал­ғаш­қыда бұл шынында да әртүрлі ату қаруларын сынайтын алаң болады, бірақ қуғын-сүргін заманы туған кезде сотталған адамдарды әрі ататын, әрі жерлейтін орын­ға айналады. Осы полигонда сол жылдары күн сайын орта есеппен 100-200 адам атылып тұр­ған екен. Бір ғана 1938 жылғы 28 ақпанда 562 адам атылыпты (1938 жыл­дың ақпан айы – бұрынғы КСРО-ның бар­лық жерінде қызыл қырғынның ең шырқау шегіне жеткен мезгілі. Қазақстанда да дәл осы айда «халық жаулары» өте көп атылғаны мәлім). Бутово полигонында көп жылдар бойы арнаулы қыз­мет органының саяжайлары болған, соған сәйкес бұл қоршалған жерлерге, адам сүйегі жат­қан алаңқайға ешкім жіберілмеген әрі 1995 жыл­ға дейін тұтас аумақ күзетіліп келген. Қу­ғын-сүргін құрбандары жатқан «Бутово» зиратының сыры, міне, соңғы он-он бес жылдан бері ғана белгілі бола бастады. Онда жерленген адам­дардың аты-жөні әлі де анықталып, нақтылану үстінде. Отыз жетінің жаппай қанды қасабы бас­тал­ғанша, соған дейін жалған саяси айыппен ұс­та­лып, атылғандар негізінен Мәскеудің Ваганьков зиратына жерленіп келген. Оты­зын­шы жы­лы осындай жазаға ұшыраған қазақтың төрт бала­сы­ның сүйегі қазір Ваганьков зиратында жат­қа­нын құжаттар да айғақтайды. Бұлардың үшеуі – 1928-1929 жылдары «контреволюциялық ұйымға мүше болғаны және кеңеске қарсы үгіт жүргіз­гені үшін» деген ортақ айыппен тұтқындалып, 1930 жылғы 21 сәуірде атылған Жүсіпбек Ай­мауытов, Ахметсапа Жүсіпов және Дінмұхамед Әділов. Құжаттарда Аймауытов Жүсіпбектің 1895 жылы Семей губерниясы Қызылтау болысы Павлодар уезінің бірінші ауылында туғаны, орта білімді, партияда жоқ қазақ екені жазыл­ған. Шым­кент педагогика техникумының оқы­ту­шысы бо­лып істеген Жүсіпбек ол кезде осы қалада Пушкин көшесіндегі 5-інші үйде тұ­рып­ты. Жүсіп­бек­тің ұлы Бектұр да 37-нің отына шалынды. Ақпарат көздері 1916 жылы Семей қаласында туған Виктор Юрьевич (Бектұр Жүсіпбекұлы) Аймауытов­тың 1937 жылғы 29 желтоқсанда Татарстандағы НКВД үштігінің шешімімен он жылға бас бостандығынан айырылғаны жөніндегі деректі алға тартады. Ал Ахметсапа Жүсіповтің (құжаттарда – Юсупов Ахмет Сафа) 1895 жылы Қостанай облы­сы­ның Бетпаққара ауданында туғаны, партияда жоқ, білімі төмен, «Еңбекші қазақ» газетінің қыз­мет­шісі екендігі жазылған. Ол 1929 жылы 29 қаң­тар­да ұсталған кезде Қы­зыл­орда қаласы Сельверстов көшесіндегі 28-інші үйде тұрған екен (Басқа бір жария­ланымда Ахмет­сапаны 1931 жылғы 18 қаң­тар­да Қазақстанның ОГПУ-ы 10 жылға сот­та­ғаны жөнінде айты­лыпты). 1900 жылы Сырдария округінде (бір жа­рия­ланымда – Жамбыл облысының Шу аймағында) дү­ниеге келген, орта білімді, партияда жоқ Дін­мұ­ха­мед Әділев 1928 жылғы желтоқсан айында тұт­қындалғанда Қызылордадағы ұлттық театр­дың директоры болып істейтін еді (бұрынғы баспасөз материалдарынан оның есімінің «Дінше» деп қысқартылып жазылатыны кездеседі). Дінмұха­мед­тің (Діншенің) ұсталған кезде көр­сетілген мекенжайы – Сырдария округі Сарысу ауданының 3-ші ауылы екен. Бірге ажал құшқан төртеудің бірі – Әбдірах­ман Байділдин. Ол 1929 жылғы 5 шілдеде «ке­ңес­ке қарсы үгіт жүргізгені үшін» деген айыппен тұтқындалған. Орта білімді, БКП(б) мүшесі, Қазақ мемлекеттік университетінде ғылыми қызметкер болып істеп жүрген көпшілікке таны­мал қаламгер Әбдірахман Байділдин (жиыр­ма­сыншы жылдары «Еңбекші қазаққа» ізашар бол­ған мерзімдік басылымдарға жетекшілік жаса­ған) 1897 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Совет ауданында дүниеге келген, Алматы қала­сының Іле көшесіндегі 6-шы үйде тұрған. 1928 жылы – 440 адамды, 1929 жылы – 1383, ал 1930 жылы 1229 адамды ату жазасына кескен Бас саяси басқарма (ГПУ) алқасының 1934 жылы НКВД құрылғанға дейін елдің басқа өңірлерінде тұтқындалғандарды Мәскеуге этап­пен алдырғанын өткен заманның кейбір жария­ланымдарынан кездестіруге болады. Жүсіпбек, Ахметсапа, Дінмұха­мед және Әбдірахман төр­теуіне үкім шығарған ГПУ алқасы, демек бұлардың Мәскеуде атылуы­ның сыры осында болса керек. Алпыс жылдан бері Мәскеуде тұратын ардагер ақсақал Қайдар Құмарбекұлы сексенінші жылдары Ваганьков қорымынан Ғани Мұрат­баевтың зиратын іздеп жүргенде Аймауытовқа ұқсас бір фамилияны көзі шалып қалғанын есіне алған-ды. Әрине, ол заман Жүсіпбек Аймауытов­ты елдегі ағайынның өзі де жете біліңкіремейтін кез, сондықтан Қайдар ақсақал текше тастағы жазуды қазақтың баласының аты-жөні екен деп қана есінде сақтаған тәрізді. Орайы келген соң айта кетейік, кезінде Ваганьков зиратында қазақтың Ғани Мұратбаев сынды бір боздағы­ның сүйегі жатқаны туралы хабарды кейінгі жастарға жеткізіп, оларды сонда бастап апарған осы кісі еді. Содан бері жыл сайын туған күнінде Ғани зиратына тағзым етіп, рухына арнап құран оқыту мәскеулік қазақтардың қалыптасқан дәс­түріне айналды, тіпті Ғани зиратының шырақ­шы­сы іспетті, оған ұдайы күтім жасап тұратын қазақ отбасылары бар. Жазықсыз жазалы болған бұл адамдардың, әсіресе Жүсіпбек Аймауытов сынды классик жазушының, соңына салиқалы сөз мұрасын қалдырған даңқты қаламгердің, кеңестік заңнан кеселін тапқан қайран азаматтың жамбасы тиген жер, оның бөгде елдің топырағы астындағы сү­йе­гі һәм ойда жоқта осындай тағдырдың тәл­ке­гіне тап болған өзге де арыстарымыз жалпы ел-жұрты тарапынан елеусіз, ескерусіз қалмай­ты­нын келешекке жүгініп қана елестете аламыз. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.