Білім • 25 Қыркүйек, 2018

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS рейтингінде тағы да алға жылжыды

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS рейтингінде тағы да алға жылжыды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен әлемнің 200 үздік университеттерінің құрамына ену мақсатында әрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы белсенді жұмыстарды жолға қойған.  Университеттегі оқу бағдарламаларының 90%-ы халықаралық агенттіктердің аккредитациясынан өткен. Ал бірқатар оқу бағдарламалары «EUR-ACE® Label» еуропалық сапа белгісін иеленген. Қос диплом жүйесі бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен 70-тен аса бағдарламаны жүзеге асырып отырған бірден-бір университет. Жыл сайынғы есепті кездесуі барысынеда осындай көрсеткіштермен  бөліскен Ұлттық университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, үздік ЖОО қатарына ілігу еліміз аймақтарының дамуына, экономиканың жетекші салаларын білікті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы деректердің қатарында университет басшысы  ғалымдар ұжымының, оқытушылар құрамы және студенттердің алдында тұрған стратегиялық міндетттер туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану бағытымен мақсатты түрде келе жатқаны аталып өтті. Биыл университет QS халықаралық рейтингісінде тағы да алға жылжып, әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары арасында 220-орынға ие болды. Бұл топқа ТМД елдерінен ҚазҰУ мен Ломоносов атындағы ММУ енген.

Экономиканы жаңғырту және өндіріске мамандарды даярлауға бағытталған 4.0 мемлекеттік даму бағдарламасы аясында осы оқу жылында университетте «Е-коммерция», «Сандық лингвистика», «BIG DATA», «Жасанды интеллект», «Геоинформатика», «Интернет бұйым», «Биоинформатика» және т.б. жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп отыр. Сондай-ақ, АХҚО және Бенхалиф Университетімен (Катар) бірлесе ислам қаржысы және банкинг бойынша бағдарламалар енгізілуде. Ағылшын тілінде 162 мамандық оқытылады.

Университет алдыңғы қатарлы тәжірибелер орталығына, инновация мен нақты өндірістің, ғылым мен білімнің ортақ трансфертіне айналуда. Ірі жоғары технологиялық корпорациялар университеттің зерттеу және білім беру жұмыстарына қарқынды атсалысады. «Hewlett-Packard», «Cisco», «Koniсa Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Alcatel», «Microsoft», «Лаборатория Касперского», «Huawei», «SAP» және т.б. әлемдік компаниялардың 16 ғылыми білім беру орталықтары сәтті жұмыс атқаруда.

Осы кездесуде университет ректоры БАҚ өкілдерінің, оқытушылардың, студенттердің және ата-аналарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстар бойынша арнайы нұсқаулар жасалды.

 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ