29 Желтоқсан, 2011

Жаралы жылдар жаңғырығы

563 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«– Жылатып жұбатқан, үзілдіріп үміттендірген, қай­ғыртып қуантқан қай­ран, Өмір-ай!.. – Айрықша қанаттанып, серпілген Мең­­зипа шешей еңкіш бойын барынша тіктеп, ай­нала-төңірегін түгел көріп тұрғандай, маңғаз қалпында ойын түйін­де­ген. – Жұмыр басты пенде, шіркін, жыртитып кө­зін ашқан сәттен бастап, тынымсыз тырбаңдаумен күн кешеді. Талпынады. Ұмтылады. Күреседі. Ал арман-дүниенің өз сы­на­ғы, өз емтиханы да толып жатыр. Сүрінесің. Құлай­сың. Тұрасың. Жалған-дү­ниенің сабақтары талайлы тағдырдың тол­қын­да­рын­да шыңдайтыны және рас, күмәнсіз ақиқат. Өйткені, «Адамның басы – Ал­ла­ның добы» дегенді ата-ба­баларымыз текке айтпаған болар. Шүкір, мынау ала­сапыран тіршіліктің тол­қынында домалап жүріп, тағдыр тәлкегіне сан мәр­те түссек те, тұншықпаған екенбіз. Мүмкін еместі мүмкін еткен өмір жіптігі – үміт сәулесі өшпесін­ші...». Бұл шағын үзінді бір шаңырақ астында қатар қыз­мет істеп жүрген қаламдас әріптесіміз Жанат Елшібектің баспахана бояуы аңқыған «Тағдыр желі» (Повестер мен әңгі­мелер, «Атамұра» бас­па­сы, 2011) аталатын жаңа жинағына енген беташар повесінен келтіріліп отыр. Қазақ халқының басына түскен ашар­шы­лық нәу­бетінің зобалаңын қызыл желі етіп өрген осынау хикаят бұрнағы жылы «Жұлдыз» журна­лын­да жарияланып, тал­ғамы биік оқырмандар ықыласына бөленген бо­ла­тын. Бейбіт жұртты қы­надай қырған сұрапыл зұл­маттың бет-пердесін ашық жазып, шы­найы суреттеген шып-шымыр шы­ғарманың айтар ойы, көтерер жүгі расында зіл­мауыр. Қиын-қыстау қия­меттің қалта­рысына тереңірек үңіліп, шетін тақырыптың шын­ды­ғын аршудағы жазу­шы­ның өзіндік ізденісі мен шеберлігін байқатар хикаят ешкімді де бейжай қал­дыр­майды. Терең толға­ныс­қа түсіріп, тұңғиық мұңға шомдырып ойлан­тады. «Атамұра» баспасы­ның айтулы «Атамұра кі­тапханасы»  сериясымен жарық көрген кітаптың ан­датпасында қадап көр­се­тілгендей, «көрнекті қа­ламгер Жанат Елшібектің жаңа жинағына өмірдің өзекті мәселелерін, тол­ғақ­ты тақырыптарын ар­қау еткен бірнеше повестері мен әңгімелері енген. Туындылардың оқиғалары тартымды да әсерлі, тілі көркем де кестелі». Иә, кітаптағы әр дүниені оқы­ған сайын оған біздің де көзіміз анық жете түс­кенін айтқан жөн. Мәселен, автордың жоғарыда тілге тиек еткен «Балықтың қылтаны» повесінде кейіпкерлер тұл­ғаларын кескіндеп, мүсін­деудегі, оқиғаны шира­ту­да­ғы психологиялық иі­рім­дердің әсер-қуаты ерек­ше сезілсе, ал «Жетім жұрт» повесі тұп-тура бү­гінгі күннің ең өзекті, ең күрделі проблемаларын көркемдік шеберлікпен бей­нелейді. Шалғайдағы ауыл  өмірі, қақаған қыста шыңылтыр мұз үстінде, ап­тапты жазда тулаған толқын жалында күн кешкен балықшылар  тағды­ры, кешегі  көрікті де ажар­лы кейпінен айы­ры­лып бара жатқан табиғат экологиясы әр қырынан жан-жақты  көрсетіледі. Өткір де, толғақты жәйт­терді құрғақ сөзбен жалаң баяндамай, нақты оқиға сәтінде суреттеп, шы­рай­лы штрихтармен көркем­деудегі жазушы қол­таң­басы дара көзге шалы­на­рын қуана айтамыз. Бұл ойымыз бен пікірімізді оның «Қош бол, теңіз...», «Жазылмайтын жара» хикаяттары шегелей түссе керек. Алғаш­қысында жергілікті жұрт теңіз атап кеткен Балқаш көлінің кешегісі мен бү­гінін шендестіре әңгі­ме­лейтін жазушы келелі ой­ларды қозғайды. Бал­қаш­тың болашағына алаң­даған шығарма кейіп­кер­лерінің іс-әрекеттері, да­былды жанайқайлары әсер­лі де, нанымды суреттеледі. Әлеуметтік мәсе­лелерді әр қырынан көр­сетуге ұмтылған автор біраз жайдың басын ашып айтқан. Балық түрлерінің азаюы, айдын суының ша­мадан тыс ластануы, көл­дің сәні мен нәрі бол­ған қамыс-құрақтың құ­рып бітуі, көлді мекен еткен ежелгі құс түрлерінің жойылып бара жатқаны, яғни бір сөзбен айтсақ, теңіз экологиясы әңгіме­ленеді. Хикаяттағы үлкен-кішінің жүрегі «Көгілдір Балқашым кешегі шал­қыған Аралдың кейпін кимесе екен» деп соғады. Оның да жөні бар секілді. Өйткені, теңіз тағдыры – адам тағдыры. «Жазыл­майтын жара» хикаяты­ның алтын тіні – сұрапыл соғыс, жаралы жылдар жаңғырығы. Сондай-ақ, Жанат Ел­шібектің бұл кітабына бірнеше әңгімелері топ­тас­тырылыпты. Әр жыл­дары жазылған қай-қай­сысы да бүгінгі күнмен үн­десіп жатқандай. Кө­гілдір Балқаштың жаға­сында, мың бұралған Қа­ра­талдың бойында туып-өскен қаламгердің туған жерге деген, өскен ортаға деген көңіліңді шалқы­тып, әдемі әсерге бөлей­тін әңгімелерінің шертер сыры мол. Қилы-қилы тағ­дырлар, өткелекті өмір­дің кешегісі мен бүгіні, күн­делікті тіршілік-тыныста бір сапта жүрген адам­дардың мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері әңгіме өзегіне айналған. «Бір күн, бір түн», «Теңіз тол­ғағы», «Сақалды» тентектер», «Менің Қараталым», «Тағдыр желі», т.б. әңгі­мелері жан тебірентер, жүрек толқытар дүние­лердің қатарына жатады. Сұлу табиғаттың тылсы­мын көңіл сүзгісінен өт­кізе отырып, адамдар бой­ындағы асыл қасиеттердің қашанда орны бөлек екенін көркем кестелейді. Жиырмаға жуық кі­таптың авторы, публицис­ти­калық-деректі ой-тол­ғақ­тары мен танымдық ту­ындылары жетпістен ас­там жинаққа енген қалам­гер әріптесіміздің кезекті кі­табы таза әдеби шығар­маларының басын біріктірген. Жинақтың поли­гра­фиялық-техникалық безендірілуі де ішкі маз­мұ­нына сай. Тартымды-ақ! Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.