Ілкі заманда Көкшетау мен Қараөткелдің кең-байтақ даласында мыңды айдаған байлар аз болмаған. Ескінің есті әңгімесі бүгінге дейін үзілмей, аңызбен айшықтала әспеттеліп жеткен. Кешегі кеңес заманында бай біткен «балшық» болды. Шық бермес сараң, аштан өліп бара жатсаң аузыңа су татырмайтын кісәпір. Ал шын мәнінде байдың байлығы өз әулетінің ғана емес, ауыл-аймақтың сабасы сарқылмас қазынасы екендігі бүгін ғана айтылып жатыр.
Әуелі жылқылы жігіттердің жұртын көрмек болғанбыз. Жөкей көлінен атшаптырым әрірек, кілең адырлы өлкенің алқымы еркекшөп пен изенге, ақселеу мен бетегеге тұнып тұр екен. Таулы-тасты, құмдақ жер. Құлағынан тартсаң да қылтиып егін шықпайтын жердің сауырын кеңес заманында солақай саясаттың соқасының тісі аймаңдай еткен. Қазір ел тәуелсіздік алғалы малға жайлы бұл өңір төл шаруашылығын толайым өркендетуге біржола бет бұрып жатыр.
Үйездеген мың қаралы жылқының жанына таяп қалдық. Дастарқанға шашылған бауырсақтай еркін жайылып, бытырай бауырлаған емес, шоқ жұлдыздай екшелген кезде жиырма үйірге таяу жылқының өзі бір-ақ уыс болады екен. Құрықсалым жерге жеткенде жауырына етжеңді кісі еркін жатқандай жаялы, сауырлы, шоқтығы анадайдан көз тартып тұрған құла айғыр жерден басын жұлып алып оқыранып, жер тарпыды. Өзге жылқы да балықтай семіз, қоңды көрінеді. Биыл күн салқын, жылқының еркін оттап, алаңсыз жайылуына қолайлы болып тұр.
– Біз өз кәсібімізді бастаған 2012 жылы алдымызда жиырма-отыз биеміз болған, – дейді «Қосдәулет» шаруа қожалығының басшысы Жамбыл Жақыпов. «Қазір шынын айту керек, малсақ қауымға мемлекет үлкен қамқорлық туғызып отыр. Біз де «Құлан» бағдарламасы арқылы несие алып, жүз бие сатып алғанбыз. Содан өсірдік. Негізі өз төлі есебінен көбейтуді көздеп отырмыз. Жылқы тұқымын асылдандыру да жадымыздан бір шыққан емес. Төл малымыздың тұрқы кішірейіп, тұқымы тәнті етпеген соң мұғалжар тұқымды 15 айғыр сатып әкелдік. Қазір сол айғырлардан туған жабағылар үйірде жүр», деп өз тәжірибесімен бөлісті.
Сіңіре будандастырылған жабағыларға назарымыз түскен. Жабағы болса да жергілікті жылқының тай-құнанындай. Осы арада мал тұқымының, оның ішінде жылқы жарықтықтың бағы неліктен байланғаны туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Соңғы жылдары мал сүмесімен күн көріп келе жатқан ауыл адамдары айғыр жаңаламайтын болды. Шынтуайтында, бір-екі биенің бетіне қарап отырған адамға арқыратып айғыр ұстаған тиімсіз. Одан гөрі жетекке жегілетін, жыл сайын құлындайтын бие дұрыс. Ал айғырды босағасына бие біткен ауыл адамдары орталарынан қаражат шығарып, шеттен тұқымы жақсысын сатып әкеліп үйірге салса, үйдей пайда болар еді. Әттең, әншейінде дастарқан басында күпініп көп отыратын қазекеңнің осы бір ортақ іске келгенде кежегесі кері тартып тұрады. Нәтижесінде жылқы малының құнаны тайдай, тайы жабағыдай болып ұсақталып кетті.
Ал «Қосдәулет» шаруа қожалығы осы бір жайды қапысыз аңғарған екен. Алдағы уақытта тағы да тұқым жақсарту үшін айғыр жаңалауға аңсарлары ауып отыр. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі асыл тұқымды жылқы шаруашылықтарымен хабарласып, келіссөз жүргізе бастапты.
Шаруашылықтың 49 жылға жалға алған бес мың гектар жері де бар. Жайылымы да, шабындығы да сонда. Қыраулы қыста жабағының бәрін Кішкентай ауылындағы мал қорасына қамайды. Ал ірі жылқы тебіндеп шықпақ. Сөз арасында шаруашылық басшысы мұғалжар тұқымды жылқы Арқа қысының боран-шашынына, сары шұнақ аязына шыдамды, тебінге мықты екендігін айтып қалды. Асылында, өндірілген еттің өзіндік құнын таразы басына тартқанда, қысы-жазы бақташыны бейнетке батырмай, тебіндеп шығатын, былайша айтқанда, өз аяғымен күн көретін жылқыдан тиімді түлік жоқ-ау, сірә.
– Мал өсіру үшін, ең алдымен қораң сайлы, мал азығы мол болу керек, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – қазір біз күні-түні шабындықтың үстінде жүрміз. Техникамыз жеткілікті, төрт бірдей «МТЗ-80», ауқымы тоғыз метрді қамтитын шалғымыз бар.
Шабындықта шөп буатын Германияның «Класс» техникасы мен тасымалдауға қажетті «КамАЗ» да тыным таппай жортып жүр. Мемлекет қамқорлығының арқасында мал басын көбейтуді, көбейтіп қана қоймай, асылдандыруды мұрат тұтқан шаруа қожалығы алғашқы несиелерінен құлан-таза құтылған. Тиімді екеніне толайым көзі жеткен соң тағы да несие алып, жүз құлынды бие сатып алуды жоспарлап отыр. Жалғыз шешімін таппай тұрған мәселе – электр қуатының жоқтығы. Сол себепті бие байлап, қымыз баптай алмай отыр. Жайлау төрінде электр қуаты болмауы себепті саумалды сақтайтын мұздатқышы да жоқ. Мың жылқы айдаған мықтылардың мәселесін аудан орталығына соққанымызда, аудан әкімі Ермек Нұғымановқа құлаққағыс қылғанбыз.
– Ескереміз. Бәрі де болады, – деді ол, ауданға жаңа келіп жатқандығын айтып.
Жылқы баққан жігіттердің биесі сауынды, желісі құлынды болып, айы оңынан туатынына біз де сендік.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы