Кино • 21 Қыркүйек, 2018

Бүркітші қыз Айшолпан түскен «Көшпенділер» фильмі көрерменін қуантады

195 реткөрсетілді

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында «Қазақстан» РТРК АҚ тапсырысы бойынша түсірілген «Көшпенділер» деректі фильмінің премьерасына орай брифинг өтті.

Шараға «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте Ермаханұлы және Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын есімі әлемге мәшһүр қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы мен анасы Алмагүл Көксеген қатысты.

Айшолпан Нұрғайыпқызы «Қазақстан» телеарнасының тапсырысымен жарыққа шығатын «Көшпенділер» деректі фильмінің бірінші бөліміне түскен болатын. Қыз баласына таңсықтау осы бір қызықты кәсіпті серік еткен арудың әдемі машығы әлем назарын өзіне бұған дейін де бірнеше мәрте  аудартқан еді. Атап айтар болсақ, алғаш рет 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымы «Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі - құсбегілік өнерді игерген он үш жасар жалғыз қыз» атты мақала жариялап, жаһан назарын қазақ аруы Айшолпан Нұрғайыпқызына аудартса, 2016 жылы түсірілген «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) атты режиссер Отто Беллдің деректі фильмі де бойжеткен есімін әлемге танымал етті. Бүгін, міне,  әр елде тұратын қазақтардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіндегі ерекшеліктерімен таныстырып, ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеуді мақсат тұтқан отандық «Көшпенділер» фильмі арқылы Айшолпан өнері енді туған халқымен қауышқалы отыр.

«Көшпенділер» деректі фильмінің негізгі мақсаты кезінде шетелге қоныс аударып, сол жақтарда тұрақтап қалған қандастарымыздың өмірі мен тұрмыс-салтын көпшілікке көрсету. Деректі фильмдер топтамасы 12 бөлімнен тұрады. Осы жобаны жүзеге асырған отандасымыз, белгілі режиссер Қанат Бейсекеев. Фильм Моңғолия, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран және т.б елдерді мекен еткен қазақтардың тағдыры жайлы баяндайды. Яғни, әр елде тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, ерекшеліктері көрсетіледі. «Көшпенділер» деректі фильмдер топтамасы Ұлттық арнадан 14 қазаннан бастап 23 желтоқсанға дейін эфирге шығатын болады. Сол фильмдердің алғашқысының кейіпкері ортамызда отырған Моңғолияда тұратын қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызы Қазақстанға бірінші рет келіп отыр»  – деді Ерлан Қарин.

Фильмнің кейіпкерлері кадрдан тыс мәтінсіз, бастарынан өткерген оқиғаларын, ата-бабаларының тарихын баяндайтын болады. Алғашқы фильмде Моңғолияда тұратын бауырларымыз атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрлерді сөз етеді. Атамекеннен жырақта жүрген қандастарымыздың шынайы өмірі кез келген көрерменнің қызығушылығын оятары сөзсіз.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Акварель әлемі

Руханият • Кеше

«Хат қоржын» (21.05.2019)

Қазақстан • Кеше

Дайындық қыза түсті

Аймақтар • Кеше

Ене мен келін

Қоғам • Кеше

Тәңірдің түркіге тартуы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар