Инвестиция мен туризм салаларына арналған «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты жиынға Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Малайзия, Ресей, Өзбекстан мен бірқатар Еуропа елдерінен келген 250-ден астам делегат қатысты. Бұл форум Түркістанның ертеңгі дамуына септігі тиетін аса маңызды жобаға айналғалы тұр. Себебі осы күні жалпы құны 1,7 миллиард АҚШ долларын құрайтын 19 меморандумға қол қойылып, өңірдің алдағы уақытта даму стратегиясы айқындалды.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өзінің баяндамасында Түркістан өңірінің инвестицияларға әрдайым ашық екенін мәлімдеп, негізгі үш бағытқа басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Туризм, агроөнеркәсіп және логистика мен транзит салалары өлкенің экономикасына тың серпін беретін салалар ретінде таңдалды. «Елбасы осынау көне қаланы облыс орталығы етіп, оны дамытуға ерекше ықылас танытып отырғаны белгілі. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік-іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген «ақылды қалаға» айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр», деді облыс әкімі.
Түркістан өңірінің шетелдік инвесторларға ұсынатын дүниелері мол. Былтыр өңірге 482 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша республикада үздіктер қатарынан табылған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 129 млрд теңге тартылып, 2,5 есеге ұлғайған. Алдағы уақытта Түркістан облысында жалпы құны 5 миллиард долларды құрайтын бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Инвесторлармен жұмысты жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында инвестициялық субсидиялар қарастырылып, салықтық және кедендік жеңілдіктер берілмек. Әкімдіктің бастамасымен құрылған «Түркістан инвест» орталығы шетелдік инвесторлар үшін тәулік бойы қызмет ететін болады. Сонымен қатар арнайы қаржылық институттар құрылып, олар шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларға қолдау көрсетпек. Түркістан қаласында «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жоспарланған. Бұл аймақта кәсіпкерлерге 25 жылға дейін салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылады. Сондай-ақ облыс әкімі Орталық Азия кеңістігіндегі өзара ынтымақтастық мәселесін қозғай келе, әсіресе Түркістан – Шымкент – Ташкент – Худжант бағытының мүмкіндіктерін айтып өтті.
Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірді. Жиында Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЕОЫҰ) бас хатшысы Владимир Пискурев мәлімдеме жасап, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа мәртебелі сертификатты салтанатты түрде тапсырды. «Мен бүгін Түркістанға қуанышты хабар алып келіп тұрмын. Йохансбургте өткен туризмнің тартымдылығы мен тұрақты туризмді дамыту жөніндегі Халықаралық комитетінің сессиясында 48 елдің мамандары мен сарапшылары бір ауыздан Түркістан облысының үш бірдей тарихи орнын өте тартымды туризм нысаны деп тану туралы шешім қабылдады. Олар – Әзірет Сұлтан кешені, Арыстан баб кесенесі және көне Отырар қаласы. Бұлар әлемнің қайталанбас өте тартымды туристік нысандары тізіміне енді. Туристік тартымдылық және туризмді тұрақты дамыту бойынша бір елдің, бір облыстың аумағындағы үш бірдей жәдігеріне қатысты мұндай шешім қабылдау бұрын-соңды болған емес. Бұл әлемдік сенсация! Мұндай мәртебенің берілуі туристік нысанның әлемдегі танымалдылығын анағұрлым арттырып, туристер легін күрт көбейтудегі маңызы зор. Жалпы, соңғы бір жылда әлем бойынша туристік саяхат жасағандардың саны 1 миллиард 323 миллионға адамға жетіп отыр. Мамандардың пікірінше, алдағы уақытта Орталық Азия өңіріне деген қызығушылық анағұрлым өсе түспек, себебі осы өңірдің адамзатқа, әлем қауымдастығына көрсететін таңғажайып дүниелері мол. Солардың бірі – Түркістан жеріндегі қасиетті мекендер», деді халықаралық ұйымның бас хатшысы.
Облыстың экономикалық және инвестициялық әлеуеті жайлы толыққанды ақпарат алған шетелдік инвесторлар Түркістан өңірінде туризм, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары бойынша тың жобаларды жүзеге асыруға қызығушылықтарын білдірді. Өзге елдің компаниялары заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салып, инфрақұрылым мен сандық технологияны дамытуға күш салатынын атап өтті. Мысалы, Түркияның «Sollur bey Group» компаниясының құрылтайшысы Ибрахим Айдын мал шаруашылығын дамытуға арналған жобаны жүзеге асыру үшін 15 миллион АҚШ долларын жұмсауға әзір екенін мәлімдеді. Ал Малайзияның «Nagasteel» компаниясы Түркістан өңіріне жаңа технологиясын әкелмек. «Біз мұнда энергия көздерін жаңарту, күн және жел қуатын пайдалану жобаларымен келдік. Осы мақсатта Шымкент қаласында офисімізді де аштық. Жалпы, Қазақстан күн және жел энергиясына бай ел болып табылады. Өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары екенін көріп тұрмыз. Бұларды игеруге атсалысуға өзіміздің біраз инвесторларымызды да тартатын боламыз. Мұнда 50 мегаваттық жел энергиясын өндіру жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл бағытта 5 жоба жасап, соған қажетті құрылғы-жабдықтарды алып келуді бастап та кеттік. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібін дамыту бойынша да дайын бірнеше жобамыз бар. Сарыағаш ауданында күн қуатынан энергия алу станциясын салуға 60-70 миллион АҚШ долларын жұмсауды жоспарлап қойдық. Егер біз Түркістан қаласының жаңа аумағын энергиямен жабдықтайтын болсақ, 1 миллиард доллар жұмсауға дайынбыз», дейді аталған компанияның менеджер-директоры Зайнул Азизан.
Форумда қол қойылған меморандумдар бойынша жүзеге асатын бірқатар жобаларға тоқталар болсақ, қытайлық «Shanghai Lianfu New Energy Science & Technology Group» компаниясымен бірлесіп күн энергиясымен жүретін электоавтобустар көзделіп отыр. Жобаның құны 340 миллион АҚШ долларына бағаланған. Осы елдің тағы бір өкілі – «Changchun Longyuan Power Equipment Co.LTD» компаниясы Түркістан аймағында энергетикалық құрылғылар мен бұйымдар жасауға 648 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға келісті. Иранның «Ardabil Petrochemical Co» компаниясымен жалпы құны 205 млн долларды құрайтын онкологиялық орталық пен мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде меморандум түзілді. Түркияның «Dogus Insaat ve Ticaret A.S.» компаниясымен арада инфрақұрылымды дамыту бағытында 100 миллион долларға бағаланатын жобаларды жүзеге асыру бойынша келісім жасалды. «Faradid Meehan» (Иран) компаниясы кірпіш зауытының құрылысына 5 миллион доллар инвестиция тартатын болды. Ресейлік «Green Land Alatau» компаниясы болса жылыжай кешенінің құрылысына 180 миллион АҚШ долларын жұмсауды жоспарлап отыр. Қытайлық «Jiangsu Huale Electric» компаниясы күн электр станциясының құрылысына 50 миллион доллар инвестиция құймақ. Чехиялық инвесторлармен ақ жүгеріні қайта өңдейтін зауыт салу жөнінде келісім түзілсе, Біріккен Араб Әмірлігінен келген «Al-Masood» компаниясы өңірде туризм саласын дамытуда әріптестік жасамақ. Түркістанда «Ақылды қала» жобасы дамытуға Қытайдың танымал «Huawei» компаниясы 10 миллион АҚШ долларын бөлуге келісті.
Түркі жұртының рухани астанасы Түркістан жерінде мұндай форумдар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп отыратыны анық. Тұңғыш форумның жоғары деңгейде өтуі, осында аса құнды да келешегі зор көптеген жобаларға қол қойылуы осыған кепіл.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы