Мемориалдық музейдің ғылыми қызметкері Шынар Сұлтанқызының бізге берген мәліметіне сүйенсек, Ыбырай атамыз 1868 жылы Сырдария губерниясы Перов уезінің дәулетті қазағы, руы жаппас Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленіпті. Әйелі көп жылдан бері бала көтермеген соң ежелгі салт бойынша інісі Оспанның Хамитбек деген баласын асырап алады. Онысы төрт жасында шетінейді. Сөйтіп жүргенде 1882 жылы тұңғышы Әбді (Әбдіолла) туады, 1884 жылы екінші ұлы Әбірахмет (Абрахмет), 1886 жылы жалғыз қызы Шәрипа дүниеге келген. Мына бір жәдігер-шежіреде осылардың барлығының аты аталған. Бірақ Әбірахмет пен Шәрипа кәмелет жасына толар-толмас шағында дүниеден өтіпті.
Алтынсариннің тек Әбді дейтін баласынан тұяқ жалғасқан. Оның аты – Нағима Ыбыраева. Яғни, сіздер куә болып отырған ата-тек шежірені 1991 жылы музейге әкеліп тапсырған осы апамыз. Жарықтық бертінде, 1998 жылы 82 жасында Тараз қаласында дүниеден өтіпті.
Кеңес өкіметі кімді аясын, басқасын айтпағанда саясаттың ығына жығыла жүріп, ағартушылық қызмет еткен Ыбырайдың да ұрпағын қуғынның астына алған. 1928 жылы Қостанай жерінде Әбді атамызды кәмпескелеп, Қырғызстанның Тоқмақ қаласына жер аударған. Жат жерде бойжеткен Нағима апамыз Байдабек Амангелдиев деген жігітке тұрмысқа шығып, Жұмагүл және Дулат атты ұл мен қыз сүйген. 1959 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Жамбыл атындағы совхозға көшіп келеді. Өмірінің соңғы жылдарын Таразда өткізіпті. Шежіре-жәдігердің төменгі бұрышында: «Ыбырайқызы Нағима. Менің айтуым бойынша шежіре жазылған. 1922 жылы» деп төтеше жазумен қолтаңба қалдырыпты.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»