Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі беріледі

960 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі лайық екені осыдан 15 жылдай бұрын көтеріліп, облыстағы, тіпті республикадағы зия­лы қауым арасында жиі ай­ты­лып қоятын. Алайда тәуел­сіздігімізді алғанымызға ширек ғасырдан асса да, осы істің бір оңтайы түспей жүр еді. Қазақ әдебиетінде өзінің көшелі орны бар Бейімбет Майлин енді туған жерінде аудан атын иеленетін болды.

Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі беріледі

Таран аудандық мәслиха­тының тұрақты комиссиясы мүшелерінің бірлескен отырысында большевик Лаврентий Таран атындағы аудан мен село, селолық округ атын өз­гер­­­ту мәселесі талқыланды. Мә­­­жіліске депутаттармен бір­ге қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Таран селосының тұрғындары қатысты. Отырыста аудан әкімі Қуандық Испергеновтің өтініші бойын­ша күн тәртібіне қойылған аудан­ атын Бейімбет Майлин деп өзгерту туралы мәселе жө­нін­де 14 адам сөйледі. Әрине Та­ранның халық үшін күрескен тарихи тұлға екені туралы пікір де айтылмай қалған жоқ. Кеңес өкіметін құру жолында қылыш сермеген тек Таран емес. Ал сол жолда, Кеңес идео­логиясы, қызыл империя тұсында қазақ­тың көрмегені бар ма? Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің жер­лестерімен кездесуіндегі: «Бейім­бет Кеңес өкіметін жырлаған сияқты көрінеді. Жоқ, олай емес! Би-аға Кеңес өкіметін, сол құрылымды мысқылдады» деген сөзін еске алсақ, Би-ағаның дәуір биігінен қараған кемеңгер қалам иесі екенін түсінеміз, кімнің кім екенін білгендей боламыз. Тұтас бір дәуір жазушылары Бейімбет Майлин «шекпенінен шықты».

Басқосуда аудан Бейімбет Май­­лин атымен аталатынына комис­сия мүше­лері бірауыздан ұйғарым жасағаннан кейін,­ ­ау­­дан орталығы саналатын Таран село­сының атын өзгерту мәсе­лесі қаралды. Осы оты­рысқа қатыс­қан белгілі ақын Ақыл­бек Шаях­мет бұл мәселе енді жердің атын өзгерту емес, тарихи атауын қайта қал­пына келтіру болып саналатынын айтты.

– Бұл село тұрған жер әу бас­­та Дамбар болысынан бөлі­ніп шыққан Әйет болысына қараған. Одан кейін Кеңес кезін­­дегі саясаттың, қоныс ауда­рушылардың ықпалымен «Вик­торов», одан кейінгі жылдары «Таран» деп аталды. Бастапқы аты «Әйет» деп аталған. Әйет – осы жерден ағатын Тобылдың бір саласы, суы мол өзен. Нұрқан Ах­­метбековтің «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ» деп жырға қосатыны осы Әйет. Түйе­мойнақ та жердің қойнау-қойнауымен түйенің мойнындай иіріліп ағатын өзеннің аты, қазіргі Денисов ауданы тұрған жер. Ал Әйет сөзі кісі аты болуы да мүмкін, жердің сазды болуын білдіруі де ықтимал. Қазақтың осындай керемет сұлу сөздері тұрғанда даладан атау іздедік-ау! – дейді Ақылбек Қожаұлы. 

Сонымен, отырыста Таран селосының аты Әйет болып өзгертілетін болды. Енді құжаттар Республикалық ономастика комиссиясына жіберіледі. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Таран ауданы