Қазақстан • 03 Қазан, 2018

Үздік ұстаздар марапатталды

462 реткөрсетілді

Елімізде қазанның алғашқы жексенбісі – мұғалімдер күні. Ұстаз – ұлт пен ұрпақ үшін қасиетті ұғым. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Міне, сондықтан да елімізде ұстаздар күні қарсаңында мұғалімдерге құрмет көрсетіп, үздіктерін марапаттау дәстүрге айналған. Жер-жерде арнайы шаралар ұйымдастырылып, ұстаздар қауымы қошеметке бөленуде. 

Биыл да аталған дәстүр үзілмей, мұғалімдерді марапаттау шарасы жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиынға қа­тысқан сенатор Дариға Назар­баева елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қан­­шалықты маңызды рөл атқа­ратындығын тілге тиек етті.

«Бүгін біздің еліміз үшін айрықша мереке, ерекше мейрам. Өйткені балаларымыздың, жарқын болашағымыздың, бір сөз­бен айтқанда, тұтас Қазақ­станның тағдырына жауапты жандардың еңбегі еленетін күн. Білім саласында қызмет етіп, ертеңгі елдің саналы ұрпа­ғын тәрбиелеп жүрген әрбір педа­гогке халықтың айтар алғысы ұшан-теңіз. Сіздер ұлы қызметтің тұтқасын ұстаған, маңызды мамандыққа маңдай тер төгіп жүрген жансыздар. Елдің ертеңі үшін енгізіліп жат­­қан түрлі бағдарламаларды именбей игеріп, жатсынбай жас ұрпақтың санасына сіңіруде сіздердің үлестеріңіз мол. Ал­дағы күндеріңізге сәттілік пен қайрат тілеймін», деді Дариға Нұрсұлтанқызы. 

Педагогтердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тара­ту мақсатында 2012 жыл­­­дан бастап жыл сайын респуб­ликалық «Үздік педагог» конкурсы өткізілуде. Жеті жыл ішін­де конкурсқа 31 420 мұға­лім қатысқан, оның ішінде мек­тепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының  368 мұғалімі жеңімпаз атанып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақысымен «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері болып танылған. Биыл аудандық және қалалық конкурсқа 3 864, облыс­тық іріктеуге 710 педагог қатысқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Ал «Үздік педагог – 2018» атағын тағайындау бойынша республикалық ко­мис­сияның қарауына 147 құ­жат, оның ішінде мектепке де­йін­гі және орта білім саласы  педагогтерінен  109  құжат, тех­никалық және кәсіптік білім саласынан 38 құжат келіп түскенін айта кеткеніміз жөн.

Конкурстық комиссияның қазылар алқасы құрамына еліміздің үздік мұғалімдері, әдіс­темелік кабинеттердің әдіс­кер­лері, біліктілікті арттыру инс­титуттарының оқы­ту­шы­лары, кәсіподақтар ұйымы­ның, Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының өкілдері, журналистер кірген. Аталған комиссияның шешімімен 48 орта мектеп мұ­ғалімі және 16 колледж оқы­тушысы жеңімпаз атанды. Жеңім­паздарды марапаттау салтанатында 64 жеңімпазға «2018 жылдың үздік педагогі» төс белгісі, куәлік, сондай-ақ 1000 АЕК сомасында сыйақы табыс етілді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Іргелі ізденістер ошағы

Аймақтар • Кеше

Арам ойы іске аспады

Аймақтар • Кеше

Атырау – Арыспен бірге

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар