29 Желтоқсан, 2011

Сатира сарбазына құрмет

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Белгілі сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин 70 жасқа толды. Татар ұлтының өкілі болса да, қазақ тілі жоқтаушыларының біріне айнал­ған Ғұмекең оқырмандарына рес­публикалық «Жалын», «Елорда» баспаларынан шыққан «Қолды болған қораз», «Көзі сынық тебен», «Көзілдіріктің кесірі», «Ұм­ытшақтық зобалаңы» деген са­­ти­ралық кітаптарымен белгілі. Ол бұл шығармаларында қоғамға кесел болып жабысқан қылықтарды сын садағының нысанасына ала­ды. Қазақтың тілі босағадан қа­­рап қалған Қостанай жерінде сонау 60-жылдардан бастап Ғұмар айтыс өнерінің дамуына да атса­лысты. Жас кезінде қолына қазақ­тың қара домбырасын алып, өзі айтысқа шықты. Кейінгі жылдары айтысты ұйымдастырушылардың бірі болды, жас талапкер ақын­дар­ды осы ақберен өнерге тәр­биеледі. Қостанайдағы М.Сералин, Б.Майлин іргесін қалаған қазақ баспасөзінің дамуына да маңдай терін сіңірді. Ғұмар Ахметчиннің әкесі діндар Ғариф ақсақал Ресейдің Златоуст қаласынан 1946 жылы Қос­танай облысының Әулиекөл ау­да­нындағы Қояндыағаш деген жерге қоныс аударған. Ғұмар осы жер­де өседі, Әулиекөл ау­да­ны орталығындағы Ш.Уәлиханов ат­ындағы қазақ орта мектебін бітіреді. Журналистикаға бейімі бар, сатиралық жанрдағы шығар­ма­лары жергілікті, республика­лық газеттерде жарық көре бас­таған ол Қазақтың ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі. Осы білім ордасында қазақ жур­на­лис­терінің ұстазы, сатириктер сар­дары, профессор Темірбек Қо­жакеевтің «тепкісінен» өтеді. Ұс­тазы Ғұмар Ахметчиннің шығар­маларындағы уыттылықты, шеберлікті жоғары бағалайды. Ол сатиралық шығармаларды талда­ған сын мақалаларының бірінде шәкірті Ғұмар Ахметчиннің әң­гі­мелеріндегі жаңалықты, образд­ы­лықты айтып, жақсы бағасын береді. Іштартқанын тіл-найза­сы­ның ұшымен «сипап» отыратын Темірбек Қожакеев Ғұмарды «күй­еу бала» деп атайды. Ғұмар аға мұны әлі күнге дейін мақта­нышпен айтып отырады. Ғұмар Ахметчин облыстық «Қос­танай таңы» газетінде қыз­мет істегенде талай жас журналистерді қанатының астына алды. Солардың арасында респуб­ли­ка­ның Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед те бар. Жазушы­ның мерейтойына министр шәкір­ті құттықтау жеделхатын жолдап­ты. «Сіз бүкіл саналы ғұмыры­ңызды өзіңіз өсіп-жетілген осы өлкенің мәдени-рухани саласына арнадыңыз. Сонау 1966 жылы облыстық газет редакциясы та­бал­дырығын аттаған сіз жыл­дар­мен жарысып, бас редактор дә­ре­жесіне дейін өттіңіз. Облыс әкі­мінің баспасөз хатшысы, Қазақ­стан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы ретінде де өңірдің өркендеуіне айтулы үлес қостыңыз. Ғұмар Ғарифұлы! Мен де көк қауырсын, жас қанат кезімде сіз­­дің тәлім-тәрбиеңізді көрдім. Бұл әрқашан жүрегімнің төрінде сақ­­талады. Мерейтойыңыз тағы да құтты болсын! Өзіңізге зор ден­сау­­лық, ұзақ ғұмыр, шығарма­шы­лық табыс және отбасыңызға береке-бірлік тілеймін» депті министр өзінің құттықтау жеделха­тында. Сатириктің кешінде оған Тәу­елсіздіктің 20 жылдығына арнал­ған мерекелік медаль тапсырыл­ды. Облыс басшыларының құт­тық­тауы жеткізіліп, иығына шапан жабылды. Қаламдастары С. Ос­панов, Ә.Беркенова, А.Шаяхмет тағы басқалар құттықтау өл­еңдерін оқыды. І.Омаров атында­ғы қазақ драма театрының әр­тістері сатириктің шығармаларын мәнерлеп оқып, жиналғандарды күлкіге кенелтті. Жазушы оқыр­ман­дарының қошеметіне бөленді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ.