30 Желтоқсан, 2011

Қол жеткенге тоқмейілсімейміз

404 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Облыстың шеткері өңірінде орналасқан ауданның негізгі са­ласы – ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік  жақсы қарқынмен дамып келеді. Соң­ғы 10 жыл ішінде тың және тыңайған жерлерді игеру есебінен егістік көлемі 2 еседен астам өсіп, 327 мың гектар алқап­ты құрады. Тәуелсіздік мерекесі жылы Отан қамбасына бұрын-соңды болмаған мол астық құйыл­ды. Гектар өнімділігі 17,3 центнерден айналып, 600 мың тоннаға жуық астық жиналды. Үкіметтің аграрлық саланы қар­жылық қолдауы, жаңа ғылыми жетістіктер мен технологиялар­ды енгізу, тұқым сапасын жақ­сарту, мамандарды қайта даярлау шаралары өз жемісін берді. Әсіресе, техникалық қайта жа­рақтандыру жұмыстары қар­қын­ды жүргізіліп, машина-трак­тор паркінің 85 пайызы жаңар­тылды. Соңғы жылдары 6 млрд. 447 млн. теңгеге 400-ден астам заманауи ауылшаруашылық тех­никалары сатып алынды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың биылғы Жолдауындағы етті мал шаруашылығын дамы­ту тапсырмаларын орындаудың жолдары да жан-жақты қарас­ты­рылған. 1997 жылы барлық тү­ліктің саны 40 мыңнан сәл ға­на асатын. Содан бергі уақытта жеке сектордағы және агроқұ­ры­лым­дардағы мал басының са­ны 19 мың басқа көбейді. Биыл мал өсіруге арнайы бағытталған “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 16 жоба іске асырылып, 1500-ден астам ірі қара мал сатып алынды. Ауданның өнеркәсіп сала­сын өркендетуге баса назар ауда­рылып, бірқатар бағдарла­малар іске қосылды. “Диорит ЛТД” ЖШС-інде қиыршық тас өндіретін кәсіпорын пайда­лануға берілгелі физикалық кө­лем индексі артты. Бағдарлама аясында сағатына 140 тонна қиыршық тас өндіретін құны 874,8 миллион теңгенің шетелдік құрал-жабдықтары орна­тыл­ды  Былтыр индустриялық-инновациялық бағдарламаға сәй­кес 3 ірі жоба жүзеге асы­рыл­ды. Оларға құйылған инвес­тициялардың жалпы көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады. 140 жұмыс орны ашылды.  Қуатты жобалардың бірі Ленинград ауылында орналасқан қиыршық тас өндіретін “Шунгит” ЖШС толық қуатында жұмыс істеуге көшті. “Ақтөбе Гласс” ЖШС 1 миллриард 200 миллон теңге инвестицияны кварц құмын өн­діруге арналған кен байыту фаб­рикасын салып, технологиялық желі пайдалануға берілді. Жергілікті жердің табиғат жағдайы ескеріліп, кәсіпорынның жобалау-сметалық құжаты қайта жасалды.  Сөйтіп, құмды кептіруге ар­нал­ған цехтың жұмысы дизель оты­нынан газға ауыстырылды. Фабрика экологиялық таза байытыл­ған кварц құмын өндіреді.  50-ден астам адам жұмыспен қам­тыл­ды. “Еңбек нан” ЖШС-ның қаржылық қолдауымен сыйым­ды­лығы 60 мың тонналық эле­ватор бой көтерді. Мұнда  астық өнімдерін қайта өңдейтін канада­лық құрал-жабдықтар орнатыл­ған. Жобаның жалпы құны – 745 млн. теңге. Алда атқарылатын маңызды шаруалардың бірі– мал өнімдерін ұқсату өнеркәсібі сала­сын жандандыру.  3 ірі жоба бойынша әзірленген сметалық құ­жаттар қаржыландыру инсти­тут­тарына сараптама жасауға тап­сырылды. Президент жыл сайынғы дәс­түрлі Жолдауында әлеуметтік саланы дамытуға ерекше қолдау көрсетіп келеді. Аудандағы бар­лық елді мекендер білім беру жә­не денсаулық сақтау мекемелерімен қамтамасыз етілген. Жылына 4-5 мектепке күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі. Мектептер мен медициналық қосындардың материалдық-техникалық база­сын нығайтуға бөлінетін қаражат көлемі  артып, көрсетілетін қыз­мет сапасы анағұрлым жақсарды. Компьютер сыныптары “Интернет” және “Оkу.Net” жүйесіне қосылған. Талшық, Ленинград ауылдарында балабақшалар есігін айқара ашты. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында аудан орталығы – Талшық ауылында 100 төсектік 200 адамды қабылдайтын емхана пайдалануға берілді. 400 орын­дық жаңа стадион саламатты өмір салтын серік еткен тұрғын­дардың жиі баратын орындары­ның бірі деуге болады. “Ауыз су” бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджеттен қарастырылған 213,6 млн. теңге қаражатқа Тал­шық, Ленинград және Совхоз ауылдарына тораптық су құбыр­лары, Горький, Ұялы, Май, Алқатерек, Восход ауылдарына жергілікті сумен қамтамасыз ету жүйелері тартылды. Республика­лық бюджеттен бөлінген 500 млн. теңгеге Бостандық, Киев ауыл­дарына су мұнарасы құры­лысымен бірге су құбырлары жеткізілді. Құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі жеке адамдардың қара­жатына да, жергілікті бюд­жет есебінен де  салынды. Бұрынғы білім бөлімінің екі қабатты бос тұрған ғимараты қайта жөндеуден өткізіліп, жас отбасылар үшін шағын жатақха­наға лайықталды. Бір коммунал­дық үй пайдалануға берілді. “Жұмыспен қамту-2020” бағдар­ла­масы аясында тағы 8 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соңғы бес жыл ішінде мәде­ниет нысандарының саны 4 есеге өсіп, 18 клубты, 13 мемлекеттік кітапхананы құрап отыр. «Жол картасы» шеңберінде аудандық мәдениет үйі, Кеңащы  ауылдық клубы қалпына келтірілді. Олар­дың жөндеу жұмыстарына 27 миллион теңге жұмсалды. Елбасының салиқалы саясаты мен жарқын бастамаларының нә­ти­жесінде жиырма жылдың ішінде әлем мойындаған Қазақстан мемлекеті құрылды, елдің жағ­дайы, экономикасы түзелді. Біз Президент белгілеп берген міндеттерді орындау мақсатында жә­не ауданның әлеуметтік-экономи­калық дамуы жолында қол жеткен табысымызды нығайтуға бар­лық күш-қуатымыз бен тәжіри­бемізді жұмсай беретін боламыз.

Ағзам ТАСТЕМІРОВ, Ақжар ауданының әкімі.

Солтүстік Қазақстан облысы.
Соңғы жаңалықтар