Қазақстан • 03 Қазан, 2018

Екатерина Дворецкая ел атынан бақ сынайды

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Хайнань аралында өтетін «Әлем аруы-2018» конкурсында Қазақстанның намысын қарағандылық Екатерина Дворецкая қорғайтын болды. Жер шарының ажарына ақылы сай сұлулары аралдағы Санья қаласында 10 қарашада жиналып, бір айдың мұғдарына «Сұлулық мақсат үшін» қайырымдылық жобаларына, сонымен қатар ең үздік ұлттық киім байқауына және дарындылар шоу-бағдарламасына қатысады.

Екатерина Дворецкая ел атынан бақ сынайды

Негізі, биылғы «Қазақстан аруы» байқауында Атырау қаласының тұрғыны Альфия Ерсайын жеңімпаз атанған болатын. Дегенмен, ару қыз бар болғаны 16 жаста болғандықтан, дүниежүзі сұлуларының сайысына қатыса алмайды. Тек, келесі жылы 17 жасқа толғанда ғана ол «Әлем аруы-2019» конкурсында еліміздің атынан бақ сынайтын болады.

Ал Екатерина Дворецкаяға келетін болсақ, ол Қазақстанның 2018 жылғы бірінші вице-аруы болғандықтан, әлемдік лицензия талаптарына сай, «Әлем аруы-2018» конкурсына қатысу құқығына ие болды.

Екатерина Дворецкая Теміртау қаласының тумасы, осындағы №1 гимназияда оқыған. Қазір ол Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 3-курс студенті. Сұлу қыз суда мәнерлеп жүзумен айналысқан, қазір үлкен теннис және жүгірумен шұғылданады.

Айта кететін жайт, Екатерина Дворецкая 2017 жылы «Қарағанды аруы» конкурсында жеңіске жеткенінде, жүлдеге берілген қаражатты қаладағы балалар үйлерінің біріне сыйға тарту еткен болатын.

Әлемнің 2018 жылғы ең сұлу қызы алдымыздағы желтоқсан айының 8-інде анықталатын болады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ