Аймақтар • 03 Қазан, 2018

Аяздарда тоңбайсың ба, көксары..

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының шеткі тұрғын ауданында бір құс ойнап жүрген балалардың басындағы қалпағын алып кетті. Құстың қылығына таңғалған балалар әуелде абдырап қалады.  

Аяздарда тоңбайсың ба, көксары..

Бірақ құс алысқа ұшып кетпейді, әудем жерге барып қонады. Балалардың шуынан да үрікпейді, олар нан ұсынып еді, құс қалпақты қайтып берді. Әлгі құс үйдің ауласындағы құм төселген балалар алаңына келіп, шашылып жатқан ойыншықтарды аударыстырып «ойнайды». Ересектер бұл құсты қаршыға деп ойлайды. Дереу суретке түсіріп алып, облыстық тарихи және өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, биолог Андрей Андрющенкоға көрсетті. 

– Мен өзім құсты тірідей көргенім жоқ, маған танысым оның суретін әкеліп көрсетті. Бұл көксары деген жыртқыш құс. Ол облыс өңірінде жиі кездеседі. Менің байқауымша, құс қолға үйретілген. Балалардың қалпағын бірнеше рет алып кеткен, ұсынған жемді жеген. Біреу құсты қолда ұстап, айырылып қалған болуы керек, – дейді Андрей Андрющенко.

Естуімізше, құсты соңғы күндері тұрғындар көре алмаған. Биолог маманның айтуынша, ол адамдардан алыс кете алмайды, осылай қаланы, өзге елді мекендерді айналып жүреді. 

– Ең өкініштісі, көксары енді жылы жаққа ұшып кете алмауы мүмкін. Қолға үйренген құс алысқа ұшпайды. Ал жыртқыш құстарды рұқсатсыз қолға үй­ретуге бізде заң тыйым салады. Бірақ адамдар оны ескере бермейді, қолда ұстағанды қызық көреді. Ондай құс табиғатта еркін өмір сүре алмайды. Бұл дала тағысы үшін обал, – дейді Андрей Валентинович. 

Биолог-маманның айтуынша, көксарыға бір отбасы ауласынан ұя жасағысы келеді екен. Бірақ Қостанайдың қаһарлы қысы көксарыны аяйды ма? Әңгіме сонда ғой. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ