Шара барысында Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаева, Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова, Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары сөз сөйледі.
Семинар-кеңестің жұмысын ашқан Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың өткені мен бүгінін һәм болашағын байланыстыруға бағытталған ауқымды платформа екендігін атап өтті. «Аталған бағдарламада қоғам өмірінің барлық саласы қамтылған. Сондықтан бағдарламаға барша құрылымдардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет», деді Дархан Кәлетаев.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш негізгі жоба – «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»; «Қазақ тілін латын графикасына көшіру»; «Туған жер» жобаларының жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта қазақ тіліне аударылған 17 кітаптың 170 мың данасы еліміздегі барлық ЖОО-ға тегін таратылды. Электронды нұсқасы 100kitap.kz сайтына шығарылған. Оқулықтар ЖОО-да философия, мәдениеттану, педагогика, психология, социология, тарих, дінтану пәндерін оқыту кезінде базалық оқулықтар ретінде қолданатын болады, деді Сағадиев.
Министр Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жоғары оқу орындары сегіз кредит арқылы аталған жаңа оқулықтарды қолданып, жаңа гуманитарлық білім беруге тиіс. Осы жылдың аяғына дейін мұғалімдерді даярлауға арналған видеолардың циклы шығарылады. Бүгінгі таңда тағы 30 кітап аударылып, баспаларға жіберілген.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жобаларға тоқталды. «Министрлік Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірігіп, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын жүзеге асырып отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында жобаның бірінші кезеңі аяқталған-ды. Жобаны әрі қарай жүзеге асыру мақсатында біздің министрлік мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде екі бағыттан тұратын жол картасын жасады. Біріншісі қоғамда жаһандану құндылықтарын алға жылжытуды көздейтін ақпараттық иммидждік науқан өткізу; Екінші жұмыс – жоба жеңімпаздарының қоғамға пайдалы бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету», деді министр.
Дәурен Абаевтың айтуынша, бірінші бағыт бойынша бүгінгі таңда 102 теленовелла түсірілген. Қазір жобаның әр жеңімпазы туралы аймақтық арналарда теленовеллалар көрсетілуде. Жоба жеңімпаздарының қатысуымен 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған.
Семинар-кеңес жұмысы барысында Дархан Кәлетаев меценаттық мәдениетті дамыту үшін жыл сайын Меценаттар мен донорлар форумын ұйымдастыруды және осы форум аясында арнайы ұлттық сыйлық тағайындауды ұсынды.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»