28 Желтоқсан, 2011

Қыдыр қонған киелі өңір

1665 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Астанадағы «Фолиант» баспасынан белгілі журналист Ақайдар Ысы­м­ұлы­ның «Шиелі» атты кітабы жарық көрді. «Менің – Қазақстаным» сериясымен шыққан  бұл еңбек осыған дейін аталмыш баспадан өмірге жолдама алған «Ұлы­тау», «Ойыл», «Отырар», «Қазығұрт», «Алтай» жинақтары секілді түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, полиграфиялық жағынан әдемі көркемделген. Төменде біз «Шиелі» кітабының беташар – алғысөзі болып табылатын академик Досмұхамед Кішібековтің мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Әркімнің туған жері өзіне жәннат. Десек те, Сыр бойында Шиеліге тең келер жер жоқ дер едім. Қашанда бұл сулы, нұрлы, егіні бітік, байлығы мол, тұрмысқа қолайлы, бау-бақшалы жер. Патша өкі­меті «басыбайлылықты» жойғанда жерсіз, күн­көріссіз қалған шаруаларды қазақ даласына қоныс­тан­дырғанда таңдаған жерлерінің бірі Шиелі бол­ға­ны тегін емес. Келімсектер Шиеліде екі үлкен қо­ныс тұрғызды, аттарын «Свобода» (Ресейде басы­бай­лы болған қарашекпен қазақ жерінде өзін еркін сезінген ғой) және «Хохляцкая» (кейін «Первомайская» болып өзгерді) қойып алды. Жөлек қонысы да дәл осындай поселкеге айналды. Ол Шиелінің ескі елді мекені. Мен Шиелінің тумасы болған­дық­тан, оның көп өзгеріс, ерекшелігіне куәгермін. Солардың кейбіреулеріне ғана тоқталайын.

Шиелі ең әуелі әулиелі жер деп аталған. Өйт­кені ежелден бұл аймақта қалың жабайы шие өскен. Оның тарихи аты осыдан. Халық ұғымында шие өс­кен жер әулиелі саналған. Шиеліде Қорқыт ата кі­та­бында айтылатын тарихы мың жарым жылдан кем емес «Оқшы ата» қорымы бар. Осы қорымда Есабыз әулие де жатыр. Қорымда «Асан ата» ескерткіш қабі­рі де бар. Кейбір авторлар оны атақты Асан қайғы қа­бірі дейді. Бірақ әлі нақтылы дәлелденбеген. Дегенмен, қазақ даласын аралап, «Жерұйық» іздеген Асан қайғы Сыр бойына келген болса, бұл жерді көрмеуі мүм­кін емес. Сондай-ақ Шиелінің Қаратау бетінде әзір­­­ге зерттелмеген, аңызы мол «Бестам» атты «Су­нақ ата» сияқты қала орны бар. Оны халық кезінде хан ор­да­сы болған дейді. Бұл жерді бұрын ешқашан су бас­па­ған. Халқы малмен қатар егін еккен, аштыққа ұшы­ра­­маған. Мұны да ел әулие шарапатымен бай­ланыстырады.

Екіншіден, Шиелі Орынбор мен Тәшкен ара­лы­ғын­да Сыр бойында орналасқан әйгілі сауда ор­та­лы­­ғы болған еді. Мұнда екі базар жұмыс жүргізді. Бірі – мал базары, екіншісі – мүлік базары. Тұтыну бұйым­дарын сау­да адамдары алыс-жақын жерлерден жеткізіп жүр­ді, қызу алыс-беріс өмір болды. Саудагер­лер­дің ішінде Орынбордан, Тәшкеннен, Иран, Ауған жер­лерінен келгендер кездесетін. Тіпті алыстағы Қы­тай­дан аяғы кішкентай әйелдерімен келіп, қағаздан түрлі гүлдер, ойын­шықтар жасап са­татын қытай­лық­тарды да бала кезімде көзім көрді. Олардың гүлдерін қазақтар қырқыншы жыл­дар­ға дейін әсемдікке үйін­де сақтайтын. Түрлі са­мауыр, кесе-шәйнек, құрма, өрік-мейіз, жібек, мақ­та мата бұйымдары, жайна­маз­дық иран кілемшелері, кілемдері базарда сыймайтын. Мал базарына есепсіз түйе, жылқы, қой, ешкі түсіп, өтіп жататын. Қызу сауда қашанда дамыған өмір көр­сеткішіне жа­та­тыны белгілі. Базарға сондай-ақ біреулер әңгі­ме құруға, суретке түсуге келсе, енді біреулер серуендеп келеді екен. Сөй­тіп, Шиелі базары тек сауда орны ғана емес, сонымен қатар кезінде мәдениет ошағы да болған-ды. Мұнда «ат ойын» (цирк солай ата­латын, клоунды «май­рам­паз» дейтін), биік тар­тыл­ған арқанмен жүретін ойын «дар» (орысшасы «канатоходцы»), сондай-ақ «палуандар күресі», «ай­тыс», «көзбайлау» (фокус көрсету) ойындары бәрі сол базарда қызып жататын. Ел көп жина­ла­тын, билет сату жоқ, әркім ақша тастайтын.

Үшіншіден, сауда дамыған жерде ел көп, ұлт ара­ластығы мол болады. Шиелінің негізгі халқы қазақ­тар, сондай-ақ татарлар, өзбектер еді. Кейін оларға орыстар қосылды. Келімсектер қазақ тілін білмейді, қазақтар орыс тілінде сөйлесе алмайтын, бірақ түсіну керек болды. Сондықтан орыстар қа­зақ тілін тез үйреніп, судай меңгергені сонша, тіпті мақалдап сөй­лей­тін. Менің бала кезімде қазақ­ша машық сөй­ле­мей­тін бірде-бір орыс жоқ еді. Кейін корейлер, одан соң соғыс жылдарында еврейлер, чешендер, ингуштар, түріктер қоныстанды. Бауырмалды қазақ халқы барлығымен тату өмір сүрді. Бірен-саран жоғалған малын басқадан көрмеді, ұлт араздығы дегенді ешкім естіген емес. Сірә, оның бір себебі – қазақтың кең қолтықтығы және молшылықтан болса керек.

Сауда базары демекші, Орынбор – Тәшкен темір жо­лына дейін де Шиеліде жол бекеті болған. Шиелі по­селкесі мен бекет арасы төрт шақырым дейтін. Ор­та­сын құм бөлетін. Қазір ол құм жоқ. Кезінде ол құм «Тұзақ­шы» деп аталатын. Өйткені жол бекеті мен сауда базары бар поселке арасында пәуеске жүретін. Жүр­­гізушіні арбакеш дейді. Сол құмды баукеспелер жай­лай­тын бол­ған бір кездерде. Олар пәуескеде бара жат­­қан бай саудагерлерге арқан лақтырып, тұзаққа тү­сі­ріп тонайды екен. «Тұзақшы құм» деген ат содан қалған.

Тағы бір жәйт. Бала кезімде орыстар айтатын бір өлең есімде қалыпты:

«Базар большой, полно здесь народу,

Русская барышня идет, давай, дорогу». Мұны ай­та­тындар Ресейдің кешегі қарашекпенді «басы­бай­лы­лары­ның» ұрпағы еді. Бұл не сонда, үстемдік пе, әл­де базар­дағы қуақылық па, сірә, екеуі де бар шығар-ау.

Татарлар сырнаймен айтатын бір өлең де есімде:

«Жүгіріп атқа мінген шақта көрінә Қазан қаласы

Танымасаң танысайық, біз Шиелі баласы».

Төртіншіден, ауыл шаруашылығы жағынан Шиелі қашанда өнімді мол берген жер. Бақша, егіс өнімі, мал шаруашылығы жоғары болатын. Халқы не­гізінен отырықшы. Шиелі поселкесін су жүретін бір­неше арық кесіп өтетін. Оларды «Тарақты», «Шегір», «Байсары», «Орыс», «Найман», «Арғын» арықтары деп атайтын. Шаруашылық суармалы. 1940 жылы республикалық құрылыс атанған «Шие­лі каналы» қазылып, ауданның егіс көлемі, әсіресе, ертеден келе жатқан күріш егісі ұлғайды, жаңа тың аймақ игерілді. Жазушы Сәбит Мұқанов осы канал негізінде «Сырдария» романын жазды.

1938 жылы Қиыр Шығыстан көшіп келген корейлерден жергілікті халық көп нәрсе үйренді. Мәселен, күрішті егу, баптап өсіру технологиясы бо­йын­ша әрбір күріш егілген алқаптағы атыздар жеке адам­дар­ға бөліп берілді, оның суын ауыстыру, арам шөптен тазарту, т.б. барлық жұмысы жалпылай емес, нақты жеке бір адамға жүктелді, іскерлік пен жауапкершілік күшейтілді. Сол тәртіппен ауданда алғаш Социалистік Еңбек Ері атағын корей Ким Ман Сам алды. Кейін сол технологияны меңгерген диқан Ыбы­рай Жақаев ең жоғары өнім көрсеткішіне тұрақ­ты жететін болғаны үшін екі рет Социалистік Еңбек Ері атанып, ауданның беделін Одаққа көтерді. Ыбы­рай Жақаевтың бастауы­мен үлкен қозғалыс жүріп, об­лыста жақаевшылар көбейді. Ауданның өзінен қы­рық­қа жуық еңбеккер диқан Социалистік Еңбек Ері болды. Ыбекең «Дала академигі» деп құрметтелді.

Әдетте, күріш еккен жер тез тозады. Сондықтан шие­ліліктер ерте замандардан ауыспалы егіс егуді қол­дан­ған, әсіресе жоңышқамен ауыстырып отыру­ды. Шиеліліктер оны «жоңырышқа» деп сөйлейді. Бала кезімде көруші едім, базарға күнде арба-арба жас жоңырышқа әке­ліп сататын. Жоңырышқа егілген жер мықты тыңа­йып, мол өнім береді. Ол кейбір химиялық тыңайт­қыш­тардан пайдалы, таза әрі сапалы өнім береді. Тек бұл дағдылы әдіске Н. С. Хрущев қарсы болып, орасан зиян келтірді. Бірақ ол заман өтті. Енді халқы шаруашылығы жаңа техно­логияны және қалыптасқан әдісті қатар қол­дануда. Жер иесі өзіміз, баптау, құнарландыру еркімізде.

Бесіншіден, Шиелі мәдениеті жоғары аудан. Оның бір дәлелі – түрлі халықтың мекені болып, тату өмір сүруі, бірінен бірі үйренуі. «Сыр елі – жыр елі» дейді. Бұл сөз осы ауданға өте тән. «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын қазақ халқы­ның азаттық ұранына айналған, жоңғар шапқын­шы­лығына қарсы ашынды патриоттық өлең мен ән осы Шиелі жерінде туындаған. Авторы – Қожаберген жырау. Шиеліге келіп жау тоқтады, жұлыны үзілді.

Шиеліде ақын-жыраулар көп болды. Солардың аса дарынды өкілі – Нартай Бекежанов еді. Қазақстан ақын-жырауларының бірінші жиынын, 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігін сыр­наймен арнау айтып ашқан «күміс таңдай» атанған Нартай болатын. Нартай суырып салма ақын әрі сазгер, дауы­сы керемет орындаушы болған-ды. Соғыстың ауыр жылдарында концерт ұйымдастырып, елдің көңілін көтер­ді. Атақты Иманжүсіп те өмірінің бірсыпыра бөлігін осы Шиеліде өткізген. Әндері әлі ел аузында.

Шиеліден шыққан қоғам қайраткерлері де аз бол­ма­ған. Солардың ішінде Мұстафа Шоқайдың орны дара бөлек. Ол шетелдерде жүріп бір өзі арыс­тандай ай­бат­тылықпен, жолбарыстай жүрек­тілікпен отаршыл­дық жүйеге қарсы шықты, «Түркістан азат­тығын» әлем­ге көтерді, үлкен қоғамдық қоз­ғалыс тудырды. Оның патриоттық дауысы көп елге жетті. Германия, Англия, Франция, АҚШ елдерінде оның бастауын қолдаған қайраткерлер, ғалымдар шықты. «Азаттық» радиосы Мұстафа жолымен дамыды. Мұстафа ғажап тұлға, бір өзі бүтін әлем. Біз оны әлі жеткізе айта алмай келеміз. Ол бүкіл Түркістан халқының теңдесі жоқ мақтанышы.

Шиеліден ірі ғалымдар, әдебиет өкілдері де шық­ты. Солардың ішінде Қазақстан Ғылым акаде­мия­сының президенті болып сайланған, Одақтың Лениндік, Қазақ­станның Мемлекеттік сыйлықтарын алған Шахмардан Есеновтің орны ерекше. Бұл жерден сондай-ақ ақын-жазушылар Қалмақан Әбд­і­қадыров, Әбділда Тәжібаев, Оразбек Сәрсенбаев, фи­л­ология ғылымдарының док­тор­лары – профессор Әуелбек Қоңыратбаев, академик Мұхаметжан Қаратаев, академик математик Асқар Жұмаділдаев, басқа да көптеген ғалым, ақын-жазушы, өнер адамдары шықты. Әлі де ашылатын, келешегі зор таланттар өсіп-өне беретін құнарлы өңір. Шиелі қыдыр дарыған киелі жер дейтініміз осыдан.

Шиеліге барып жүргенде байқағаным, ел заман та­­лабына бейімделген, еңсе көтерген, тұрмысы тү­зелген, шаруашылық жолға қойылған. Халық қа­шан да сыншы. 2008 жылдың басынан аудан тізгінін қолына ал­ған әкім жас азамат Нұрлыбек Машбекұлы Нәлі­баев­тың қайраткерлігіне елдің ризашылығын естисің. Іс басында жүрген адамдарды жұмыл­дырып, талай тірлік тындырып келе жатқаны көзге көрініп-ақ тұр. Ау­дан­ның кейінгі жылдардағы жетістігі осы кітаптың «Шыр­қай бер, шырайлы Шиелі!» тарауында жан-жақты айтылатындықтан, оған тоқталып жатпай­мын. Табыстарың тасып, абыройға кенеле беріңдер, ел қамын жеген ерлер деген бата тілігімді білдіремін.

Шиелі туралы естелік аз емес. Олар өмірдің белгілі бір кезеңдерін қамтумен шектеліп, жекелеген тұлғалардың өмірбаяны тұрғысынан баяндалып келген еді. Ал мына кітапта көне дәуірден бүгінгі заманға дейінгі Шиелі тарихы Қазақстан тарихымен, қоғамның дамуы дара тұлғалардың өмірімен тығыз байланыста қамтылыпты. Бұл еңбек өлкетануға қосылған сүбелі үлес деп бағалауға әбден лайық.

Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик.

АЛМАТЫ.