28 Желтоқсан, 2011

Табыс тасығанда көмек те көбейеді

310 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бетеге мен боз жусанды Күрті өңірінде 1931 жылы Түркісіб темір жолы салынғанда Ұзынағаш стансасы деген атаумен алғашқы ауылдың іргетасы қаланыпты. Осы тұста Теміржол селолық округі құрылып, болат жол талай тарихи оқиғалардың бастауына айналған. Әдетте, Теміржолға жақын ор­на­ласқан елді мекендердің тұр­мыс-тіршілікке әкелетін өзіндік ар­тықшылықтары болады. Мәсе­лен, осы мекеннен 1951 жылы ас­тық қабылдау кәсіпорны салынса, 1962 жылы «Күрті» қой кеңшары құрылған. Ауылдың көркін келтірген тұрғын үйлер, аурухана, кітапхана, пошта, тағы басқа халыққа қызмет қөрсететін орындар осы кез­де салынып, халық көптеп қо­ныс­тана бастапты. Қайта құру жылдары кеңшар нарықтың өтпелі кезеңінде басқа құрылымдар тәрізді тұралап қал­ма­ды. Жекешелендіру кезінде шаруа­шы­лықтың мал-мүлкін та­лан-та­ра­жға түсірмей, сақтады. Бұл шаруашылық жұмысшы­лары­ның ғана емес, жалпы елді мекен тұр­ғындарының әл-ауқатын тө­мен­детпеуге, әлеуметтік, мәдени сала­ға жанды қолдау көрсетуге мүм­кіндік жасады. Өтпелі кезеңде елді мекендегі жалғыз ауруханаға жабылып қалу қаупі төнді. Сол кезде серіктестік медицина қызметкерлеріне шаруа­шы­лық есебінен айлық төлеп, автокөлік сатып әперді. Бұл жайлы аурухананың бас дәрігері Жанат Мұсаева бастаған ақ халатты абзал жандар сол бір қиын кезді ұмыт­пай ризашылықпен еске алады. Халықты имандылыққа ұйытқан Алланың үйі де шаруашылық есебінен күрделі жөндеуден өтті. Әлеу­меттік жағынан жеткіліксіз қам­тыл­ған отбасылары азық-тү­лік­пен, мал азығына қажетті жем-шөппен тұрақты қамтылды. Қайта құру кезінде қой басы 90 мың басқа жетіп, жылына мемлекетке 150 тоннаға дейін сапалы жүн тапсырылыпты. Тұрғын үй бағ­дар­ла­масымен үш жылда 130 отбасы жаңа баспаналы болған. Өмірдегі өз­геріс­терге байланысты «Күрті» қой кең­шары­ның атауы «Р-Күрті» өнді­ріс­тік кооперативі, кейіннен жауапкершілігі шектеулі серіктестік бо­лып өзгерген. Халықты жұ­мыс­пен қамту шаруашылық еншісінде болған­дық­тан нан пісіретін, макарон өнім­дерін шығара­тын, ұн тартатын диірмен салынып, тері өң­деп, тон тігетін цехтар ашылған. Қиындыққа қарамастан көшелер жөнделіп, жолдарға асфальт төселген. Жыл өткен сайын шаруа­шы­лық экономикасы нығайып, күрті­лік­тердің ертеңге деген сенімдері беки түсті. Егістік алқабы құнар­лы, әрі төрт түлік мал өсіруге қолайлы сайын далада қызу еңбек қанат жайып, шаруашылықтың та­бысы дүркіреді. Ұзынағаш стансасы кейіннен Қазыбек бек атауына ие болды. Бұл күндері шаруашылық 60127 гектар жерді тиімді пайдаланып, егістіктің берерін арттыруға көңіл бөлген. Ағымдағы жылы 1800 гек­тарға бидай, 2500 гектарға екпе­шөп, 450 гектарға жоңышқа егіліп, мол өнім алыныпты. Қазақтың биязы жүнді 30 000 бас қойын өсіруге мемлекеттен 8 млн. теңге субсидия алған. Сондай-ақ, шаруа­шылық жүннен 26 млн. теңге, қой сатудан 40 млн. теңге табыс тауып, ұжымдағы екі жүзден астам адам­ның әлеуметтік жағдайын жақсар­туға мүмкіндік жасалған. Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауларындағы жас ұр­паққа бәсекеге қабілетті білім беру ісіне де серіктестік өзіндік үлесін қосуда. Қазақ Ұлттық агроуниверситетінде шаруашылыққа қажетті мамандықтарға 4 шопан баласы тегін оқытылып, өз есептерінен 2 млн. теңге төлеп келеді. Мәселен, Ә.Құдайбергенов малдәрігері, А.Тәтібаев экономист, Е.Әбдікерімов зоотехник, Е.Балапанов инженер-механик мамандығына оқытылса, Жамбыл аудандық кәсіби лицейде 8 жас механизатор мамандығына тегін оқытылуда. Сондай-ақ, жұ­мыс­қа келген жас мамандарды тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мәсе­лесі оң шешілуде. Атап айт­қан­да, К.Аташев, А.Әбдікерімов, А.Өмір­алиев, Т.Мақайға үй сатып алынса, Т.Жантасов пен Т.Ескеловке тұр­ғын үй салынып, тұр­мыстық қа­жет­тіліктері шешімін тапқан. Биылғы қараша айында серіктестік 50 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Осы күні ша­руа­шылық демеушілігімен жүзеге асқан көптеген шаралар жалғасын тапты. Орталық көшедегі тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтсе, бас­қа да жұмыстардың тиянағы кел­тірілгеніне көпшілік риза. Ұжым тасқын кезінде қиналған қызы­л­ағаш­тықтарға да қаржылай көмек көр­сет­ті. Кейбір отбасыларының ал­ды­на жылқы, сиыр, қой салды. Мұн­­дай демеушілік шаралары үнемі жалғасуда. Оқырман қауым Қазыбек бек Тауасарұлының халқымыздың ба­сы­нан өткен қиын-қыстау сәттерін баяндайтын «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабындағы Тауасар би Матайұлын да,  жаужүрек ұрпақ­тары Қасқары мен Молдабай ба­тыр­мен де жақсы таныс болуы тиіс. Қасқары батырдың туғанына 300 жыл толуына орай құрылған «Тауасар» қоғамдық комитетінің төрағасы Асқар Нұғыманов бас­та­ған Тұрсынхан, Алматбек, тағы басқа ұрпақтары тәуелсіздігіміздің белгісі ретінде күртіліктерге төрт тарапқа қараған ескерткішті сыйға тартты. Оның әр қырында Тауасар би мен ұрпақтары – Қазыбек бек, Қасқары, Молдабай батырлардың бейнесі кескінделген. Қазыбек бек бекетінде ауыл азаматтарының атсалысуымен абыз ата Құртқа тәуіп атындағы айшық­ты күмбезі көк тіреген Алланың үйі де ашылды. Мұның өзі хал­қы­мыздың дәстүрлі дінін ұстанып, жастардың теріс ағымдарға ер­меуі­нің алдын алуға негіз бол­ға­нын айта кеткеннің артықтығы жоқ. Елу жылда жаңарған ұжымның табысы тасып, ынтымағы жараса түсуде. Және бір айта кететін мәселе шаруашылықтың табысы тасыған сайын әлеуметтік, мәдени салаға, жеткіліксіз қамтылған от­ба­сыларына көрсететін демеушілігі де қомақты болып отыр. Бұл жомарттық әлі де жалғасады, дейді асыл тұқымды қой зауытының басшысы С.Еркінбайұлы. Қараша айында Қазыбек бек бекетінде «Балауса» балалар бақ­ша­сы тағы да бүлдіршіндер игілігіне берілді. Ал, күрделі жөндеу­ден өткен мәдениет үйінде ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіруде жақсы табыстарға жеткен «Р-Күрті» асыл тұқымды қой зауыты атанған ұжымның толағай табысы әңгіме­ге арқау болды. Іргелі шаруа­шы­лық бүгінгі ғылымның дамуына сүйеніп, Қазақ мал шаруашылығы институты ғалымдарымен жанды байланыс орнатқан. Осылайша төрт түлікті асылдандыру арқылы оның өнімді­лігін арттыру көзделуде. Демек, та­быс тасыған сайын халық­тың әлеу­мет­тік жағдайына назар аударуға тың бетбұрыс жасалатын болады. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.