29 Желтоқсан, 2011

Қызылжардың «Атымтайы»

269 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мұхамеджан да ата-бабалары секілді Ресейдің Омбы облы­сын­да туып-өсті. Балалық шағын осында өткізді. Одан кейінгі тағдыры тарихи Отанымен тығыз байланысты. 1997 жылы Совхозное елді мекенінде «Лұқпанов» ЖШС-ін ұйымдастырып, 14 жыл­дан бері тапжылмастан жетекшілік етіп келеді. Өтпелі кезеңнің қиындықтары оны ширатты, шы­нықтырды. Үкіметке алақан жа­йып, «басқа түсті, мен көндім» деп отыру оның табиғатына жат. Жылусыз, жарықсыз, сусыз қал­ған ауылдастарының жайы қа­быр­ғасына қатты батты. Көмір, отын мүлдем тапшы. Орталық бу қазандықтары арқылы жылы­ты­лып келген әлеуметтік-мәдени нысандардың есіктері тарс жа­был­ды. Тұтас ауыл тығырыққа ті­реліп, тұрғындардың алды жан-жаққа бас сауғалап, біртіндеп көше бастады. Бұлай жалғаса берсе, бәрінен айырылып, ауыл­дың жұртын сипап қалатынын ұқты. Мектепке маңайлай алмай­ды. Бүрсең қаққан оқушылар мен мұғалімдер... Әр сыныпқа пеш салдыртты. Одан ештеңе өнбеді. Сосын білікті мамандарды жұ­мыл­дыра отырып, өз бу қазан­дықтарын ойлап тапты. Кәдімгі самаурынға ұқсатып жасалған қон­дырғы еңселі ғимаратқа орна­тылды. Жаңа үлгідегі бу қазан­ды­ғына қарағанда экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді бол­ған­дықтан әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Мәдениет, денсаулық сақтау мекемелері де осы әдіспен жылытылды. Жергілікті өнертап­қыш­тардың жаңалығын аудан­ның көптеген білім ордалары кеңі­нен қолданды. ЯМЗ-238 мо­торы негізінде 200 киловаттық генератор қойылып, кешкі мезгілдерде «Ильич шамы» самаладай жарқырап тұрады. Осылай­ша М.Лұқпанов қысқа жіпті күр­меуге келтіре жүріп, егіншілік саласына озық технологияларды енгізуді де ұмыт қалдырған жоқ. Қазір мұнда 5 мың гектардан астам егістік алқап бар. Орта есеппен алғанда өнімділік 15-17 цент­нерді құрайды. Енді етті мал шаруа­шылығын дамыту қамына кірісіп кеткен. Осы мақсатпен 400 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алудың тиісті құжаттарын әзірлеп қойды. Бүгінде еліне елеулі, халқына қалаулы азамат Мұхамеджан Лұқ­панов­ты жұртшылық «Қы­зыл­жар­дың Атымтай жомарты» деп орын­ды мақтан етеді. Олай болатын жөні бар. Егіншілік са­ла­сы бо­йын­ша ғана 45 ауыл­да­сын жұ­мыспен қамтамасыз етсе, жоға­ры­дағы ин­новациялық жобалар жүзеге асқан жағдайда осын­ша адам жұмысқа тағы орна­ла­сатын болады. – Бірде Елбасымыз «Парыз» конкурсының жеңімпаздарын марапаттап тұрып, ел тұрғындары­ның әлеуметтік мәселелерін ше­шу­­ге тікелей атсалысып, өмір сапа­­сын жақсарта білген адам ғана нағыз кәсіпкер деуге әбден лайық, деген сөзі маған ерекше әсер етіп, әлеуметтік серіктестік парызымды адал орындауға ұм­ты­лып келемін,– дейді тәжір­и­белі басшы. Содан бері Президенттің әлеу­­меттік әріптестікті өрістету ту­ралы ұсынысын жан-жақты қолдап, қаржылық демеуден қол үзген емес. Берген уәдеге беріктігін талай мәрте дәлелдеді. Сонау қиыншылық жылдардың өзінде атамекенге оралған 46 оралман отбасының 236 мүшесін құшақ жая қарсы алып, барлық жағда­йы­н жасап берген ол ауыл­дас­тары үшін бәріне әзір. Ауылды көр­кейтуге, білім, денсаулық мә­де­ниет ошақтарын жөндеуге 35 миллион теңгеден астам қаражат жұм­сады. 7 тонналық диірмен ор­­на­ты­лып, наубайхана іске қо­сылып, нан және нан өнімдері қолжетімді ба­ға­мен сатылады. Жастар бос уа­қыт­тарын көңілді де мазмұнды өт­кізсін деген ниетпен мәдениет үйін еуропалық үлгіде жөндетіп, жы­лы­ту жүйе­сін жаңартты. 2,5 миллион тең­геге жобалық-сметалық құжат­тарын серіктестік есебінен әзір­ле­тіп, «Азия даму» банкі бөлген 76 миллион теңге қаражатқа 9 шақы­рым су құбырын тартуға тікелей ұйытқы болды. Су соратын станса мен 400 текше метрлік сы­йымдылық орнатылды. 100 үйге ауыз су жеткізіліп, есептегіш құ­ралдар орнатылды. Спорт құ­рал-жаб­дықтарын, компьютерлер әперу, жазғы, қысқы спорт алаң­дарымен, ыстық тамақпен қам­тамасыз ету – серіктестіктің төл міндеттерінің бірі секілді. Балалар мерекелері еш ақысыз ұйым­дас­тырылады. Нау­қан кездерінде қырманда, қос бас­та­рында монша жұмыс істеп, ди­қан-меха­ни­заторларға төрт мезгіл тегін ыс­тық тамақ беріледі. Ша­руа­­шы­лық жетекшісіне ардагерлер, көп балалы отбасылар, аз қам­тылған жандар дән риза. Олар­ға көпте­ген әлеуметтік же­ңіл­діктер қа­рас­тырылған. Жем-шөп, отынға дейін үйге тегін түсіріліп беріледі, дейді қам­қорлыққа ризашы­лығын білдірген еңбек ардагер­лері­нің бірі Иосиф Войтик. «Қызылжардың Атымтайы» облыстық мәлихаттың депутат­ты­ғына қатарынан екі рет сай­ла­нып, небір игі шаралардың жар­шы­сына айналды. Әсіресе, оның елді мекендерді көркейтуге, мә­де­ни-әлеуметтік нысандарды жөн­­деуге жұмсалатын қаржылық шы­ғын­дардың жартысын серіктестіктер, шаруа қожалықтары есебінен өтеуді діттеген «50х50» баста­ма­сына кәсіпкерлер қызу үн қосты. Сөйтіп, әлеуметтік саланы дамы­ту­ға 600 миллион теңге жұмсалды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ең­бе­гі, елдің әлеуметтік-экономи­ка­лық жә­не мәдени дамуына қос­қан елеулі еңбегі үшін Прези­дент­тің Жар­лы­ғымен бір топ солтүстік­қазақ­стандықтар мемлекеттік награ­да­ларға ие болды. Солардың бірі – біз сөз етіп отырған Мұхамеджан Лұқпанов. Бұл Мұқаңның бірінші марапаты емес. Оның алдында «Ерен ең­бегі үшін» медалін кеудеге жар­қы­рата таққан болатын. Енді «Құр­мет» ордені қосылды. Сол­түстік Қазақстан облысының құр­мет­ті азаматы атағы және бар. Был­тыр ауылдың Совхозное атауы өз­ге­ріп, байырғы Ақжар­қын атын ал­ды. Мәселе қара­жатқа келіп тірелгенде тағы да атымтай-жо­марттық көрсеткен осы Мұқаң болатын. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы.