Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Н.Назарбаев: Шымкент – жастардың қаласы

1206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласына сапарында шаһарды әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңеске қатысты.

Н.Назарбаев: Шымкент – жастардың қаласы

Жиында Мемлекет басшысы Шымкент қаласын дамыту жоспары туралы әңгімелеп, Қаланы дамыту үшін атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Шаһарды дамыта түсу үшін Елбасы бірнеше бағытты атап көрсетті. Ең бірінші, Шымкентті ірі мегаполиске айналдыру қажет. Оны жүзеге асыру үшін 2023 жылдарға арналған құрылыс жөніндегі кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ кіріс бөлігін ұлғайту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді. Бұдан кейін қаланың перспективасын тиімді пайдалана отырып, экономиканы ілгерілету мақсатында нақты жұмыстар атқаруды тапсырды.

Бұдан кейін Н.Назарбаев жастар мәселесіне назар аударып, қалада білім саласын дамытудың қажеттігін атап көрсетті.

«Шымкент – тез өсіп келе жатқан шаһар. Жалпы қала тұрғындарының 42 пайызы – жастар, 420 мыңнан астам. Яғни, Шымкент – жастардың қаласы. Мұны ұмытпау қажет. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін білікті мамандар керек. Шымкент сондай мамандарды даярлайтын орталық ретінде қалыптасуға тиіс. Осыған орай, оқу орындарының мәртебесін арттырып, шетелдік білім ордасымен әріптестікті кеңейту қажет. Мектептің де деңгейін көтерген жөн. Оны жүзеге асыру үшін елдегі зияткерлік мектептердің тәжірибесіне сүйену қажет», деді Н.Назарбаев.

Президент беделді шетелдік университеттермен ынтымақтастық орнатып, ағылшын тілінде білім беретін бағдарламаларды көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар Шымкенттегі университеттердің деңгейін көтеріп, Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің студенттерінің оқуға ынтасын ояту қажеттігін айтты.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент қаласы