Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Сергелдең болған Сергей Кудинов

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жеке кәсіпкер Сергей Кудиновтың табанынан тозып, сергелдеңге түскеніне үш жылдан асып барады.

Сергелдең болған Сергей Кудинов

Әлі күнге дейін табан ақы, маңдай тердің құнын даулап, төрелердің есігін тоздырумен жүр. Олардың шығарыпсалма құрғақ уәделеріне тойғаны соншалық, ауыздарын ашып, қолдарын қимылдата бастаса екі құлағын басып қашатынды шығарды. Әрлі-берлі жүрістен дым өнбегеннен кейін облыстық кәсіпкерлер палатасына қайрылуға мәжбүр болды.

Оның шағымы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі ке­ңес­те қаралып, «Кудинов» жеке кә­сіп­кер­лігінің мүддесін сот арқы­лы қорғау туралы шешім шықты. 

Сергейдің айтуынша, Пет­ропавл қаласын дамытуға көмек көрсету қорымен заңды түрде жасалған келісімшартқа сәйкес, ол мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған, жетім және ата-аналардың қарауынсыз қалған интернаттардың, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларына спорттық тренажерлер мен хоккей корттарын орнатып берген. Бұл мақсат үшін 7,2 миллион теңге шығындалады. Осы сомадан 1,9 миллион теңге ғана есепшотқа аударылып, қалған қаражатты 2016 жылдың 20 мамырына дейін өтеуге келісіледі. Алайда нысандарды өткізу-қабылдау актісі рәсімделгені сол екен, «іс бітті, қу кеттінің» түлкібұлаң ойыны басталып сала береді.

Қарсы тарап былтыр кәсіп­кер­лердің құқығын қорғау жөнін­дегі кеңестің отырысына тайлы-тұяғымен келіп, алты ай­дың ішінде берешектен құтыла­тындығы жөнінде ант-су ішіпті. Алайда көз алдарқату үшін жарты миллион теңге ғана төленіп, берген уәде желмен ұшып кете барған. Бұл жолы төбе көрсетпек түгіл, ресми хатқа жауап беруді де қажет деп таппаған тәрізді. 

Жапа шегуші кәсіпкер енді өзін сүлікше сорып, ешнәрсе болмағандай тайраңдап жүрген ше­неуніктерді тәубасына келті­руді жергілікті соттан өтініп, үлкен үміт артып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы