29 Желтоқсан, 2011

Салық тәртібін сақтау қағидаттары

563 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының салық заңнамасы салық салу қағидаттарына негізделеді. Салық салу қағидаттарына міндеттілік, анықтық, салық салу әді­леттілігі, Қазақстан Республикасы са­лық заңнамасының жариялылығы мен салық жүйесінің бірізділігі жатады. Қа­зақстан Республикасының салық жү­йе­сі Қазақстан Республикасындағы бар­лық салық төлеушілер (салық агенттері) үшін бірыңғай жүйе болып табылады.

Өз кезегінде салық төлеуші салық міндеттемелерін орындауға міндетті. Ал салық агенті Қазақстан Респуб­ли­касы салық заңнамасына сәйкес салық­тың дер кезінде ұсталуы және белгіленген мерзімде бюджетке төленуін ба­қылауға міндетті. Салық төлеуші салық тіркеушілерінен басқа салық ныса­на­ла­рын салық қызметі органдарына «Бюд­жетке төленетін салық және басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес (бұдан әрі - Салық кодексі) тапсырады.

Осы мақалада салық төлеушілердің электрондық түрде және қағаз жүзінде салық туралы есептерін тапсырған кезде жіберетін қателіктері туралы, соның салдарынан қозғалатын әкімшілік істері туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Салық кодексінің 584-бабына сәй­кес салық нысанасы мынадай жағдайда мерзімінде тапсырылмады деп есептелінеді, егер:

1) Кодекске сәйкес өкілетті органдар белгілеген тәртіпке сәйкес келмесе, немесе

2) салық қызметі органдарының кодтары көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген жағдайда, немесе

3) сәйкестендіру нөмірі көрсетіл­ме­ген немесе дұрыс көрсетілмеген, немесе

4) салық төлеу мерзімі көрсетіл­ме­ген немесе дұрыс көрсетілмеген, немесе

5) салық есебінің түрі көрсетіл­ме­­­ген немесе дұрыс көрсетілмеген, немесе

6) салық есебіне қатысты Кодекс талаптарына сәйкес дұрыс қол қойыл­маса, немесе

7) өкілетті орган белгіленген тәр­тіпке сәйкес электрондық пішім құры­лымы бұзылса.

Атап айтқанда, әкімшілік жауапқа тартылған хаттамаларды тексерген кезде салық төлеушілер тарапынан жиі жіберілетін мынадай қателіктер анықтал­ды – салық органының коды дұрыс көрсетілмейді, яғни код жазылатын бағанада «салық органының коды», «мекен-жайы бойынша», «жеке сот атқарушысы, адвокат, нотариус, жеке кәсіпкердің мекен-жайы». Мәселен: жеке кәсіпкер тұрғылықты мекен-жайы бойынша Астана қаласы, Сарыарқа аудандық салық басқармасына (6203), жеке кәсіпкерлік қызметінің мекен-жа­йы бойынша Алматы аудандық салық басқармасына (6202) қарасты аймақта тұрады. Алайда, салық төлеуші салық есебін жіберген кезде өзінің мекен-жайы және жеке кәсіпорынның мекен-жайы туралы бір-ақ кодты 6202-ні көр­сетеді. Дұрысы ол өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша 6203 кодын кә­сі­бінің мекен-жайы бойынша 6202 кодын көрсетуі қажет. Бұл қателік Салық кодексінің 584-бабына сәйкес салық туралы есеп мерзімінде тапсырылмауы деп шешім қабылдауға негіз болады.

Салық төлеуші Салық кодексінің 584-бабына сәйкес қателіктер жіберсе, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі­нің 206-бабына «Қазақстан Респуб­ликасының заңнама актілерінде белгіленген тәртіпке сәйкес салық төлеуші салық органдарына дер кезінде салық жөніндегі есебін тапсырмады» деген әкімшілік жауапқа тартылады. Әкім­шілік тәртіпті бұзғаны үшін айыппұл жеке тұлғаларға 15 ЕАК (22 268 теңге) лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіп­кер­лерге, жекеменшік нотариустерге, ад­вокаттарға – 30 АЕК (45 360 теңге) ша­ғын және орта бизнес немесе комме­р­циялық емес ұйымдар субъектілерінің заңды тұлғаларына – 45 АЕК (68 040 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларға – 70 АЕК (105 840 теңге) мөлшерінде салынады.

Тұрғындардың және кәсіпкерлердің төмен дәрежедегі салық мәдениеті жем­қорлыққа жағдай туғызатын фак­торлардың бірінен саналады. Салық заңнамасының ережелерін білмеудің салдарынан салық төлеушілер еркінен тыс тәртіп бұзушылықтарға жол береді. Соның салдарынан әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сөйтіп, салық төлеушілер бұл жауапкершіліктен құ­ты­лу үшін әртүрлі сыбайластық әре­кет­терге барып, жең ұшынан жалғасу жолын іздейді.

Азаматтардың, ұйымдардың және жалпы мемлекеттің заңды құқықтарын және мүдделерін қорғау мақсатында, со­нымен бірге салық қызметі инспек­торларының тарапынан жіберілген қыз­меттік және сыбайластық тәртіп бұзу­шылықтарды, қызмет этикасын сақт­а­ма­ған оқиғаларды  хабарлау үшін, қо­ғам­ның сенімін қамтамасыз ету мақ­са­тында Астана қаласы, Алматы аудандық салық басқармасында 8 (7172) 37-68-03 сенім телефоны жұмыс істейді және ша­ғым­дар мен ұсыныстар жәшігі орнатылған.

Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, азаматтардың өздерінің заңдық құқықтарын сақтау мақсатында салық заңнамасы нормаларын оқуды және салық міндеттерін дер кезінде және толық көлемде орындау қажеттігін еске саламыз.

Айым ТҰРҒЫМБАЕВА, Салық басқармасының қызметкері.