28 Желтоқсан, 2011

Партиялардың иықтысы, халыққа сүйіктісі қайсы?

405 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда мемлекеттік және тәуелсіз талдау құры­лым­дарының жетекші сарапшыларының қатысуымен «Қазақ­стан­ның саяси партиялары: сайлауға арналған күн тәртібі» атты дөң­ге­лек үстел өтті. БАҚ және Алматы қаласындағы алдыңғы қа­тар­лы жоғары оқу орындары өкілдері қатысқан жиында сарап­шы­лар сөз алып, сайлау додасындағы саяси партиялардың әрекетіне бағасын берді. Қазақстан Президентінің жа­нын­дағы Стратегиялық зерттеулер институтында өткен дөңгелек үс­тел­дің жұмысы мен маңыздылығы алдағы парламенттік сайлаумен байланысты болды. Соңғы уақытта еліміздің пар­тия­лық-саяси кеңістігінде белсенділік байқалып, парламенттік сай­лау­ға дайындық жүріп жатқаны бел­гілі. Жаңа тұлғалар, саяси партиялар және қоғамдық-саяси бірлестіктер халық арасында өздерін танытып, көзге ілігу шараларын жүзеге асыруда. Қоғамда орын алып отырған жағдай, жаңа идеологемалардың ту­ындауы саяси партиялардың ха­лықпен бұрынғыдан да жақын жұ­мыс істеуін және қоғамның ма­ңыз­ды мәселелерін шешуді талап етіп отыр. Заманның жаңа талаптары мен қауіп-қатерлері оларға тиісті жауап қайтара алатын, сапалық тұр­ғыдан алғанда, жаңа парла­мент­тің қалыптасу қажеттілігін меңзейді. Ата Заңымызға 2007 жылы енгізілген толықтыруларға сәйкес, бірпартиялық Парламенттің қалып­тасуы алынып тасталды. Сайлау қо­рытындысы бойынша екінші орынға іліккен партия Парламенттегі өкілеттілікке қол жеткізеді. Бұл заң шығарушы органның икемді әрі мәселе шешімін іздеуде шап­шаң болуын қамтамасыз етеді. Осы­ған орай әрбір саяси партияның жеңіске жету ықтималдылығын зерттеу маңызды. Өйткені, алдағы сайлаудың қызығушылық тудыра алатын тұстарының бірі – қай партия екінші орынға қол жеткізетіндігінде болып тұр. Сонымен сарапшылар не дейді? Олардың айтуынша, саяси партиялар сайлаушылардан қолдау табу үшін сайлау науқанында ғана емес, барлық уақытта қарқынды жұ­мыс жүргізуі керек. Мәселен, Қазақстан гуманитарлық саяси конъюнктура орталығының президенті, саяси ғылымдар докторы Есенжол Алияровтың айтуынша, сайлау кезінде ғана халыққа уәдені үйіп-төгетін партиялардың бағдар­ла­малары бір-біріне өте ұқсас. Мә­селені шешудің нақты жолын ұсын­бағандықтан, сайлаушылар­дан қажетті қолдау таба алмауда. Осыған қарамастан, сайлаудан кейін біздің дауысымызды ұрлады деп байбалам салатындар азаймай тұр. Олар қоғамдағы өзінің рөлін көтеру үшін өз бағдарламасын жалпы сипатта емес, нақты көкей­кесті мәселелерге бағыттауы керек. «Халықпен қоян-қолтық ара­ла­сып, оның мұң-мұқтажын біліп, күнделікті шешіліп жатқан мәсе­ле­лерге белсенді араласқан жағдайда саяси ұйымдардың қоғамдағы рөлі мен беделі жоғары болады», – дейді саясаткер. Қарап отырсақ, осы­дан төрт жыл бұрынғы сайлаудан кейінгі кезең де төрт күндей болмай өте шығыпты. Дегенмен, осы аралықта Мәжіліс сайлауына деген сайлаушылардың көңіл-күйі 4 жыл бұрынғы ахуалдан көп өз­гер­меген. Осыған қарамастан, алда өтетін сайлаудың ауаны қандай болмақ? Қазақстан Президенті жанын­да­ғы Стратегиялық зерттеулер инс­ти­тутының директоры Болат Сұл­та­новтың айтуынша, Демократия институты ғылыми-зерттеу қауым­дастығы 23 желтоқсанда Мәжіліс сайлауына қатысты 17-19 желтоқ­санда жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысымен таныстырды. Онда респонденттердің 57,5 пайы­зы міндетті түрде сайлауға қаты­са­тындарын, ал 12,2 пайызы дауыс беруге баруға ықыласты екендерін білдірген. Онда сауалдамаға қаты­су­шылардың 72 пайызы – «Нұр Отанға», 7,1 пайызы – «Ақ жолға», 2,2 пайызы – ЖСДП-ға, 2,1 пайызы – халықтық коммунистерге, 1,8 пайызы – «Әділетке», 1,6 пайызы – «Патриоттар», 1,5 пайызы – «Ауыл», 0,1 пайызы «Руханиятқа» дауыс беретіндерін білдірген. Ал Әлеуметтік-саяси шешімдер институтының зерттеуіне қараған­да, сайлаушылардың 67,2 пайызы сайлауға қатысатынын айтқан. Олар «Нұр Отанға» – 80,5 пайыз, «Ақ жолға» – 7 пайыз, ЖСДП-ға – 2,4 пайыз, халықтық коммунистерге – 2 пайыз, «Әділетке» – 1,1 пай­ыз, «Патриоттарға» – 0,6 пайыз, «Ауылға» – 0,4 пайыз, «Руханият­қа» 0,1 пайыз дауыс бермек. – 2007 жылғы 18 тамыздағы Мәжіліс сайлауында «Нұр Отан» – 88,41 пайыз, «Ақ жол» – 3,9 пайыз, ЖСДП – 4,54 пайыз, халықтық коммунистер – 1,29 пайыз, «Патриоттар» – 0,78 пайыз, «Ауыл» – 1,51 пайыз, «Руханият» 0,37 пайыз дау­ыс алған болатын. Бұл сандар сай­лау­шылардың 4 жыл бұрынғы және қазіргі көңіл-күйін көрсетеді. Енді зерттеу нәтижесін көрген соң дауыс ала алмағандар сайлаушы­лар­ды сайлауға келмеуге шақырып, оған бойкот жариялап, оны бүл­діруге тырысуы мүмкін. Өйткені, бұл партиялардың келешегі жоқ, – дейді тарих ғылымдарының док­то­ры, саясаттанушы Болат Қы­лыш­байұлы. Қалай десек те, ҚСЗИ-дың әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлі­мінің меңгерушісі Нұрлан Сейдін саяси партиялар соңғы 3-4 жылдың көлемінде қалай жұмыс істесе, оған халықтың беретін бағасы, яғни дауысы да тиісінше, сол деңгейден көрінетіндігін айтады. Айнаш ЕСАЛИ.  АЛМАТЫ.