28 Желтоқсан, 2011

Әлеуметтік сұраныс ескерілген оқу орнының шоқтығы биік

790 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Сананы тұрмыс билейді деген бел­гілі ойшылдың ойға қонымды сөзі еске түседі осындайда. Рас сөз. Өзінің әлеуметтік-тұрмыстық жай-кү­йіне алаңдамаған адам ғана өнім­ді еңбек етіп, өзі өмір сүріп отырған қо­ғамға пайдасын тигізе ала­ды. Осы қа­ғи­даны тұтас бір ұжы­мға қатысты қарастырсақ, оның пайдасы тіптен жоғары болмақ. Бұл арада басты мә­се­ле тек қаражатқа ғана емес, ең ал­ды­мен, елдегі кез келген ұжым бас­шы­сының әлеу­мет­тің жай-күйін бар­лай білетін сұң­ғыла, сергек те сезімтал қа­сие­ті­не байланысты десек, шын­­­дық­тан алшақ кетпейтін шығармыз. Жәңгір хан атындағы Ба­тыс Қа­зақстан аграрлық-техни­ка­лық уни­вер­ситетінің ректоры Қа­зы­бай Бо­зымовты дәл осы топқа қоса ала­мыз. Әлеуметтік жағ­дай жан-жақты шешілген кезде, кез келген адамның қызмет жасау қабі­леті мен белсенділігі соғұр­лым арта түсетіні айтпаса да белгілі емес пе? «Көп түкірсе, көл» дегендей, барша ұжым мү­ше­лері осындай асқақ сезім ауанында болса, ғылы­ми термин тілімен айт­қанда пай­далы әсер коэфф­и­циенті тіптен шарықтай түспек. Міне, бүгінде республиканың батыс өңірінде бүгінгі заманғы өн­діріске қажетті кадрлар әзірлеудің жетекші жоғары оқу орнына айна­лып отырған университет же­тіс­тік­терінің басты сыры осында. Мұнда студенттер болашақ маман­ды­ғының қыр-сырын жетік мең­ге­ріп, бәсекеге қабілетті маман бо­лып қалып­тасуы­на барлық жағдай туғызылған. Биыл студенттер жатақханамен тұңғыш рет түгел­дей қамтылды. Мұндай жетістікке соңғы жеті-сегіз жыл көлемінде қо­сымша тұрғын-жайлардың салы­нуы, студенттер үйінің пайдалануға берілуі арқылы қол жеткізілді. Осы орайда айта кетерлік тағы бір мәселе, Жәңгір хан атындағы университетте студенттердің ме­ди­ци­налық орталығы жұмыс жа­сай­ды. Бұл ны­сан республикалық бюджет есебінен қаржыланды­ры­лып отыр. Университет ректораты тұр­мыс-деңгейі төмен отбасылардан шық­қан, жетім немесе ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған студенттерге қаржылай көмек көр­сетуге де әлеуметтік жауапкершілік тұрғысы­нан қарайды. Бұл орайда жоғарыда көрсетілген ар­найы категориядағы студенттер то­бына оқу ақысын төлеу үшін елу пайыздық жеңілдік белгіленген. Сонымен бірге, студент асханасы­нан ауқаттану үшін оларға қажетті қаражат бөлінген. Біз бұған дейін газетімізге уни­вер­ситет­тің өз қаражаттары есебінен про­фессор-оқытушылар құра­мы үшін тұрғын-үй салу тәжірибесі орнық­қа­нын  өзге жоғары оқу орын­­­дарына үлгі ретінде жазған едік. Осы дәстүр үзілмей, жыл сайын жал­ғасын тауып келеді. Университет ректоры бізге қала­шық инфра­құ­рылымын одан әрі жетілдіру үшін қосымша кешенді шаралар іске ас­қанын айтып берді. Соған сәй­кес, жалпы құны 97 миллион теңге тұ­ратын электр энер­гия­сын тара­та­тын қосымша станса пайдалануға берілді. Бұл студенттер қалашы­ғын электр қуатымен толықтай әрі үздіксіз қамтуға мүмкіндік берді. Жәң­гір хан университетінің кадр­­лық құра­мы мен әлеуеті де жылдан-жылға өсіп ке­леді. Мұн­дағы оқытушылар құра­мы жас мамандармен толықты­ры­лу­да. Бұл жәйттің өзі оларды тұр­ғын үймен және баспанамен қамту ісін ұдайы назарда ұстау қажет­тілігін туғыза­ды. Солай болып та жүр. Таяуда Орал қаласы әкімінің ше­ші­міне сәйкес, профессор-оқы­ту­шылар құрамының тұрғын үй жағдайларын одан әрі жақсарту үшін тұрғын үйлер мен коттед­ж­дер салуға жер бөлінгені алдыңғы пікіріміздің дәлелі. Аймақтық университетте ғалымдар үйі – ғы­лы­ми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Бұл ұжым өткен жылы министрлікте белгіленген базалық грант­ты жеңіп алып, ғылым мен өнді­ріс­тің арасын жақындата түсуге сүбелі үлес қосып жүр. Өнімді қызмет жасаған адам, алаңсыз демала да білуі қажет. Ұжымда мәселенің бұл жағы да жан-жақты ескерілген. Жоғары оқу орны базасындағы «Нива» демалыс және сауықтыру кешені жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жүмыс істейді. Мұнда жылына мыңға жуық адам демалып, денелерін шынық­тыра ала­ды. Бұл кешен бюджеттен тыс көздер есебінен қызмет атқарады. Біз мұның бәрін неге тәптіш­теп, түп-тұқиянымен түгендеп отырмыз. Әрине, тектен-тек емес. Театр киім ілгіштен басталады дегендей, оқу орнындағы әлеумет­тік-тұрмыстық мәселелердің шешімін табуы осындай өрелі істерден бастау алып жүр. Жоғарыда айтылған тұрғын үйлер мен әкім­шілік ғимараттарға, ғылыми зерттеу орталығы, 1200 орындық машина жасау факультетіне, «Нива» демалыс кешеніне қызмет көрсету үшін жүздеген жаңа жұмыс орын­дары ашылған. Мұның өзі универ­ситеттің тұтастай Орал өңіріндегі және Орал қаласындағы жұмыс­сыз­дық деңгейін төмендетуге қос­қан қомақты үлесі болып табыл­а­ды. Міне, мәселенің мәнісі осында. Бұған қоса айтарымыз, ұқыпты да үнемшіл, қаржыны жұмсай білудің тәртібін жетік меңгерген оқу орны басшысы орнықтырған үр­діске сай мұнда қаражатты үнем­дей білудің оң тәжірибелері қалыптасқан. Ең басты айтайын дегеніміз, осы үнемделген қаражат бірінші кезекте университет қыз­мет­керлері мен студенттердің әлеу­меттік мәселелерін шешуге бағыт­тал­ған. Біз әңгіме бары­сын­да, ауыл шаруашылығы ғылы­мы­ның док­торы, профессор Қазыбай Бозы­мов­қа бірінші кезекте ұжым­дағы әлеу­меттік мәселелерге баса көңіл бө­луі­ңіздің басты сыры неде деген сауал тастаған едік. Бұл сауалға ол: – Университеттің болашағы – жас­тар мен кәсіби деңгейі жоғары білікті мамандар. Олар алаңсыз қызмет атқаруы үшін ең алдымен алдағы күндер мен келешекке деген сенімдері болуы керек.  Әлеу­меттік және материалдық-тұрмыс­тық жағ­дайы­ның шешімі табыла­тынына көздері жетулері тиіс. Тек сонда ғана олар өз қабілеттерін толықтай көрсетіп, өздері қызмет жасап жүр­ген орта­ға, тұтас елге пайда­сын тигізе ала­ды. Бұл ретте рек­тораттың басты мін­деті – олар­ды баспанамен, жылу­мен, жарық­пен және өзге де тұр­мысқа қажетті мате­риал­дық игіліктермен қамту деп есеп­тейміз.  Осы бағытымыз дұрыс екеніне жыл сайын айқын көз жеткізіп келеміз деп, жауап қайтарды. Университет басшысының ой­ға қонымды осы пікіріне басқа бір тұжырым қосудың  қажеті  жоқ деп білеміз. Темір ҚҰСАЙЫН.   Батыс Қазақстан облысы.