![Ақмола облысында Макинск құс фабрикасы ашылды](/article_photo/1538625668_article_b.jpeg)
Бұланды ауданында жылына 25 000 тонна құс етін өндіретін фабриканың бірінші кезеңі іске қосылды. Құны 45,6 миллиард теңгені құрайтын жобаның қатысушылары қазақстандық және шетелдік инвесторлар, атап айтқанда Aitas KZ холдингі, Еуропа Қайта құру және даму банкі, «Вaiterek Venture Fund» АҚ және «Қазақстан даму банкі» АҚ-тың кредиттік желісі.
Фабриканың бірінші кезеңі тоғыз өндірістік алаңды қамтиды. Олар әрқайсысында он екі құс қорасы бар төрт бройлерлік инкубатор, құс етін өңдеу зауыты, қалдықтарды қордаландыру желісі, қосалқы алаң, жемшөп өңдеу цехы. Бүгін фабрика ашылып, инкубатордың қақпағы жабылды. Алғашқы 300 000 жұмыртқа салынды. Фабриканың бірінші кезегіндегі қалған алаңдар биылғы жылдың соңына дейін іске қосылатын болады. Екінші кезеңін іске қосу 2020 жылдың екінші жартысына межеленіп отыр.
– Макинск құс фабрикасы тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азия өңірінде ең ірі кәсіпорындардың бірі болмақ, – деді облыс әкімі Мәлік Мырзалин. Бұл шара ең алдымен Астана қаласының сауда сөрелерін сапалы құс етімен және жұмыртқамен қамтуға мүмкіндік береді. Әрі Макинск қаласындағы жұмыссыздықты жоюға да әсері болмақ. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетіп жатырмыз.
Облыс әкімі импорттық азық-түлік тауарларын ығыстырып, отандық өнім мөлшерін көбейтуге фабрика тигізер септігін нақты талдап, қолмен қойғандай етіп айтып берді. Фабрика шығаратын негізгі өнім – тоңазытылған бройлер еті. Екінші кезекті іске қосқаннан кейін кәсіпорынның қуаты құс етіне деген ішкі нарықтың қажеттілігін 15 процентке дейін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сөз арасында 2017 жылы елдегі құс етін тұтыну 341 000 тоннаны құрағандығын айта кеткен ләзім. Жаңа фабрика өз кезегінде импорт үлесін қазіргі 50,4 проценттен 32,6 процентке дейін азайтуға мүмкіндік береді.
– Макинск құс фабрикасы – әлемдік құс шаруашылығының озат үлгісі. Ең үздік жабдық, ең үздік тәжірибе осында, – деді Aitas KZ компаниясының бас директоры және құрылтайшысы Серік Толықпаев.
Сонымен қатар ол стратегиялық жоспарда 2023 жылы қуат жылына 100 000
тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасының ІІІ кезеңін іске қосу көзделгенін атап өтті. Бұл мақсатта қосымша 100 миллион доллар инвестиция салынады. Орта мерзімді перспективада компания ІPO-ға шығу мүмкіндігін қарастырып отыр. Макинск құс фабрикасы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының нарықтарына бағдарланған. Ең алдымен, Астана және Қарағанды қалаларына мұнда өндірілетін тауық етін 60%-ке дейін өткізу жоспарланған.
Құс фабрикасының аумағында орналасатын барлық ғимараттардың жалпы ауданы 227 366,88 шаршы метрді құрайтын болады. Кәсіпорында биоқауіпсіздік пен өндірістің экология талаптарын сақтау мақсатында инкубациялық өндіріс, құс сою және ет-сүйек ұнын өндіру кезеңдерінде жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. «Aitas KZ» АҚ – вертикальды-интеграцияланған холдинг, өз құрамында өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және ет өңдеу саласындағы кәсіпорындарды біріктіреді. Холдинг құрамына 11 компания кіреді, оның ішінде жылына 25 000 мың тонна бройлер етін өндіретін және қайта өңдейтін заманауи кәсіпорын – Өскемен құс фабрикасы мен Макинск құс фабрикасы бар. Соңғысының қуаты 2020 жылы жылына 50 мың тонна ет өндіруге дейін артуға тиіс.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы