28 Желтоқсан, 2011

«ҚазАгроҚаржы» қолдаған жобалар

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі мол. Алайда, қазір қай шаруа­ның да жүзеге асуы қаржыға тірелетіні белгілі. Әсіресе, ауыл шаруашылығында несие алу кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Осындай өзекті мәселені шешуде «ҚазАгро­Қаржы» акционерлік қоғамының алатын орны бөлек. Бұл компания біздің өңірде де бірқатар тиімділігі жоғары жобаларды жү­зеге асыруға қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі де бірегейі – «АЙС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фер­ма­сы. Шыны керек, Кеңес одағының кезінде сүтке тұратын тұрғындардың кезегінің қан­ша­лықты болатынын көзі көргендер білмесе, кейінгі ұрпақтар ұмытқаны даусыз. Бі­рақ та сүт өнімдеріне деген сұраныс әзірге сырттан келетін өнімдермен қамтамасыз етіліп жатқаны сөзсіз. Десек те, бұл мә­се­лені шешуге жаңа қадам жасалуда. Бұған біздің жер асты қазба байлықтарымызға қы­зыққан шетелдік компаниялар емес, отан­дық «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қызығушылық танытып отырғаны қуанта­ды. «АЙС» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің тауарлы-сүт фермасына 1100 са­уын сиыр ұстауына көмек көрсеткен де осы акционерлік қоғам. Бұл жобаның құны 3 млрд. теңгеге жуық қаржы тұрады. Тауар­лы, сүт фермасы батыстың озық техноло­гия­сы­мен жабдықталған. Мұнда жақсы жарақтан­дырылған екі сауын сиыр, екі бұзау қора­ла­ры және сапалы сүт өндеуге қажетті жаб­дықтардың бәрі бар. Тауарлы-сүт ферма­сы­на алғашқы кезекте Венгриядан өнімділігі жоғары 198 қашар әкелінді, одан кейін екінші және үшінші топпен 850 қашар жеткізілді. Қазір бұл қашарлар алғашқы төлдерін беруде. Фермада зоотех­никалық, малдәрі­гер­лік талаптар қатаң сақ­талады. Фермада ұсталатын малдың азық­тану мөлшерін тә­жірибесі де, ғылыми ізденісі де мол шетелдік ғалымның кеңесімен жүзеге асырылады. Сиырларды сауу авто­мат­тан­дырылған жү­йе­мен жүзеге асыры­лады. Әр сауын сиыр­дың қанша, қашан сүт бергені компьютерлік жүйемен қадағаланып отырады. Қазір қа­шар­лардың әрқайсынан күніне 23 литрден сүт сауылады. Бұдан да көп сүт беретін сиырлар бар. Тауарлы-сүт фермасын­дағы әр қашар жылына 4-4,5 мың литр бергенімен, болашақта өнімділігін көбейте­ті­ні­не сөз жоқ. Оларды серіктес­тіктің мал ма­ман­дары арнайы назарда ұстайды. Тауарлы-сүт кешеніндегі жұмыс­тардың барлығы ав­то­маттан­дырылған. Сүт фермасындағы сауын сиыр­лардың қысқы кезеңде азық­та­нуы үшін 3000 тонна сүрлем, 4000 тонна пішендеме дайындалып алын­ған. Жемдік ас­тық толты­рылуы да ойласты­рылған. Бұған қосымша жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алынған пішен де бар. Ферма қысты жақсы өткізуде. Алынған бұзаулар арнайы торларда ұсталып, кезең-кезеңімен бағылу­да. Серіктестік алынған төлдердің тайын­ша­ларын семірту алаңын салуды да ой­ластыруда. Қалдықсыз технологиямен жұ­мыс істейтін шаруашылықтар сирек. Бұл серіктестік болса, болашақта малдың сүті мен қиына дейін кәдеге жаратуды жоспарлауда. Серіктестік алдағы кезде суармалы жерлерге мал азы­ғындық дақылдарды өсіруді жоспарлап отыр. Тауар­лы-сүт фермасы мал азығын суар­малы жерге орналастырудың да мүм­кін­дігін қарас­тыруда. Өңірдегі екінші бір өркенді жобаны жүзеге асырған «Париж Коммунасы» ЖШС директоры Гайк Тертерян «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан 2 миллиард теңгеге жуық несие алуға қол жеткізіпті. Кешен құрылысын салуға Бестамақтағы бұрынғы құс фабрикасы тұрған жер бөлінген. Алды­мен 40 мың шошқа бағылатын мал шаруа­шылығы кешені құрылысының жобасы жа­салды. «РІС» трансұлттық компаниясынан алғашқыда 1400 мегежін әкелінген, қазір оған өздерінің 1800 мегежінін қосқан. Жал­пы жылына 40 мың шошқа ұсталады. Бас­тапқыда жылына 2,5 мың тонна шошқа етін өндіретін кәсіпорын биыл оны 3,5 мың тоннаға жеткізді. Осыншама шошқа етінің 90 пайызы Ресейге өткізіледі. Өнімді өздері келіп алып кетеді, сұраныс өте жоғары. Кешен құрамында ауысымына 150 шошқа сою цехы, сағатына 10 тонна құрама жем тар­татын цех, малдәрігерлік зертхана жұмыс істейді. Жалпы мұндағы сою цехы еліміздегі бірегей кәсіпорын болып табылады. – Жалпы елімізде кәсіпкерлікті дамы­ту­ға барлық қолайлы жағдай жасалған. Әкім­дік те, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоға­мы да шаруаның жүруіне мүдделілік таны­тып, елдік мәселе ретінде қарады. Эконо­микамыздың ілгерілеуіне осындай қолдауды сезіну жаңа биіктерге ұмтылдыратыны сөзсіз, – дейді «Париж Коммунасы» ЖШС директоры Гайк Тертерян. Бұған дейін жемдік азықты сатып алып келген серіктестік 6 мың гектар жер жыр­тып, алдағы жылы астық өсіруге әзірлеп қойды. Алдағы уақытта сорго өсіруді қолға алмақшы. Серіктестікте 250-дей адам еңбек етеді, мал шаруашылығы кешенінде 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшы­лар­дың барлығы жергілікті тұрғындар, оларды Ақтөбе, Алға қалаларынан және Тамды, Бестамақ кенттерінен 5-6 автобуспен та­сы­малдап жеткізеді. Серіктестік алдағы жыл­дан бастап «ҚазАгроҚаржыдан» алған несиесін қайтара бастайды. – Бұдан басқа «Izet Greenhous» жылы­жайына және басқа жобаларға қолдау көр­сет­тік. Бұл жұмыс алда да жалғасын таба­ды. Біз ауылды дамытуға қолдау көрсетуде өзара тиімділікке қол жеткізіп келеміз. Акционерлік қоғам ұсынатын қызметтердің ша­руа­шы­лығын жүргізуге талапты адам­дар­ға қолайлы екені сөзсіз. Қазір бізбен әріп­­тес болуға ынталы ауыл шаруашы­лы­ғ­ы құ­рылымдары көбейді, – дейді «Қаз­Агро­Қаржы» АҚ Ақтөбе об­лыс­тық филиа­лының директоры Қорған Нұртазин. Шыны керек, бұл компания ел да­му­ы­ның қарқынына екпін қосып келеді, атына заты сай дегенді осындайда айтса керек. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.