Ауыл • 25 Қыркүйек, 2018

Сөз түбіне үңілсек...

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысы Май ауданын­дағы бұл ауыл ресми құжаттарда «Баскөл» аталғанымен, жергілікті халық «Құрама» дейді. Кеңес Одағы кезінде атағы дүрілдеген «Қызыл Құрама» совхозы болды. Атынан көрініп тұрғандай, советтендіру уақытында қызыл түске құмар болдық қой. Қызыл армия, қызыл галстук, қызыл жалау, қыл аяғы клубтағы жиналыстар өтетін үстелдің жабуы да қызыл материалдан болатын... Сол кеңестік дәуірде туған атауларға Жаңатілек, Комсомол, Молблок (молочный блок), Канал, Паром, Темірзагон, Сегіз Ресейді жатқызуға болады. 

Сөз түбіне үңілсек...

Баскөл, Шөптікөл (Жаңатілек ауылының тұсында), Құркөл, Қазалыкөл, Айнакөл мен қазіргі уақытта тұрып жатқан ауыл­дың аты – Кенжекөл. Яғни, соң­ғы көл. Сонда деймін-ау, бұ­­рынғы бір замандарда ақса­қал,қарасақалдар жиылып, алдарына өлкедегі жер-судың кар­тасын жайып салып, мына көлді былай, ал мына көлді бы­лай атайық деп бәтуаласқан сияқ­ты. Және қалай дәл тауып қойылған! Бұл көлдердің бар­лығы жылма-жыл Ертіс суымен толығып отырады. Қандай құр­ғақ­шылық болса да, сәл-пәл тайыздағанымен, мүлдем құрғап кетпейді. 

– Жаңатілек бұрын Бүркітбай ауылы деп аталыпты, – дейді сол бір бай ұрпағы Тимур Сүлей­менов.Ол 1942 жылы туған екен. Онымен автобуста кез­дейсоқ жолықтық. Ресейде туып, Кенжекөлде тұрып­ты. Бі­рақ арғы аталары Ертістің сол жағалауынан екен. Кәмпеске кезінде қуғынға ұшыраған ғой. Руы – иман. Жаңатілекті былайғы жұрт «Имандар ауылы» дейді. Оны­сы рас. Ауылда тұрғанда оған анық көзім жетті.

Комсомол да жолдың оң жақ қанатын­дағы (қаладан келе жат­қанда) шағын ауыл. Бір кездері отар-отар қой өргізген білдей бір бөлімше болды. Қазіргі қалғаны – соның жұрнағы. 70-ші жылда­ры «қой басын 50 миллионға жеткіземіз» деп шапқыладық. Шұ­бартаулық жастар бастама көтеріп, бүкіл Қазақстан соны қолдап, іліп әкетті. Біздің ауданда ең алғаш құрылған қой өсірушілердің «Жалын» комсомол-жастар бригадасы осы бөлімшеде тұрды. Бри­гада қазір жоқ,бірақ Комсомол деген аты қалды... 

Сол Комсомолдың бауырында Қарағанды деген жер бар. Бұрын онда қара түлкі өсіріпті. Аң фермасы болған. Қазір шаруа қожалығы отыр. Жалпы Құрамада, естуімше, қазіргі уақытта мал бағылмайтын жер жоқтың қасы. Бұрынғы Қошай, Қарапан, Абылай, Тоққожа, Жа­най, Арын, Бурылайғыр, Ах­метащы, Жалғызағаш, Шан­ханай, Шұбар­құнан, Нұ­рыш, Молдабай, Кү­шік­­­­жығылған сияқты шопан нүк­телерінде қой-ешкі, тайынша-торпақ, жылқы ба­ғылады. Қырдағы жер атауларынан аздап қателесуім де мүмкін, өйткені мен Құрамаға келген 1993 жыл құлдыраудың басы еді. 

Құрамада «Наршөккен» деген жер бар. Бұл да баяғы зор байлық­тың нышаны іспеттес атау. Жал­тырдағы «Түйекашар», «Сарыін­ген», «Ботақора» сияқ­ты. Баяғыда ба­ба­ларымыз Ой­сылқара түлігін де ұстаған деген сөзге нақты дәлел.

Осы қатардағы Абылай – Абы­лай хан тоқтап, аял қылған жер екен. Ал Тоққожа – минералды су көзі шыққан жер, бірақ әлі халық игі­лігіне жұмсалмай келеді. Оны игеруге біраз қаржы керек шығар.

Бұл жерде Тоққожа атамыз алғаш картоп егіп, бақша өсір­ген. Биікке бойлаған тал-теректері болатын. 50-жылдар ортасындағы, тың көтеру кезінде шеттен келген орыстар трактормен сүйретіп, ағаштарын құлатып, кесіп, үйлерін жылытыпты, дейді Әрміш (Армия Бөкенов) ақсақал. 

Жер-су атауларының бір парасы кісі аттарымен атал­ған. Қай­молда, Қарабек, Дәрі­бай, Мүсәпір, Баймырза, Ма­ғауия, Дәден, Темір­ше, Бай­назар, Байбақы, Жола­ман, Ай­дабол, Арнаш, Молда­бай, Тая­нышбай, Жәдік, Мал­келді, Абақан, Оспан, Бақы, Тоқ­сары, Қоржынбай, Капикен. «Бая­ғы­да Капитонов деген Ресей армия­сы­ның полковнигі отставкаға шық­қаннан кейін, шамамен 1916 жылы, Жаңатілектің бауырында усадьба салдырып,отбасымен тұра­ды. Жер­гілікті жұрт сол жерді «Капикен» атап кетіпті», дейді Өмір­зақ Балкенов ағамыз. 

Жалпы, Май өңірінде «тү­бек» деген сөз көп кездеседі. Көк­­түбек, Кеңтүбек (бұрынғы «Жал­тыр» совхозының орта­лығы), Қарын­түбек (Саты ауы­лы­­ның тұсын­да), Май­түбек (бұрынғы «Спут­ник» совхо­зы­ның орталығы), Мамыр­түбек (Ең­­­бекші ауылынан төмен қарай). 

Кезінде Жеңіс Марданов аға­мыз­дың «Ауыл аты – Көктөбе емес, Көктүбек!» деген мақаласы да шықты. Бірақ оған құлақ асқан еш­кім болған жоқ. Қалың көп­шілік зорлықпен таңылған «Бело­горье­ден» құтылғанына «тәуба!» десті...

Талды деген жер мен бұрын тұрған Жалтыр ауылында да болды. Тал – суды жақсы көретін, су жағасында ғана өсетін ағаш қой. Әйтпесе, жер ас­ты суы жер бетіне жақын әрі тұщы болуы керек. Ондай болмаса, тал өспейді. Дәл осылай аталатын жер Құрамада да бар. Ауылдан шамамен 25 шақы­рым­дай қашықтықта. Қазір мұнда кішігірім ауыл отыр. 20-дай отба­сы бар. Ауылдағы ең ірі шаруа қожа­лығы да осында.

Ғабит САПАРОВ

Павлодар