Аймақтар • 03 Қазан, 2018

«Тұлпар мініп, ту алған» байқауы мәресіне жетті

1758 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 6-10 сынып оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» әдеби және тарихи танымдық байқауы мәресіне жетіп, Оқушылар сарайында финалдық сын өткізілді.

«Тұлпар мініп, ту алған» байқауы мәресіне жетті

Бұған дейін Алматының 8 ауданын­­да іріктеу сайыстары өтті. «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, жеңімпаз атануға 1300-ден аса үміткер тілек білдірді. Әр ауданнан үш жеңімпаздан іріктеліп, оза шауып келген 24 жүлдегер оқушы қалалық сынның қаталдау болатынын қазылар алқасының құрамына қарап-ақ байқады. Ұлттық жобаны қолдап, ерте көктемнен бастап жыр жаттап жүзден жүйрік атанып келген талапты оқушылардың өнеріне академик Өмірзақ Айтбаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәли­хан Қалижан, профессор, әдебиет­ші-ғалымдар Тынысбек Қоңы­ратбаев, Темірхан Тебегенов, Серік Қорабайұлы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай төрелік жасады. 

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлт­тық жобасы несімен құнды? Эпос­тық жыр-дастандар – қағаз­бен қатталмаған, жылнамасы жоқ тарихымыздың ауызша жет­кен сипаттамасы, ұлттық құнды­лығы­мыздың ауқымды бір бөлігі. Бүгін­гідей бала санасының әр тал­шығын бүкілғаламдық тор шең­гелдеп тұрып шырмап алған кезеңде оның тарихи, көркем, пәлсапалық маңызын ұмыт­тырмай, бабалар аманаттап кеткен жәдігердің әр жолын көздің қара­шығынай сақтап, бойға сіңі­ру­ге әр қазақ құмбыл болуы тиіс. Тегеурінді технологияның тасасында қалып бара жатқан ауыз әдебиетінің інжу-маржаны ендігі жерде ешкімге де қажет емес деп қарайтындар бар. Ен­деше эпостық жырға, батырлар жырына құрметті арттыру үшін ын­таландырып жаттатудың, қызық­тырып оқытудың әдіс-амалдары қарастырылса, құба-құп. «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасының осындай пайым тұрғысынан қолға алынғаны анық. Жоба жетекшісі, ақын Серік Сейтманның айтуынша, «Тұлпар мініп, ту алған» бай­қауы оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясы­на, асыл мұраға деген сүйіспеншілік­ке және патриотизмге тәрбие­леу, намысшылдық, қайсар­лық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеруді мақсат тұтады. 

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған ұлттық жоба 1-орын алған жеңімпаз балаға бірден 1 500 000 теңге жүлде тағайындады. Мұншама қомақты жүлде қоры бұрын-соңды білімге қатысты байқауларда болған емес. Өзге сыныптастары ала жаздай доп теуіп, думанды жаздың қызығына тоймай, сейіл-серуеннен қолдары тимей жүргенде бұл балалар 110 бет­тен тұратын «Алпамыс батыр­ды» жаттады. Рас, аудан­дық деңгейдегі жарыс­тарда анық байқалған, жыр жат­та­ған оқушылардың қарым-қабілеті, білім деңгейі, мүмкіндігі бірдей емес, әртүрлі. 

«Алпамысты» айтып, жүлдеге таласқандардың арасында орыс та, корей де, ұйғыр да болды. Алпыс бет жырды жатқа айтқан Наурызбай ауданының оқушысы Николай Шут әлеуметтік желінің кү­шімен әп-сәтте тұтас қазақ ұлтына ұнап қалды. Міне, осындай қызығы мен шыжығы қатар жүрген жарыс алпыс түгілі «сексен, тоқсан беттерді» шаң қап­ты­рып, шашасына шаң жұқтыр­май жүз бет жырды толық жатта­ған­­­дарды ғана мәреге топтастыр­ды. Тайжарысқа тайсалмай келген­дер­дің бар ықылас-ынтасы күндіз-түні қолынан кітабы түспей жат­таған ұзын-сонар жолдарды ұмы­тып қалмауға бағытталғандай. Бала болса да ұстазының үмі­тін, мек­тебінің алдындағы жауап­кер­шілікті сезінеді. Ұстаз демек­ші, «Тұлпар мініп, ту алған» бай­қауы­ның басты ерекшелігі – миллионды қанжығасына байлаған жеңім­паз оқушыны баптаған тәлімгері Англияның Оксфорд қаласында үш ай тіл білімін жетіл­діру орталығынан ағылшын тілін терең меңгеріп қайтаруға жіберіледі. Екінші орын алған оқушының мұғалімі – екі ай, үшінші орын – бір ай тіл үйренуге мүмкіндік алады. Жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілін меңгеру міндеттеліп жатқан кезеңде бұл мұғалім үшін де таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.

Сонымен, байқаудың үш же­ңім­­пазы да Алматы қала­сы­ның бір ғана ауданы­нан – қаза­ғы қалың қоныстанған Алатау ауда­нынан шықты. Енді бір аудан­­нан үш бірдей ұстаз Окс­форд­т­қа аттанады. Жеңім­паз оқу­шы­лар мен ұстаздар: 1-орын Ару­­жан Әбсаттар (тәлімгері Майра Айыпханқызы), 2-орын Бек­­зат Шардарбек (Фарида Сү­лей­­менова), 3-орын Абылай Бер­дашев (Айжан Оспанбекова) биыл­ғы байқаудың мықты­лары болды. Ал ынталандыру сый­лы­­ғы­ның иегерлері болып Шың­ғыс­­хан Армия, Мәншүк Арыстан­бек, Санат Ғизатұлы танылды. 
Ендігі жерде жырды жүл­де үшін емес, өзі үшін жаттай­­тын­дардың қатары көбейіп, ауқы­мы кеңейсе, көмескі тарт­қан өнер­дің шоғын маздатуды көз­деген байқау мақсатының орындалғаны.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ