Театр • 26 Қыркүйек, 2018

Ақан сері ескерткішін көшірудің қажеті бар ма?

239 реткөрсетілді

Серінің ауылына табан іліктір­генімізде жұрт жиналып қалған екен. Бозала таңнан аттанған біз Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Мәдениет ауылының жанындағы Ақан серінің бейітіне барып Құран оқып, мінәжат еткенбіз. Ендігі сорап – Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылы. 

Арқаның жұмалап жауатын ақ жауы­ны төпеп тұр. Ақан сері ескерткішінің жанына жиналған жұрт қоңыр күздің еттен өтіп, сүйекке жететін ызғарын да, жетім тоқтының ұйысқан жабағы жүніндей қара бұлт қаптаған аспанын да, тынымсыз жауған жауынын да елейтін емес. Олай болатыны, Алаш­­тың ән өнеріне өлмес-өшпес мол ру­хани мұра қалдырған Ақан сері Қорам­­­са­­­ұлының туғанына 175 жыл толуын атап өткелі жатыр. Ауыл болып, ел болып ұйысып. Ел ішіндегі бас көтерер азамат­тар жиналып, өз орталарынан қар­жы жинап аталарының аруағына көрсет­кен қошеметі мен құрметі. 

Алдымен ескерткіш көзге түскен. Алдына қылқұйрықты салмаған ерен жүйрік – Құлагер. Арқырай аспанға шап­шыған ат үстінде қолындағы домбы­расын бауырына қыса-қымтай ұста­ған ән өнерінің мәңгі сөнбес жарық жұлдызы – Ақан сері! Құлагердің бауы­рында, оң жақ қапталында қасқырды қынадай қырған әйгілі қазақы төбет – Басарала. Тұғыр үстіндегі құс біткеннің қыраны, шын қыраны, Ақан серінің әйгілі «Қараторғай» әніне арқау болған, Зілғараның Әлібегі сыйлаған қыран бүркіті – Қараторғай! Бұл жер тұтас кешен. Аумағы ат шаптырым. Ұйыса өскен аққайыңды орманның қойнауында. Бір кезде Ақан ән салған осы ­далада жайқалып өскен қалың орман сыб­дыр­лай сыбырлап, ақтаңгердің әнін үзді­ге шырқап тұрғандай. Ескерткішке жал­ғас ашық аспан астындағы ауқымы әжеп­тәуір далалық сахна. Сахнаның қарсы алдында көрермендер жайғасатын кең орын. Жел мен жаңбырдан ептеп сыры қашып, кейбір тақтайлары ескіргені болмаса, сол қалпы. Осы арада мынадай ой келген. Жадыраған жаз айларында Ақан әндерінің бері қойғанда, облыстық байқауын тамаша табиғаттың аясында өткізуге болмас па еді. Шынын айтқанда, қапылып ештеңе дайындаудың қажеті жоқ, бәрі бар, орнында. Исі қазақтың дәстүрлі әншілері жиналып, ел еңсесін бір көтеріп тастар еді. Іргедегі Құлагердің құдығынан дәм татар еді. Өз заманында жалпақ жұртқа аты шыққан, рухани байлығының нәрімен сусындатқан Ақан серінің мөп-мөлдір ғашықтық әндерін тыңдаған дала да, адам да қорғасындай бал­қы­мас па?! Көптің көкірегіне жып-жылы, мөл­дір шуақ құйылмай ма? Мына дала, көгілдір кеңістік мәңгі өлмес мұра құді­ретімен айшықталса, ірге­­дегі шоқ жұл­дыз­дай шағын ауылға да ша­ра­­паты тиер еді ғой. Ауыл жайы өз ал­­дына, жеке бір тақырып. Ауылды өт­­пелі кезең­нің өкпек желі тоздырған екен. Бір кезде көрген жанның көзін сүй­­сін­­діре­тін, жұмыртқадай жұтынған коттедж­­дердің көбі қаңырап бос тұр. Бала саны жетпегесін, зәулім мектеп үйі жабылған. Қаншама қаусап, қираудың алдында тұрған есіл ғимараттар. Осы орайда көңілге түйгенімізді қаузай айтып кетпекпіз. Ақан серінің 150 жылдық тойы қарсаңында осы жерге жаңадан ауыл салынған. Басты себеп, ақынның кіндік қаны тамған топырақ осы жерде. Сол уақытта көз көрмек түгілі, түсіңе де енбейтін 42 коттедж салынған. Зәулім, 200 орындық мектеп, мәдениет үйі, меди­циналық пункт, орталық жылу жүйе­сі қазандығы. Толып жатыр. 

– 1993 жылы жаңа ауылға асфальт жамылғымен қапталған, сапалы жол тарттық, – дейді сол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Болат Көшімбаев, – ал мына коттедждерді қараңызшы, бір-біріне ұқсамайтын сол дәуірдегі архитектураның ең үздік үлгілері. Бар­лық нысан жылу орталығына қосылды. Әрбір коттеджге орталықтандырыл­ған су жүйесі тартылды. Ақан серінің тойы­­на табаны күректей он жыл бойы дайындалдық. Кешегі кеңес зама­нында қазақтың төл өнерін, сол өнерді сом­даған асыл азаматтарымызды кім керек қылды дейсіз? Алдымен Ақан серінің жамбасы жерге тиген жерді іздеп таптық. Басына орнатқан ағаш зират жермен жексен болған екен. Сол жерге күмбез орнаттық. Әрине қазіргі салып жатқан күмбездердей керемет еңселі болмаса да, өз дәуіріндегі озық үлгімен салынды. Үстімнен қаншама арыз жазылды. Қудаландым. Бірақ өкінгенім жоқ, өйткені біз болашақ үшін жұмыс істедік. Жаңадан ауыл тұрғыздық, еңселі ескерткішін салдық. 

Айтпақшы, ескерткіштің басы дауға қа­лып тұр екен. Оқырманға түсінікті болуы үшін таратып айта кетелік. Ақан сері ауылы Көкшетау – Қостанай бағы­тын­­дағы күре жолдың қамшылар жақ қап­­та­лын­да, Комаровка ауылынан үш ша­қы­­­­рым жерден ірге тепкен. Үлкен жол­­дан бар болғаны 4-5 шақы­р­ым жер­де. Енді келіп Саумалкөл селосын­дағы ел аға­­лары Ақан серінің кешенін түпор­ны­­мен қо­парып, бұзып апарып Сау­мал­көл­­дің кіре берісіне қойсақ деген ұсы­ныс айта­ды. Уәжі жол үстіндегі жұрт көрмек. Ал Ақан ауылы жақын да болса бұрылыс. Оған ешкім де ат ізін сала қоймайды. 

– Неге салмасын?! – дейді ел ағасы Қадыржан Әубәкіров, – үш шақырым деген соншалықты алыс жер емес қой. Ақан серінің әнін тыңдаған, таңғы шық­тай мөлдіреген әуенге ғашық болған ел бар емес пе? Салса, жаңасын салмай ма?! Бү­гінгі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сын­да талай маңызды мәселелер айтылып жатыр ғой. Көнені жаңартпақпыз, уақыт табы көлеңкелеген асылдарымызды тір­шіліктің тозаңынан аршып алып жатыр­мыз. Ал бар нәрсені қиратуға неге әуес­піз. Біз осы ауылды, ескерткішті салған­да қаншама еңбек сіңірдік. Енді оның зая болғанын көру оңай деймісіз. 

Дәл қазір жиырма отбасы түтін түте­тіп отырған ауылда көшіп келемін дейтін адам­дар болса ешбір жөндеусіз қоныс­тануға болатын оннан астам коттедж саң­­ғы­рап тұр екен. Өзге коттедж­дерді де жөн­­деп алуға болады. Осы арада оңтүс­тік­­тен ескен жылы леп солтүстікке жан беріп жатқандығын еске алған дұрыс. Сол көштің табан тірейтін жері осы емес пе? Та­би­ғаты қандай тамаша, топырағы қан­дай құ­нарлы. Жайылым дейсіз бе, иен тегін. Су дейсіз бе, Қоскөлі жатыр көлкіп!.. 

– Мен осы Ақан сері ауылының тумасы­мын, – дейді ел ақсақалы Құрман Нұрсейітов, – қазақ «жақсы әке балаға қырық жыл азық» дейді емес пе, Ақан атамыз кейінгі ұрпағына 175 жыл азық болып отыр. Ауыл ортасындағы 200 оқушыға арналған екі қабатты мектеп бос тұр. Дәл іргеміздегі бір шақырым жер­дегі Комаровка селосының 70 оқу­шы­сы мектеп жоқ болғандықтан қолай­сыз екі бөлмелі пәтерде білім алуда. Әуел баста тұрғын үй есебінде салын­ған­дықтан ол жерде спорт залы да жоқ. Ты­ғырықтан шығар төте жол, өз ауы­лы­мыздың балаларына қосып мектебі жоқ көрші ауылдың баласын бірге оқытса, білім ошағының бағы жанар еді. Ал мектеп ауылды сақтап қалудың төте жолы. Болашақ сонда емес пе?..

Болашақ демекші, ел жастары қамсыз отырған жоқ, қолдарынан келгенінше кәсіппен айналысуда. «Оразалинов» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 30 сауын сиыр алып, малды өз төлі есебінен көбейтуде. «Шыңғыс» шаруа қожалығы мал өсірмек болып бизнес жоспарын дайындап жатыр. Алақандай ауылдың ажарын кіргізуге талпынып отырған «Нұрсан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2304 гектар жерге дәнді дақылдар егуде. Осындай тіршілік бар жерде Сері ауылының іргесі сөгіліп, сетінеп кетеді деуге себеп те жоқ. Оңтүс­тіктен үдере көшкен ел бетін осы жаққа бұрса, ит тұмсығы өтпейтін қалың ор­ман­ның жып-жылы қойнауындағы жайлы қонысқа күмп ете түспекші. 

Алақандай ауыл азаматтары Ақан серінің туғанына 175 жыл толуын шама-шарқынша атап өтті. Салмақты пікір, сәулелі әндер айтылды. Құлагер шапқан қырда ат жарыс өткізілді. Біз болсақ, тамаша тойдан жабырқап аттандық. Ел жайын ойлайды дейтін ел ағалары ауылды қалай аман алып қаламыз деп емес, жалғыз ескерткішті қиратып бұзып аламыз деп күпініп жүр. 

– Ақан серінің ескерткішін Саумал­көл ауылының кіреберісіне қою туралы идея көңілге қонбайды. Қойса, ауылдың нақ ортасына қою керек. Ал кіреберіс оншалықты ыңғайлы емес. Ол жерге қойса ара-тұра ат ізін салатын жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алуға шыққан аудан әкімінің көмекшісі тәрізді болып көрінбей ме?! – дейді ел ақсақалы Ермек Балбергенов. – Біз Ақан серінің ұрпағы болғандықтан, осы ауыл­дан табан аудармай отырмыз. Ерлері бар жерде елдің де еңсесі биіктейтініне бек сенімдіміз. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Айыртау ауданы 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Келесі кезеңге шықты

Спорт • Бүгін, 11:41

Полицейдің бір күні

Қоғам • Бүгін, 11:32

Өтімді сөз өлеңмен өрнектеледі

Руханият • Бүгін, 11:22

Көмекей әулие туралы кітап

Руханият • Бүгін, 11:17

Күйшілердің саябағы

Руханият • Бүгін, 11:17

Тіл табиғатын бұзбайды

Қоғам • Бүгін, 11:13

I Гендерлік форум өтті

Қоғам • Бүгін, 11:06

Абыройы асқақ азамат

Руханият • Бүгін, 11:06

Мақсат – жол сапасын жақсарту

Аймақтар • Бүгін, 10:52

Мақсатымыз айқын

Саясат • Бүгін, 10:37

Ердің еңсесі қашанда биік

Саясат • Бүгін, 10:34

Әке деген ұлы есім

Қоғам • Бүгін, 08:25

ҰБТ-2019: қандай өзгеріс бар?

Қазақстан • Бүгін, 08:17

Ұқсас жаңалықтар