25 Қыркүйек, 2018

Саяхатшылар саны артып келеді

1343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында туристік инфрақұрылымды дамыту жө­нінде кешенді іс-шаралар шоғыры белгіленген. Бұл мақ­сатта жалпы сомасы 5,1 миллиард теңге құрайтын 330 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның басым бағыты инвестициялық жобалардың үлесіне тиеді. Атап айтқанда, өңірде жол бойы сервисі нысандары кеңінен қанат жайып келеді. Бұдан кейінгі кезекте қонақүйлер қызметі мен су паркі және ойын-сауық кешендері туристердің мүдделілігі мен қы­зығушылығын туғызуда. 

Саяхатшылар саны артып келеді

Мәртөк ауданында өз жұмы­сын бастаған «Зәру» пантамен емдеу шипажайына қазірдің өзінде таяу шет елдерден келіп ем алушылар бар. Аталған жобаның іске асырылуы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ішкі және сыртқы туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Шипажай Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген 150-ден аса маралдың мүйізімен емдеу шикізатымен қамтамасыз етілген. Фермада барлығы 30 адам жаңа жұмыс орнымен­ қам­тылған. Жобаның жалпы­ құны 450 миллион теңгені құрай­ды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында республиканың батыс өңірінде ешқандай баламасы жоқ аквапарк ашылды. Сонымен бірге облыс орталығында алдағы 2019 жылы іске қосылатын екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл «IBIS» халықаралық брендімен 2,8 миллиард теңге сомасында белгіленген қонақүй кешені және 4,5 миллиард теңге тұратын «Бектұрова ЖҚ» қонақүй кешені болып отыр. 

Туристік навигацияның көп тілді жүйесінің орныға бастағаны туристік инфрақұрылымның ма­ңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Әйтсе де облыста үш тілде жол белгілері мен ақпараттық стендтер әлі жасақтала қоймағанын да ашық айтқан жөн. Осыған орай биылғы жылы «Қазавтожолмен» облыстық кәсіпкерлік басқар­масы бірлесе отырып, халық­аралық стандартқа сай жетекші туристік нысандарға 24 жол бел­гілерін және үш тілде ақпараттық стендтер орнату ісін қолға алған. 

– Біз туризм саласында қызметкерлерді оқытуға және біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Өткен жылы 20 экскурсоводқа айлық оқыту курсы өткізілді. Қатысушылар бағыттар мен экскурсияларды әзірлеу бойынша негізгі білім мен дағдыларды үйренді. Әрі Ақтөбе қаласында және аудандарда экскурсия жүргізу бойынша тәжірибеден өтті. Даярланған экскурсоводтар өткен жылы «Ақтөбе – құтты мекен», «Ақтөбе инвест-2017» инвестициялық форумына және тағы басқа да экскурсиялар жүргізуге тартылды, – деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова. 

Облыстық туристік кешеннің маңыздың құраушысының бірі туристік өнімді сыртқы және ішкі бағыттарда ілгерілету және насихаттау болып табылады. Осыған орай өңірде бірқатар жобалар мен іс-шараларды іске асыру көзделген. Облыстың туристік порталына интеграцияланған туристік ақпараттық тұғыр-терминал Ақтөбе қаласының әуежайына орнатылды. Аталған туристік-ақпараттық тұғыр туристерге барлық қажетті ақпараттарды жеткізе алады. Оның ішінде маршруттар аймақтың көрікті жерлері, орналасу орындары тамақтану және ойын-сауық нысандары, туристік компаниялар бар. Әрбір көрерменге виртуалды нұсқада нысандармен танысу және қатысу әсерін беретін облыстың киелі географиясының нысандарына 3D турлары жасақталды. Бұл www.visitaktobe.kz сай­тының туристік порталымен біріктірілген. Облыстың креативті жастарын қызықты бейне роликтер түсіру жолы арқылы туристік нысандарға деген қызығушылығын арт­тыруға мүмкіндік беретін өңірдің тұрғындары арасында «Туризмнің ең креативті промо ролигі» бейне байқауын өткізу белгіленді. Аталған байқау аяқталғаннан кейін ең үздік бейне ролик әлеуметтік желілерде орналастырылады. Бүгінгі күн­дері қатысушылардан тиісті өтінім қабылдау ісі жүргізілуде. 

Ақтөбе қаласы бойынша экс­курсиялық автобустарда ба­лалардың таным-көкжиегін дамыту мақсатында туған өлкенің тарихымен таныстыру, сонымен бірге туристік компанияларды облыс тұрғындары мен қонақтарына экскурсияларды ақылы түрде ұйымдастыру үшін тегін туристік экскурсиялар жүргізілуде. Өңірде өткен жылдан бастап жергілікті және республикалық маңызы бар киелі жерлер мен көрнекті орындардың тізімін жасау қолға алынып, сол тізім барған сайын толықтырылып келе жатқаны да өңір туризмі әлеуетінің артуына септігін тигізуде. Атап айтқанда, оның қатары бірінші кезекте кесенелер мен мемориалдық кешендер есебінен арта түсуде. Оған келушілердің тіркелу көр­сеткіші де көңілге қонады. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында аталған нысандарға келушілердің саны 13 000 адамнан асып түсті. Өңірде бұған дейін жасалған талдаулар мен сараптамалар барысы іскерлік туризмнің үлесі алдыңғы кезекке шыққанын айғақтайды. Мұның өзі мәртебелік форумдар мен конференциялар, көрмелер әрі өзге де мәдени және спорттық іс-шаралар арқасында жүзге асырылған. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ