Әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты Қазақстанның санаулы ғана дзюдошысына бұйырғанын байқаймыз. Мәселен, отандастарымыздың арасынан тек Максим Раков (2009 жыл) пен Елдос Сметов (2015) қана төрткүл дүниенің теңдессізі атанды. Сол Максим Раков (2011) және Азамат Мұқанов (2013) пен Рустам Ыбыраев (2015) күміспен күптелсе, Асхат Шахаров (2001) пен Асхат Житкеевтің (2001) қоржынында қола медаль бар. Әйелдер сайысында жалғыз Отгонцецег Галбадрахтың (2017) жүлдегерлер қатарына қосылуға күш-жігері жетті. Ол 2017 жылы Будапеште жалауы желбіреген жарыста үшінші орынға табан тіреді. Міне, әлемдік додада отандық дзюдошыларымыз бар-жоғы 8 жүлде алған екен. Ал Бакуде өткен байрақты бәсекеден кейін олжалаған медальдар саны 10-ға жетті.
Азия ойындары өткен Джакартада біздің жігіттер жақсы күресіп, елге олжалы оралды. Джакартада жарақат алған «басты қаруымыз» Елдос Сметов (60 кило) әлемдік додаға қатыса алмады. Бапкерлер жазғы Азиададан жүлделі оралған Елдос Жұмахановтың (66 кило) да демалыс алып, біраз уақыт тыныстауына рұқсат берді. Сол секілді Максим Раков (100 кило), Азамат Мұқанов (66 кило) және Ержан Шынкеев (+100 кило) сынды дүлдүлдер түрлі себептерге байланысты Бакуге бармады.
Негізі Қазақстан құрамасының Қап тауы бөктеріндегі өнерін «қанағаттандырарлық» деп бағалауға болады. Бакуде белдескен 9 жігіттің арасынан Ерлан Серікжанов суырылып шықты. 66 кило салмақта елімізде мықты бәсекелестіктің белең алғаны баршаға мәлім. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының тумасы бастапқы бәсекелерде мозамбиктік Артур Джуниор Карлос пен әлемдік рейтингте төртінші орынды еншілеген израильдік Барух Шмаиловқа шаң қаптырса, іле-шала молдовалық Вадим Бунескудің осал тұсын оңай тапты. Ширек финалда үздіктер тізімінде бесінші орынды иемденіп тұрған моңғолиялық Херлен Гандболдтан басым түскен Ерлан жартылай финалда әлемдік рейтингтің көшбасшысы Тал Фликкерді жеңді. Ал ақтық сында қазақ балуанының әлем чемпионы, жапониялық Хифуми Абеге әлі жетпеді. Осылайша, Айдар Қайырбаевтың шәкірті Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды.
Таяуда ғана Азия ойындарында айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын тұғырға көтерілген 81 кило салмақтағы Дидар Хамза Бакуде де бақ сынады. Үшінші кезеңде ол Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, ресейлік Хасан Қалмұрзаевпен күресті. Қандасымыз атағы дардай қарсыласымен тең дәрежеде айқасты. Тіптен бәсекенің соңына қарай Дидар вазари әдісін жасады. Ондай жағдайда жеңіс біздің жігітке берілуге тиіс еді. Бірақ төрешілер бұра тартып, сәтті жасалған әдісті есепке алмады. Ал қосымша уақыт Қалмұрзаевтың пайдасына шешілді.
90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев та атақты қарсыласқа тап болды. Венгриялық Кристиан Тот – 2014 жылы Челябідегі әлем чемпионаты мен 2016 жылы Қазандағы Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері. Екеуі де негізгі және қосымша уақытта бір-бірінінің осал тұсын таба алмай қара терге әбден малшынды. Десек те төреші шешуші тұста Исламға үшінші мәрте ескерту жасап, жарыс жолынан шығарып тастады.
73 кило салмақтағы Жансай Смағұлов бастапқыда үш қарсыласын қапы қалдырғанымен, жұбаныш бәсекелерінде сүрінді. Қазақ балуаны жапониялық Сойши Хашимото мен моңғолиялық Одбаяр Ганбаатардан жеңілді. 60 кило салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев төртінші кезеңге дейін жетті. Оның жолын бразилиялық Ерик Такабатаке бөгеді. Ал Бекәділ Шаймерденов (73 кило), Әзиз Қалқаманұлы (81 кило), Виктор Демьяненко (100 кило) және Ерасыл Қажыбаев (+100 кило) тұсаукесер кездесулерінде жеңіліс тапты.
Ерлер арасында 60 және 66 кило салмақ дәрежелерінде Жапонияның қос жұлдызы – Наохисо Такато мен Хифуми Абе алдарына жан салмай, әлем чемпионы атанды. Оңтүстік Кореяның оғландарына да бес жүлденің екеуі бұйырды. 73 кило салмақта Ан Чангрим және 100 кило салмақта Чо Гухамға тең келер ешкім табылмады. Егер соңғы екі дүниежүзілік додада қола медальді олжалаған Анның табысы ешкімді таңдандырмаса, Чо үшін бұл өзінің спортық карьерасындағы ең зор көрсеткіш.
81 кило салмақта әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Иранның мақтанышы Саид Моллаейдің мерейі үстем болса, 90 кило салмақ дәрежесінде «сенсация» деп айтуға тұрарлық тосын нәтиже тіркелді. Биыл Тель-Авивте өткен Еуропа чемпионатында қола медальді иеленген 22 жастағы Испания дзюдошысы Николаз Шеразадишвили бұл жолы барлық мықтыларды шаң қаптырып, бас жүлдені олжалады. Сөйтіп, Грузияның тумасы әлем чемпионы атанған Испанияның тұңғыш дзюдошысы ретінде тарихта қалды.
Бүгінгі таңда аса ауыр салмақта Тедди Ринердің үстемдік құрып жүргені барша жанкүйерлерге мәлім. Соңғы 10 жылдан аса уақыт аралығында ол өзі қатысқан жарыстардың барлығында жеңімпаз атанып жүр. Францияның алыбы сол бәсекелердің барлығын мерзіміне жеткізбей аяқтайды. Десек те соңғы кездері онымен «жаға жыртысуға» жарайтын бір балуан табылды. Ол – Гурам Тушишвили. Бакуде Тедди Ринер күрескен жоқ. Ал атағы жер жарған дзюдошының жоқтығын ұтымды пайдаланған Гурам Тушишвили бұл жарыста жеңімпаз атанды.
Әйелдер арасындағы жарыста ешбір жерлесіміз аса жеңіл салмақтағы Отгонцецег Галбадрахтың жеңісті жолын жалғастыра алмады. Бакуде бақ сынаған Севара Нышанбаева (57 кило), Ақниет Тұрдан (63 кило), Аэлита Щербакова мен Ажар Салықова (70 кило), Зарина Райфова (78 кило) және Гүлжан Исанова (+78 кило) мен Камила Берліқаш (+78 кило) сынды балуандарымыз алғашқы айналымдардан аспады.
Арулардың айқасы Жапония құрамасының айқын жеңісімен аяқталды. Олар бес салмақ дәрежесінде дара шықты. Күншығыс елінен келген Ута Абэ, Цукаса Есида, Тизуру Арай, Шори Хамада және Сара Асахина сынды сұлулар топ жарды. Сондай-ақ, франциялық Кларисс Агбеньену мен украиналық Дария Белодед те алтыннан алқа тағынды.
Дарияның әкесі де кезінде мықты дзюдошы болған. Геннадий Белодедтің әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы деген атақтары бар. Алайда қызы әкесін басып озып, төрткүл дүниенің теңдессізі атанды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»