30 Желтоқсан, 2011

Ет экспорты артып келеді

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан өзі орналасқан аймақтағы азық-түлік қауіпсіз­дігі мәселесінде ерекше орын ала­ды. Сондықтан Мемлекет бас­­шысы Үкімет және аграрлық сала алдына отандық ет өнімі экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға жеткізуді тап­сырды. Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспор­тына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңге несие ресур­сын бөледі, деді бұл жөнінде Президент өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы Жол­дауын­­да. Бағ­дарлама асыл тұ­қым­ды мал басын арттыруға мүмкіндік береді, ал ол өз кезегінде аралас салалардағы өнді­рістің өсімін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 11 қарашасында өткен агроөнер­кәсіп кешені қызмет­кер­лерінің форумында мал шаруа­шылығы саласындағы се­лек­ция­лық жұ­мыс­тарды елімізге әке­лінетін асыл тұқымды мал есебінен күшейте түсуге ша­қырды. Осы мақсатта таяу уақыттағы 5 жыл ішінде асыл тұқымды ірі қара басын 246 мыңға жеткізу үшін респуб­ликаға әлемнің үз­дік мал тұқымдарынан 72 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал әкелінбек. Етті мал шаруашылығын дамы­ту жобасын нақтылау үшін қосымша 7,3 млрд. теңге, ал ветеринария жүйесін жетілдіру үшін 7,5 млрд. теңге бөлу қарас­ты­рылуда. 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында фермерлік шаруашылықтар 45 мың асыл тұқымды саналмайтын сиыр­лар сатып алған. Оларды асыл тұқымды бұқамен будан­дастыру есебінен алдағы жыл­дары өнімді төл алынады деп күтілуде. 2003 жылмен салыстырған­да қой басы да 1,5 есеге артты. Құс етін өндіру 2000 жылдан бері 3 есеге артып, 33,3 мың тоннадан биылғы көрсеткіш 112 мың тоннаға жетті. 2000 жылы құс фабрикаларында құс етінің тек жартысы ғана өндірілсе, қазіргі күні құс фабрикалары еліміздегі құс еті өнеркәсібінің жалпы көлемінің 92%-ын (104 мың тонна) беріп отыр. «Егемен-ақпарат».