29 Желтоқсан, 2011

Партиялық тізімнің күші неге жойылды?

366 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда бір мәселе – «Руханият» партиясының партиялық тізімін тіркеудің күшін жою туралы мәселе қаралды. Отырысқа Комиссия мүшелерімен қатар, халықаралық ұйымдар мен отандық қоғамдық бірлестіктердің бай­қаушылары, Бас прокуратураның өкілдері және «Руханият» пар­тия­сы­ның жетекшілері қатысты. Аталған мәселе жөнінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов баяндама жасады. Оның хабардар етуінше, осы жылдың 27 жел­тоқ­санында Орталық сайлау комис­сия­сы­на Қазақстан Республикасы Бас про­ку­ратурасының Алтыншаш Жағанова­ның «Руханият» партиясының пар­тия­лық тізімін ұсыну және тіркеу тәр­ті­бінің бұзылуы туралы өтінішін қарау нәтижелеріне байланысты тұжырымы келіп түскен. Өтініште 2011 жылғы 30 қарашада «Руханият» партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі­нің депутаттығына кандидаттардың ті­зімі бекітілген кезектен тыс VІІІ съезін өткізу кезінде съезді шақыру мен өткізудің Қазақстан Респуб­ли­ка­сының «Саяси партиялар туралы» За­ңымен және партияның жарғысымен белгіленген тәртібі сақталмағаны көр­сетілген. Бақыт Мелдешовтің атап өткеніндей, бұл шағым бойынша Бас прокуратура ұйымдастырған тексеру шараларының нәтижелері бойынша өтініште келтірілген фактілер растал­ған. Атап айтқанда, партияның рес­публикалық комитетінің отырысында тиісті шешімді қабылдауға партия жарғысымен белгіленген уәкілеттігі бар мүшелерінің қажетті санының (кворумы) болмауына байланысты «Руханият» партиясының VІІІ съезін шақыру тәртібінің бұзылу фактісі орын алған. «Саяси партиялар туралы» Заңның 16-бабына сәйкес саяси партияның съезінде депутаттыққа кандидаттарды тіркеу үшін Орталық сайлау комис­сия­сына ұсынылатын партиялық тізім бекітіледі, – деді Бақыт Мелдешов осы туралы. – Бұл ретте съездің шешімі съезге саяси партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық филиалдары мен өкілдіктерінің өкілдері қатысқан кезде көпшілік дауыспен қабыл­да­нады». Ал «Руханият» партиясының жар­ғы­сымен съездердің делегаттарын өз кезегінде делегаттары қалалық және аудандық конференцияларда сайла­на­тын облыстық, Астана және Алматы қалалық партиялық конференциялар сайлайды деп белгіленген. Орталық сайлау комиссиясы хатшысының ай­туын­ша, «Руханият» партиясының кезектен тыс VІІІ съезінің хаттамасына сәйкес оған партияның барлық облыс­тық және оларға теңестірілген қала­лық филиалдары мен өкілдерінен 203 делегат қатысқан. Алайда, тексеру шаралары нәтижесінде Бас прокуратура көпшілік өңірлер «Руханият» пар­тиясы партиялық конферен­ция­лар­ды мүлдем өткізбегенін және съезге делегаттар жолдамағанын анықтады. Тіпті съезге партия басшылығының ша­қыруы негізінде жекелеген облыс­тар­дан бұған белгіленген тәртіпте берілген өкілеттіктері жоқ адамдар қатысқан көрінеді. «Бас прокуратураның мәліметтері бойынша 12 облыста, атап айтқанда, Алма­ты, Қостанай, Павлодар, Жам­был, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмо­ла, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында партияның партиялық конференциялары өткізіл­ме­ген, – деді әрі қарай Бақыт Мелдешов. – Екі өңірде, яғни Оңтүстік Қа­зақстан мен Ақтөбе облыстарында партиялық конференциялар белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген. Кейбір өңірлердің өкілдері съезге қатысу үшін мүлде жолға шықпаған. Осылайша, Бас прокуратураның тұ­жырымына сәйкес «Руханият» пар­тия­сының Қа­зақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутат­тығына кандидаттар ұсынудың заң­намамен белгіленген тәртібін бұзу фактілері расталды». Осылай деген ол отырысқа қа­ты­сушыларды Орталық сайлау комис­сия­сының қаулысы жобасымен де таныстырып өтті. Құжат жобасында «Руханият» партиясының партиялық тізімін ұсынуы туралы Алтыншаш Жағанованың өтініші бойынша Бас прокуратура жүргізген тексерудің іс-шаралары негізінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы «Сайлау туралы» Консти­ту­циялық Заңының 89-бабы 6-тар­ма­ғы­ның 4-тармақшасына сәйкес Ор­та­лық сайлау комиссиясы: бірінші – Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 14 желтоқсанда №72/133 қау­лы­сымен тіркелген «Руханият» пар­тия­сының партиялық тізімін тір­кеу­дің күшін жою; екінші – «Руханият» партиясының атауын сайлау бюллетенінен алып тастау; үшінші – аталған қаулыны БАҚ-тарда жариялау және осы қау­лы­ны облыстық, Астана және Ал­маты қалалық сайлау комис­сия­ла­ры­на жіберу қажеттігі көрсе­тіл­ген. Қаулы жобасы таныстырылған соң, ол жөнінде Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орын­басары Владимир Фоос пен Ор­талық сайлау комиссиясының мү­шесі Марат Сәрсембаев пікірлерін ортаға сала келіп, қаулыны қолдауды ұсынды. Марат Сәр­семб­аевтың атап өтуінше, Оңтүс­тік Қазақстан облысы прокура­ту­расының тексеруі нәтижесінде 2011 жылғы 29 қарашада өткен облыстық партия конферен­ция­сына шақырылған 26 делегаттың 16-сы ғана қатысқаны анық­талған. Сондықтан онда қабы­л­данған хаттама заңсыз болып табылады. Сондай-ақ, партияның Қызылорда және Алматы облыс­тық филиалдары өткізді деп хаттамалар толтырылған партиялық конференциялар да өткізілмеген. Бұл жәйттер де аталған облыс­тардың прокуратура орган­дары тарапынан тексеру бары­сында дәлелденген. Отырыста «Руханият» парти­я­сының төрағасы Серікжан Мәм­бе­талиннің де сөз алуына мүм­кіндік берілді. Партия жетекшісі Орталық сайлау комиссиясының бұл қаулысы жобасына келіспейтінін мәлімдеді. Егер Ор­талық сайлау комиссиясы партия­ның тіркелген партиялық тізімі­нің күшін жою туралы шешім қабыл­дайтын болса, өзінің Еуро­палық Парламентке шағым­дана­тынын және АҚШ-тың Қа­зақстандағы елшісімен, сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Байқаушылар мис­сия­сы­ның делегациясымен кездесетінін жеткізді. Отырыста Бас прокура­тура­ның Әлеуметтік-экономикалық са­­ла­ның заңдылықтарын қа­даға­лау департаментінің бастығы Қанат Сейітғапаров та сөз алып, жоғарыда аталған мәселеге қа­тыс­ты түсінік берді. Оның мәлім етуінше, Бас прокуратура Алтын­шаш Жағанованың өтініші бо­йын­ша тексерулер жүргізген. Сай­лау туралы заңнамаға сәйкес түскен өтініш бес күн ішінде қаралуы тиіс. Бұл Конституцияда көрсетілген. Бұдан заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган ретінде прокуратура сырт қала алмайды. Ал «Сайлау туралы» Консти­ту­циялық Заңның 89-бабы 6-тар­ма­ғының 4-тармақшасында пар­тия­лық тізімді ұсыну және тіркеу тәртібі бұзылған жағдайда Орта­лық сайлау комиссиясы тиісті шешім қабылдайтындығы нақтылан­ған. Тексеру барысында партия­ның заңнама талаптарын бұзған­ды­ғы анықталды. Сондықтан да Бас прокуратура Орталық сайлау комиссиясына «Руханият» пар­тиясы партиялық тізімінің күшін жою туралы ұсыныс жасап отыр. Сонымен қатар, Бас прокуратура өкілі тексеру кезінде партияның «Саяси партиялар туралы» Заң­ның 16-бабын және партия жар­ғы­сының бірқатар ережелерін де бұзғанын атап өтті. Осыған орай «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-ба­бы­на және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жоғарыда аталған тұжырымына сәйкес Ор­талық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 28 желтоқсанда бұл пар­тияның партиялық тізімдерді ұсы­ну ережелерін бұзуына бай­ла­нысты «Руханият» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы шешімінің күшін жойды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.