Аймақтар • 01 Қазан, 2018

Таран атындағы аудан мен селоның аты өзгермек

680 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таран аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясы мүшелерінің бірлескен отырысында большевик Лаврентий Таран атындағы аудан мен село атын өзгерту талқыланды.

Таран атындағы аудан мен селоның аты өзгермек

Мәжіліске депутаттармен бірге қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Таран селосының тұрғындары, барлығы 333 адам қатысты. Отырыста аудан әкімі Қуандық Испергеновтың өтініші бойынша аудан атын Бейімбет Майлин деп өзгерту  туралы мәселе жөнінде 14 адам сөйледі. Оның біреуі ғана «Таран Амангелдімен бірге халық бақыты үшін  байларға қарсы күрескен, сондықтан тарихты ұмытуға болмайды» деген ой айтты. Қалғандары саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жазушы Бейімбет Майлинге лайықты құрмет әлі толық көрсетілмей келеді, сондықтан туған жеріндегі ауданды оның  есімімен атау өте лайықты екеніне қолдау білдірді.

Ал шешім шығаруға тек аудан мәслихатының депутаттары ғана қатысты. Олардың барлығы Таран ауданының атын Бейімбет Майлин атына өзгертуге дауыс берді. Енді ол республикалық ономастика комиссиясына жіберілетін болады. Ал Таран атымен аталатын аудан орталығын сол жердегі өзен атымен Әйет деп атауға пәтуаласты. Бұл оның тарихи атауы да болатын. Ол да ономастика комиссиясына жіберіледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы