Нақтырақ айтсақ, аймақ басшысының аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесуінде сөз болды.
Аудандық мәслихат депутаты Лариса Гречушникова 27 тамызда Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовке жергілікті қауымдастық өкілдері ауданды дамыту және қала мен аудан атын өзгерту жөнінде ұсыныс жібергенін айтады. «Бұл ұсынысты депутаттар корпусы қолдап отыр. Қазір кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық пікірлер зерттелуде, 28 қыркүйекте «Горняк» мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтеді», - дейді ол.
Депутаттар жаңа атау ауданның жаңа брендін қалыптастырып, инвестиция тартуға, экономиканы дамытуға тың серпін беретініне сенімді. «Бородино» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бөкежанов Зырян ауданының табиғаты тамаша болғанымен, әзірге туризмді өркендетуге толық жағдай жасалмай отырғанын, жаңа атау осы саланың аяғынан қаз тұруына септесетінін атап өтті. «Жастар да бұл идеяны құптап отыр. Біз Алтай қаласында, Алтай ауданында тұрғымыз келеді», - дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Майина Лисовцова.
Облыс әкімі Даниал Ахметов кездесуде аудандық депутаттар мен жастардың тарапынан айтылған ұсынысты қолдайтынын жеткізді. «Зырянды Алтай деп атау барлық жанынан да келіп тұр. Зырянның тұрған жері Алтай екені рас. Алтай - сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Сол себепті, біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл - ең алдымен тарихымызға тағзым. Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтық атау. Бұл өңірге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зырян ауданы