Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2018

Бейбіт күннің батыры

147 реткөрсетілді

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов тұрғын үйлердің біріндегі оқыс жағдайда 7 жастағы баланы құтқарып қалған елорда тұрғыны Артем Каревті арнайы марапаттап, 500 мың теңге көлемінде сыйақы табыстады. Үйінде жалғыз қалып, есікті аша алмаған соң 10-шы қабаттағы пәтердің терезесінен шықпақ болған баланы 9-шы қабаттан қағып алған астаналықтың ерлігі бүгінде әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында кеңінен таралып, ол жұртшылықтың құрмет-қошеметіне бөленуде. 

Төтенше жағдайлар қыз­ме­тінің хабарлауынша, оқиға қыр­күйектің 24-і күні болған. Сол күні таңертең Астана қаласының №2 арнайы мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қаладағы көп­қабатты үйлердің бірінің 10-шы қабатынан кішкентай баланың құлағалы тұрғаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер келіп жет­кенше, құлап бара жатқан бала­ны төменгі қабатта тұратын А.Ка­рев атты тұрғын құтқарып қала­ды. 
«Біреу сыртқа қарай жетеле­гендей көрінді. Артынша жұрт­тың айғайын естідім. Балконға атып шығып, төменге қарасам, қап­таған адам жоғарыға қарап, ай­ғайлап тұр екен. Сол кезде үс­тіңгі үйдің балконынан салбырап тұрған баланы көрдім. Ол анасын шақырып, «құтқарыңдар» деп ай­ғайлап тұр екен», дейді ол. Әл-дәр­мені таусылған бала осы кезде қолын босатып жібереді. Сәтін салғанда, оңтайланып үлгерген А.Карев оны қағып алады. 
Үлкен ерлік жасаған азаматқа Б.Сұлтанов сый-сияпат тапсырып тұрып, елордалықтардың, бар­ша ел тұрғындарының атынан алғыс білдірді. «Сіздің кешегі ерлі­гіңізге жұртшылық шексіз риза. Сіз өз өміріңізді қатерге ті­гіп, баланы құтқарып қалды­­ңыз. Бұл кімге де болсын үлгі етуге тұ­рарлық әрекет» деді елорда әкімі.
Тиісті органдардың бұл оқи­ғаны назардан тыс қалдырма­ғанына және барша жұртшы­лықтың қолдауына ризашылығын білдірген А.Карев ақшаға зәру еместігін айтып, жалпы, мұндай қолдау ең дұрысы есік-терезесін қосымша құрылғылармен бекітуге жағдайы жоқтарға жасалса деген тілегін білдірді. 

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Балқаш қол бұлғайды

Туризм • Кеше

ҰБТ тапсырушыларға кеңес (видео)

Қазақстан • 18 Маусым, 2019

Мишель Платини тұтқындалды

Футбол • 18 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар