28 Желтоқсан, 2011

Князев схемасы немесе ауылдың өз даму жолы

268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Алтынсарин атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік  об­лыс орталығынан 300 шақырым қа­шықтықта жатыр. Алайда, зәуде бір шаруасымен қалаға шығып қайт­­қан алтынсариндіктер ауылы­на жақы­н­да­ғанда жолдың ұзақтығын да, қиын­­дығын да ұмытады. Ақ­шаңқан үйлер әркімнің көзіне оттай басы­ла­ды, жүрек жылып сала береді. Ауыл шаруашылығының  іргесі шайқалған 90-шы жылдары облыс­та бірнеше кеңшар дирек­тор­лары шаруашылықты шашау шығармай ұстап қалды. Соның бірі Борис Князев болатын. Сол жылдары берекесі кеткен алыс ауылдардан  көшіп келгендер  Қостанай қаласының жан-жағын іргелей қоныстанды.  Ал ал­тынсариндіктерде  көшеміз деген ой бола қойған жоқ. Білікті басшы жағ­дайын жасап, тұрмысын түзегенде ғана  адамдар туған жерді өгейсі­мей­­­тінін әу баста-ақ бағамдады.  Кеңес дәуі­рі кезінде  қала мен ауыл­ды теңестіреміз деген саясат болып еді. «Қала мен дала қалай теңе­се­ді?» деп ойлаған сол кезде жас маман болып істейтін  Князев. Ол дәл бү­гін  де осы ойынан  айныған жоқ. Өйт­кені ауылдың аты – ауыл. Онда егін егеді, мал ұстайды. Әр нәрсені  бүл­тек­­тет­пей орнымен атайтын Борис Павлович әлеуметтік саладағы жұ­мыс­тарды «адамдар еңбек етіп жүр­ген жерін жақсы көру үшін, бала­лар­ды дұрыс тәрбиелеу үшін оларға  қолайлы жағдай жасау жеткілікті» деп түйген, сөйткен де іске кіріскен. Князевтің шындығынша, алды­мен адамның қарны тоқ болуы керек. Аш адамға ештеңе  керек емес. Ол ауыл адамдарын түгелге жуық жұмыспен қамтуға тырысты. Егін егуге қазақтың даласы жетеді. Мал ұстайды. Ауылда тұратын барлық  адам саны  1900 болса, соның ша­руа­шы­­лықта еңбек ететіні – 680! Жұ­мыс жоқ деп екі қолын қалта­сына са­лып, қарап отырған ешкім жоқ, қал­ған бірен-сараны өз малын айна­лды­рады. Шөптің тоннасын 5 мың тең­ге­ден түсіріп береді, жемі де да­йын. Айына  63800 теңге жалақы ала­тын ауыл­­да­ғылар ешнәрсеге мұқтаж емес. Мектеп болмаған жерде қай ауы­лың да тұл болады. Сондықтан Князев алдымен мектеп пен бала­бақшаны қолға алды. Кеңес уақыты кезінен жүдеп тұрған мектепті еуростандартпен жөндеді. Осыдан он-он бес жыл бұрын құрылыс сала­сын­дағы еуростандарт тәсілі Қа­мыс­ты ауданы түгілі облыс орта­лы­ғында енді қолға алына бастаған.   «Қарлығаш» балабақшасын да ойын­­шықтай етіп қойды. Балабақ­шаның іші жылы, мамандары, бала­ның ойыншығы,  басқа керек-жара­ғы­ның барлығы жеткілікті. Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеді. Қалада да, ауылда да адамдар рухани азықсыз тұра алмайды. Руханият болмаған жердегі тоқшы­лық азғындыққа әкеледі. Князев мұны да ойлады. Клубты жөндеді. Ішіне кірсең шыққысыз. Оған мамандар алып, ауылда айта қалар­лық көркемөнерпаздар ансамблі, үйірмелер жұмыс істеуін талап етті. Ол орнына келді. Қазір ауыл­дағы мереке ауыл өнер­паздары­ның концертінсіз өтпейді. Ауыл әртістерінің сұрағанын  ша­руа­шылық басшысы екі сөзге келмей алып береді. Бұл ауылдағы  мей­рам­хананы көрсеңіз. Алтын­сарин ауылынан 30 шақырым жерде жат­қан Орқаш, Свободный ауы­лын­дағылар аудан орталығы Қа­мыс­ты селосын алыссынып,  той-тома­лағын осы мейрамханаға келіп өткізеді. «Уақыттың құм сағаттай сусып кететінін байқай бермейміз. Уақыт­пен санаспағандықтан да  істен ұты­лып жатамыз». Бұл Князев жұмы­сындағы басты қағидалардың бірі. Ана мектеп пен  балабақшадағы  ба­ла­лар  иелік етпесе, бүгін оның жа­сап жатқанының бәрі ертең  желге ұшпай ма? Сондықтан ол әлеу­мет­тік жұмыстарды  жастар мен ба­лалардың сұранысына қарай бұруды ойлады. Жаз айларында бұл ауылға келген адам оазиске жолыққандай  әсерде қалады. Тал-терегі жайқалып тұрады, ауылдың ішінде  бірнеше жерде  фонтан атқылап тұр. Ауыл­дың қақ ортасында  бассейн бар. Ка­никулға шыққан балалар суға түсіп, күнге күйіп демалады. Ауылдың «қарадома­лақ­тарын» тек стадионнан көресіз. Ал егін жиы­лып болған соң, қыстыгүні ауыл жастарының  бос уақыты көптеу бо­лады. Осыны бай­қаған Князев бірер жыл бұрын ша­руашылықтың ма­мандарына  спорт кешенін саламыз деп гүр ете қалған. – Ша­руашылықтың негізгі міндеті егін егу, астық өндіру ғой. Құры­лыс жұ­мы­сын жүргізу оңай емес екен. Спорт кешені шаруашылыққа 100 миллион теңгеге жақын қаржыға түсті. Ал қазір ол ауыл­дас­т­ардың игілігіне, жастардың, ба­ла­лардың сүйік­ті орнына айналды. Ішінде душ дейсіз бе, тренажер  дейсіз бе – спортқа керектің бәрі бар. Во­лейбол, баскетбол, күрес зал­дарын­да  жарыс қызып жатады. Тіпті командаларға  бұрын үйден шыға қоймайтын үй шаруа­сын­дағы  әйел­дер­ді де қосып алған. Қыс бойы қы­зық­тың бәрі сонда, – дейді Борис Павлович. Алтынсарин ауылында не бір майталман механизаторлар тұрады. Олар қазір бұрынғыдай «Енисей» ком­байны мен «Беларусь» трак­торын қойған, шетелдік озық техникалармен жұмыс істейді. Алтын­сарин атындағы жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіндегі техника паркінде  шаруашылықтың механизаторлар даярлайтын өз курсы бар. Оларға сабақ өткізетін білгірдің бірі  Борис Кязевтің өзі. Алтынсарин ауылының орта­лы­ғында ангар бар. Ауылға төтен­нен келген кісі ойлағандай, бұл шаруа­шылықтың техника сақтай­тын паркі емес, ауыл музейінің бір бөлімі. Өткен ғасырдың ортасында құ­рыл­ғалы бергі Алтынсарин атын­­дағы кеңшар пайдаланған техника­ның неше атасын осы музейден таба­сыз. Тіпті, осы өңірде  Ұлы Отан соғысынан бұрынғы жылдары  жүрген  машиналар да  ауыл музейінде тұр. Мамыр айында бұл өңір құлпырып кетеді, Алтынсарин ау­ы­лы­ның  сырты  қызғалдақ жамы­ла­ды. Топырақ исініп, дән себер кезде ауылдастар да еңбекке жұды­рық­тай жұмылып ұмтылады. 1 мамыр мерекесі адамдардың көңі­ліне қанат байлайды. Сол күндері ауыл мерекесін көрсеңіз! Мереке музейдегі бүкіл техника шеруінен басталады. Өмір ағымынан шығып қалған  техника маркалары тұтас дәуір тарихын, еңбек пен ерліктің жырын айтып бара жатқандай әсер береді ауылдастарға. Биыл Алтынсарин атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 92 мың гектарға  дән септі. Оның әр гектарынан 17,3 центнерден астық жинады. ­ – Астық өтпейді емес, өтеді. Ресеймен, басқа өңірлермен келісіміміз бар, бірақ соған вагон жетіспей жатыр. Астықты сатсақ, ол – адам­дар­­дың еңбекақысы, одан қалды құ­рылысы  қаржыны күтіп тұрған тұр­ғын үйлер бар. Ауылда сегіз от­ба­сы тұрғын үй кезегінде тұр. Ауыл адам­дарының тұрмысы жақсарса, балалар тәрбиесі де дұрыс болады. Түпкі мақсат сол емес пе? Олар – елдің ертеңі. Бәрін де  соларға аманат­тай­мыз, Президент айтқан­дай, бизнес­тің әлеу­мет­тік әріптес­тігі осыған саяды,–дейді Борис Павлович. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Қамысты ауданы, Алтынсарин ауылы.