Аймақтар • 03 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстандағы баспана дауы

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының әкімдігі қала тұрғынын пәтерінен еріксіз түрде шығару үшін сотқа жүгініп отыр.

Солтүстік Қазақстандағы баспана дауы

Баспана иесі болса, құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып, өзін үйдің заңды иесі екенін дәлелдей алмай жүр. Алғашқы сот отырысында 3 бөлмелі баспананы әкімдік балансына өткізу туралы шешім  шығарылған. Басы дауға қалған азаматша 1995 жылы  Германияға көшкен отбасының пәтерін сатып алғанымен, осы күнге дейін өз атына рәсімдемеген. Жергілікті шенеуніктер  баспана иесіз деген уәжді алға тартып, коммуналдық меншікке алмақшы.

«Петропавл қаласы прокуратурасының ұсынысымен үш бөлмелі баспана әділет департаментіне иесіз ретінде тіркелді. Енді сот шешімімен  әкімдік балансына берілуі тиіс», дейді қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Елена Богдан.

Ал, заңгерлердің пікірінше жылжымайтын мүлікті иесіз деп табу үшін оның қожайыны болмауы немесе ол өз мүлкінен бас тартуы керек. Болмаса жылдар бойы коммуналдық төлем, салық өтелмеген жағдайда иесіз деп тануға болады7

Адвокат Анна Лесныхтың айтуына қарағанда, оның қорғауындағы азаматша баспана дауы мәселесі бойынша сотқа осыдан бес жыл бұрын шақыртылып, пәтер иесінің Германияда тұрып жатқандығы, одан ешқандай шағым түспегені ескеріліп, ешқандай шешім шығарылмаған. Енді қала әкімдігінің ескі істі қайтадан қозғап, сотқа қайрылуы түсініксіз.

Пәтердің қазіргі тұрғындары баспананың бұрынғы иесімен байланысқа шығып, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу жұмыстарына кіріскен. Сот шешімін қайта қарау туралы аппеляциялық шағым да түсіріпті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы