Адвокат – сот төрелігін атқарудағы маңызды фигура. Ол – ешкімнен тәуелсіз, құқының, мораль мен адамгершіліктің принциптерін қатаң сақтап, тек өз клиентінің мүддесін қорғайтын жан. Қылмыс жасады деп күдік келтірілген адамның құқын қорғау үшін адвокатқа дәлелдер жинау ісінде кең құқық берілген. Соның ішінде тәуелсіз сараптама жасатып, оның қорытындысын сотта жариялау құқы да ерекше. Адвокаттың белсенділігі соттың әділетті шешім қабылдауына жол ашады. Бірақ осы істердің бәрі біздің бұрынғы заңдарымызда шашыраңқы сипатта болатын.
Жаңа заң қабылданды. Енді адвокаттың мүмкіндігін арттыру оның жауапкершілігін де көбейтері сөзсіз. Бірақ адвокаттардың құқы мен міндеттері белгіленгенімен, олардың жауапкершілігін арттыру осы уақытқа дейін ескерілмей келген еді. Ал адвокаттардың сапасыз жұмысы сот процесі кезінде айқын көрініп тұрады, бірақ осы іс үшін ақы алған адвокаттар ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Ал әрбір қылмысты істің артында адам тағдыры тұрғаны белгілі.
Сондай-ақ тағылымдамадан өтушілердің мәртебесі де осы уақытқа дейін анықталмай келді. Бүгінге дейін олардың сот процесіне қатысу құқы жоқ болды. Өйткені қолданылып келген заңнамада тағылымдамадан өтушіге лицензия берілу қарастырылмаған. Осы жерде ұйымдық – құқықтық бір коллизия көзге ұратын. Егер прокуратураның стажерлері мен тергеу органдарының жас мамандарына сотқа тарап ретінде қатысуға рұқсат берілген болса, адвокаттың тағылымдамадан өтушісіне ондай құқық берілмеген. Осының өзі айыптау мен қорғау тараптарының бірдей құқылы емес екенін айқын көрсетіп тұратын.
Қазақстанның осы заманғы кәсіби заң көмегі нарығында тағы бір келеңсіз жайт көзге ұратын еді. Ол адвокатурамен айналысуға бұрын сотталған адамдарға рұқсат берілуі. Осының өзі клиенттерге өте сапасыз қызмет көрсетуге, кейде тіпті олқылықтарға жол берілуге соғып жатты. Сондықтан адвокаттық іспен айналысатындарды жаңа заңнамада шектеуге тура келді.
Қолданыстағы заңнамада жапа шегушінің құқы мен заңды мүдделерін қорғау – өзекті мәселенің бірі болып келген. Ол – заңды мүддесі қылмыстық жолмен бұзылған процестегі бір тарап. Сондықтан Қылмыстық-процессуалдық кодексте оның құқы мен бостандығын қорғау бірінші кезектегі мәселе болып есептеледі. Сондықтан оның да заңнамалық тұрғыдан қорғалуы мен құқының іске асуы қамтамасыз етілгені жөн. Ал бұл жұмысты іске асыратын оның адвокаты өзінің құқы жағынан күдіктінің адвокатынан кем болмауы керек. Өкінішке қарай, бізде күдіктінің адвокатына көбірек мүмкіншілік беріліп, тараптар арасында дисбаланс орнап келді.
Сонымен қатар бізде кәсіби қорғаушылардың корпусын жасақтау да проблеманың үлкені болып келді. Әрине заң білімін беретін ЖОО орындарын бітірушілер саны жылдан жылға артып келеді. Бірақ олардың адвокатурамен айналысуға жағдайлары келмейтін. Өйткені адвокаттық қауымдастыққа ену үшін алдын ала 600-ден 800 мыңға дейін кіріс жарнасын төлеу керек. Ал мұндай шығынды кез келген жас маманның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан олар адвокаттық қызметке кіруді армандамайды да. Осының салдарынан Қазақстанда жалпы 4,7 мың ғана адвокат тіркелген. Олардың әрқайсысына 3,8 мың адамнан келеді. Ал дамыған шетелдердегі жағдай мүлде басқа. Мәселен, Ұлыбританияда 900 адамға, ГФР-де 500 адамға, Италияда 260 адамға бір адвокаттан келеді. Өз клиенттерін жоғалтпас үшін олар жанын салып жұмыс істейді. Әлемдік тәжірибеге қарасақ тұрғындар мен бизнеске білікті құқылық көмек көрсету – материалдық және жеке мүдделердің тәуекелді саласы саналып, барынша қатаңдатылған нормативтермен реттеледі.
Міне, сондықтан да бізде адвокаттық қызметті және барлық заңнамалық көмек көрсету жүйесін реформалаудың қажеттілігі көптен туған. Президенттің Жарлығымен 2009 жылы бекітілген құқылық саясаттың тұжырымдамасында адвокатураны жетілдіру туралы арнайы айтылған. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін жоғарыда айтылған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы әзірленіп, ол биыл қабылданды. Бұл заң біз жоғарыда атаған көптеген проблемаларды шешуге негіз болады.
Заңның ең басты жетістігі – оның кешенділігі мен жүйелілігі. Бұл әрбір Қазақстан азаматына сапалы заң көмегін алуға мүмкіндік беретін шаралар жүйесі.
Сонымен бірге құқықтық алаңға жаңа фигура шығатын болды. Ол заң консультанты.
Осы уақытқа дейін құқықтық көмек алу саласын реттейтін екі заң, бірнеше кодекстің орнына адвокаттық іс пен заңгер консультанттардың жұмысын реттейтін біртекті заң өмірге келді. Ол адвокаттық қызмет сапасын анықтайтын біртекті стандарттарды өмірге әкелді. Сонымен қатар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап адвокаттар мен заңгер консультанттардың кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілетін болды.
Василий ОЛЕЙНИК,
Мәжіліс депутаты