30 Желтоқсан, 2011

Әбіл ҚОЖАПОВ: «Ұлттық спорт түрлерін қолдауға мемлекет ықпалы ерекше!»

1156 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Бүгінгі күні республикамызда ұлттық спортты дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Оның себебі, Қазақстан Республикасы Президентінің Дене шы­нық­тыру мен спортты дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде көп­теген іс-шаралардың қамтылуына болып отыр. Тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет қабылданған мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде бұл күндері ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілетін жа­рыстар тек қана облыс орталықтарында ғана емес, қазіргі кезде аудан мен ауылдарды да қамтып келеді. ҚР Туризм және спорт министрлігі оның ішінде Спорт комитеті облыстардағы дене шынықтыру мен спорт басқар­ма­лары және жергілікті әкімдіктер жәрдемімен ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ал, бұған өз кезегінде рес­публикалық Ұлттық спорт түрлерінің қауымдас­ты­ғы мен спорт феде­рациялары, және олардың жергілікті бөлімшелері өз үлестерін қосуда. Қазақстан Республикасының Ұлт­тық спорт түрлері қауымдас­тығы министрліктің Спорт комитетімен тығыз бай­ланыс орната оты­­­рып, өз қарамағына 15 рес­публикалық федерацияны, 18 облыстық және 115 аудандық, қалалық бөлімше­­­­­лерді біріктірген. Жыл көлемінде республика бойынша ұлттық спорт түр­лерін насихаттау үшін 100-ден астам халықаралық, және республикалық жарыстар ұйымдастырылып жүр. Спорт комитеті ел ішіне жете танымал болған ұлттық ат спортынан өзге де «Тоғызқұмалақ», «Саят», «Құсбегі», «Жұдырықтасу» сынды ойындар түр­леріне де қолдау көрсетіп отыр. Қазақтың жекпе-жек өнерінің негізі болған жұ­ды­рықтасу ойыны бүгінде ұлттық спорт түрлері құ­ра­мы­на енгізілген. Қазіргі кезде республика бойынша фе­де­рацияның облыстық, қалалық бөлімшелері жұ­мыс­ істеп келеді. Жақында ғана Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы мерекесіне арналған «Ұлы дала батырлары» ат­ты халықаралық жарыс өткізген республикалық Жұ­ды­рықтасу федерациясының президенті Әбіл ҚОЖА­ПОВ мырзамен сұхбаттасқан едік. – Әбіл Абзалұлы, біз жұдырықтасу деген сөзді естісек – боксты елестетеміз. Алайда сіз жетекшілік ететін федерация қазақтың ұлт­тық спорт түрі ретінде танылды. Оқырман қауымды жұдырықтасу өнерінің тарихымен таныстырсақ. – Ең бірінші айтарым, жұдырықтасу – ұлт­тық спорттың ең жарқын түрі. Оны біз бүгін ойдан шығарған жоқпыз. Ұлы даланы жаң­ғыр­тып, тұлпардың тұяғы, жігіттің білегімен талай биікті бағындырған дала көшпенділерінің, ба­тыр да ержүрек бабаларымыздың аса қадірлі спорт өнері. Бұл – қазақша күрестің Кеңестің озбыр саясаты арқасында еленбей, ұмыт қалған түрі. Олимпиадалық спорттағы жекпе жек, кү­рес­тің барлық түрінің қолданбалы, қорғаныс тәсілдері бар. Бірақ бұл қазақша күресте ғана жоқ. Бәріңізге белгілі каратэнің – ушу-саньда, дзюдоның – госин-дзюцу сынды ерекше түрле­рін білеміз. Осыдан келіп, «біздің қазақша күрес шын мәнінде дәл бүгінгідей тек ойын-тойдың ғана көрінісі болды ма?» деген сұрақ көкейде тұратыны даусыз. Қазақ даласының түрлі мұра­ғаттарын ақтарып, осы өнерді терең зерттегісі келген жігіттер, дәлірек айтқанда Бекайдар Той­лыбаев сынды азаматымыз ерте кездегі бабал­а­ры­мыздың қазақ батырларының бүгінгі қазақша күреске қарағанда әлдеқайда айбарлы жекпе жек түрімен соғысып, бақ сынасқанын анық­та­ды. Мұрағат қағаздары 1726 жылы «күресте мер­тіккендер болмау үшін, жерге жығылғандар­ды ұрмау туралы» патша жарлығы шыққанын көр­сетті. Кеңес Одағы кезінде «өзін қорғау шегін асы­ра пайдалану» заңмен қудаланатын бол­ған­дықтан жекпе жектің барлық ізі жойыла бастады. Осыған байланысты соғыс өнерімен тек қана НКВД сынды орындардың қызметкер­леріне шұ­ғыл­дануға рұқсат берілді. Күрестің бұл түрі яғ­ни, жұдырықтасу сайысы ерте кезде елден кеткен ағайындардың арасында күні кешеге дейін өткізіліп келгені жайлы мәліметтер жетерлік. – Жұдырықтасу қазақша күрестің бір бөлігі деп отырсыз, егер дәл осылай болса, онда біздің батыр бабаларымыздың бәрі осы өнерді терең меңгерген болар? – Әрине, алысқа бармай, бәрімізге белгілі Абылай хан – 19 жасар Әбілмансұрдың қалмақ батырын жеңген тарихын алыңыз. Бұл да жекпе жек өнері ғой. Мұндай күресте дайындықсыз, тамаша меңгерген тәсілсіз алға шығу мүмкін бе? Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай,т.т. қаншама ба­тыр­лар – бәрінің де жекпе жекте, күресте жауын жеңген батырлығы олардың білек күші мен жү­ректілігімен әспеттеледі. Ендеше, олардың бар­лығы да жекпе жектің, жұдырықтасу өнерінің хас шеберлері болды. Кешегі Қажымұқан па­лу­ан­ды алыңыз. Күллі әлем оны нар палуан деп қана емес, сол заманда-ақ, 50-ге тарта медаль та­ғып, спортта өзіне теңдесі табылмаған әлем­нің ең атақты чемпиондарының қатарына қосты. Егер тарихқа жүгінсек, атақты Саракики атты жапондық спортшы әлем чемпионаты аяқталған соң, аренаға шығып, кез келген чемпионды жұдырықтасудан жеңетінін мәлімдеген. Ол еш­қан­дай ережелер сақталынбайтын жуй-житсу аталатын жекпе жек түрінен әлем мойындаған чемпион еді. Мұны естіген Қажымұқан шапа­нын шеше салып, алаңға атып шығады. Ұрыс барысында жапондық оның құлағын шайнап үлгереді, бірақ көз ілеспес жылдамдықпен біз­дің батырымыз оны жерге алып ұрады. Осы­лай­ша Қажымұқан жеңіске жетіп, жапондықтың бұл жекпе жекте жүрегі жарылып қайтыс болады. Осы арқылы Қажымұқан бабамыздың да жұдырықтасудан алдына дес бермеген батыр екенін мойындаймыз. – Сіздің әңгімеңізге қарағанда жұдырық­та­су – ережесіз сайыс («бои без правил») аталып жүрген қызықты спорт ойынының қазақша түрі сияқты? – Қарапайым тілмен айтсақ, бұл қазақша – төбелес. Ережесіз сайыста партерде күресу сын­ды тәсілдер бар. Еденде күресу деген сияқты ғой, бірақ бұл қазақша күресте жоқ. Ертеректе қа­зақ жігіттері үшін жерде жығылып жатып, кү­ре­су намыс саналған шығар. Біз де осы баба­ла­ры­мыздың дәстүрімен жұдырықтасуға ондай тәсіл­дер­ді қосуды жөн көрмедік. Бірақ біздің жұды­рықтасумен айналысатын жігіттер үшін «ережесіз сайыс» үлкен мақсаттардың бірі болып қала­ды. Қазіргі кезде біз таңдаулы жігіттерді іріктеп алып, оларды әлемде өткізілетін «ережесіз сайыс» чемпионаттарына дайындауға мүдделіміз. Өйткені спорттың бұл түрі дүние жүзі бойынша аса беделді сайыстар қатарына жатқызылады. Сондықтан да мұндай күреске шыққан жігіттер арқылы қазақты, елімізді әлем танитын болады. – Атышулы спорт саңлақтары туралы жасалған фильмдерде шетелдік жасырын, жабық коммерциялық сайыстарға қатысып ақша тауып, жауларын тізе бүктіріп жатады. Коммерциялық тұрғыда мұндай жарыстар бізде де өткізіле ме? – Жоқ, сіз ойлағандай сайыстар өткізіл­мей­ді. Әрине, белгілі ережелермен мұндай ойындар өткізуге болар еді. Бірақ біздің қоғам әлі бұған дайын емес. Оның да өз уақыты келер. Әзірге қалталылар спорт үшін миллиондаған қаржы­ла­рын бәске қойып, желге шашатындай жағдайға жеткен жоқ. – Бұл спорт түрін жаңғырту да оңай бол­­­ма­ған шығар. Сіздің кәсіби спортшы емес еке­ні­ңізді білеміз. Алайда, осы спорт өнерінің негі­зін қалаған басты тұлға болатыны даусыз ғой. – Әрине. Негізінен, мен қазақша күрес, самбомен бала кезден айналысқам. Бірақ, бұл спорт шеберлігіне кандидаттықтан ары асқан жоқ. Қазіргі күні спорт – тіршілігімнің бір бөлше­гіндей. Экономикамызда қиыншылық басталға­н жылдары бәрін тастап, күнкөріс қамына кірістік қой. Сондай кездері осы жігіттермен араласып тұратынмын. Ол кезде спорт – кімге, кім – спортқа керек болды дейсіз? Сонда біраз жі­гіт­тердің азын-аулақ айлықтарын, әйелдеріне өті­рік айтып, бала-шағасынан жырып, осындай істерге жұмсағанын көзбен көретінмін. «Әттең, қолыма түссе, сендерге көмектесер едім» деп, тіршіліктеріне қарап, бас шайқайтынмын. Уа­қыт өтіп, істеген жұмыстарымыз берекесін берді. Ісіміз алға жүріп, табыс молайды. Осылайша мен бір кезде өзіме берген уәдемді орындап, жігіттердің барлық шығындарын көтеруге күш салдым. Соның арқасында қазір федерация құ­ры­лып, Ұлттық спорт академия басшылары жұ­ды­рықтасуды ұлттық спорт түрі ретінде баға­лап, кафедра ашып, қазір осы мамандық бой­ын­ша спортшылар дайындауға кірісіп кетті. Өз кезегінде еңбегіміз бағаланып, жұдырықтасу ұлт­тық спорт түрі ретінде Қайрат Сатыбалды бас­шы­лық жасайтын Ұлттық спорт түрлері қау­ым­дастығының құрамына кіріп, еліміздегі Спорт және туризм министрлігінің спорттық күнтіз­бе­лік жоспарына кіргізіліп, мемлекеттік деңгейде жылына 7 жарыс ұйымдастырылатын болды. Ай­та кетер бір жағдай, қазіргі кезде ұлттық спортты қолдауға мемлекет ықпалы ерекше. Жоғарыда айтқанымдай, біздер газеттерден, мұрағат құжаттарынан қазақша күрестің жұды­рықтасу деп аталатын түрі бар екенін ғана білдік. Ол жайында ешбір мәліметтер, оның спорт түрі ретінде қабылданған ережесі, тәсілі жоқ екені белгілі. Сондықтан заманға сай, оның үс­тіне қазақ жігітінің бар мүмкіндігін аша алатын нағыз спорттық жекпе жек өнерін туындату керек болды. Шындығында бұл жұмыстарды жасау үшін, оны қоғамға мойындату үшін тұп-тура жеті жыл уақытымыз кетті. Ал енді мұның бастауында тұрған адам жөнінде сұрадыңыз. Ең бастысы, бұл саланың басында ҰСТҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Шақан Нұр­ғалиев сынды азаматтың еңбегін ерекше айтуға тиістіміз. Кейде өнерге шын берілген адамдар болады. Бұл спортта да, жалпы өнерде де, шы­ғармашылықта да солай. Шақан – ма­мандығы бойынша инженер-геофизик. Ал мен дәрігермін. Біздерді табыстырған – спорт. Оның спортқа деген сүйіспеншілігі бүкіл өмірінің мағынасына айналған. Сондықтан да болар, «ел ағасы» ат­ан­ған жасқа жеткенде ол жылдар бойы еңбек еткен саласын тастап, өміріне серік болған спорт саласына түбегейлі бет бұрды. КСРО заманында жекпе жектің қолданбалы түрлері бойынша чемпион атанған Шақан мырза, 2000 жылдары елі­міздің әйелдер ұлттық құрамасында бас жаттық­тырушы қызметтерін атқарды. Тай боксынан жоғары дәрежелі жаттықтырушы. Аз ғана уақыт ішінде кикбоксинг, тай боксы сынды жекпе жек түрлерінен Азия, әлем чемпиондарын, спорт шеберлерін дайындады. Міне, осы азаматтың еселі еңбегі арқасында жұдырықтасу спорты қайта жаңғырды. – Ендігі жерде әңгімені сіздер жаңғырт­қан жұдырықтасу өнерінің ережелері, әдіс-тәсілі жайлы өрбітсек. Оқырмандар үшін бұл да бір қызықты дүние болар еді. – Ата-бабаларымыз мұсылман үшін жеті саны қашанда киелі деп есептеген ғой. Бізге де о бастан барлығын да 7 санының айналысына шоғырландыру туралы ой келді. Яғни, шабуыл­дың 7 тәсілі, қорғанудың 7 тәсілі, лақтырудың 7 тәсілі, 7 түрлі оқу-жаттығулары, 7 шеберлік жә­не 7 ауыспалы әдіс-айлалармен толықтырылды. Жұдырықтасу тек қана аяқ-қолды сермеп төбе­ле­су емес, оның тереңінде үлкен рухани аспектісі жатыр. Ағзаның дұрыс жұмыс істеп, ден­сау­лықтың мықты болуына жауап беретін энер­ге­тикалық көздерді тазалап, бойдағы энергияны бағыттай білу. Қысқаша айтқанда мұндағы ойын да бокстағы секілді, алыс дистанциядағы негізгі тірек сол қапталдан және оң қапталдан (со­ла­қай) тұратын бокстағы классикалық боксшының тұрысындай болып, жақын ара қашықтықта бұл тай боксындағы дәстүрлі тұрысқа айналады. Қолмен орындалатын соққылар бокстағындай, тек түрлі шынтақпен және құлаштап ұру сияқты соққылар бар. Аяқпен орындалатын соққылар, тіземен ұру және одан қорғану тәсілдері каратэ мен тай боксының арсеналынан алынған. Лақ­тыру техникасы түгелдей қазақша күрестікі. Партердегі күрес дзюдо мен жуй-жуйтсудікіне сай келеді. Жұдырықтасудың қолданбалы бөлімі (пышақ, басқа да құралдардан қорғану) самбо мен қол күресінің тәсілдерін қолдану арқылы жүзеге асады. Осыған қарап отырып, бұл барлық жекпе жек түрлерін терең меңгеру қажет деген сөз деп ойламау керек. Бар болғаны ап­та­сына 3-4 жаттығу мен 3-4 ай көлемінде мең­ге­руге болатын жоғарыда айтқан 7 түрлі үй­рену тәсілдерін меңгерудің өзі үлкен нәтиже береді. Ойын барысында қарсы шабуыл мен қарсы соққыларға көбіне баса назар аудару керек. – Мырза, осы уақытқа дейін тәрбиелеген шәкірттер, жұдырықтасудан шыққан алғаш­қы чемпиондар да бар болар? – Біз жас спортшылар тәрбиелеу мен оларды ынталандыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Ең бастысы бізге келген жігіттер мен қыздардың барлығы жекпе жек өнерінің жауынгерлік күрес өнерін жете меңгеріп шы­ғады. Әрине, қандай спортшы үшін де олим­пиадаға қатысу ең үлкен арман. Сол үшін біз жалпы көпшілікке танылған – тай боксы, кик- бок­синг, бокс сынды негізгі жекпе жек түр­ле­рі­мен шұғылдандыруды басты бағыт деп алып, жұдырықтасуды әзірге қосымша үйретуге мәж­бүрміз. Сондықтан да олар әлемдік сайыстарға негізгі әлем таныған спорт түрлері бойынша қатысады. Ал жұдырықтасу үшін ең алғаш рет біз жігіттерге – «Абылай хан белбеуі» ал қыз балалар үшін – «Баян белбеуі» бас жүлделер та­ғай­ындап, ашық республикалық турнир өткізген едік. Қазіргі күні бұл дәстүрге айналып, елі­міз­дің Шымкент, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстан сынды елдерден де жасөспірімдер қатысты. Астана қаласындағы біздің жұдырықтасу федера­ция­сының бөлімін Нұралы Әубәкіров басқарады. Олардың арасынан әлі талай саңлақтар шы­ғат­ы­нына кәміл сенеміз. Бізде 7 жыл бойы жат­ты­ғып, қазір кәсіби боксқа ауысқан Жұлдызай Иман­баева, муайтай боксынан әлемнің қола чем­пионы, кикбоксингтен бірнеше дүркін Қа­зақстан чемпионы, 2005 жылы қыздар арасынан бокстан алғашқы республика чемпионы, Азия ойындарының бокстан күміс жүлдегері атақта­­рын қанжығаға байласа, Қазақстан мен Ресейдің кикбоксингтен спорт шебері Қанат Амантаевты, бодьжи-санда бойынша Азия чемпионы Ләззат Кетебаева тай боксынан күміс жүлдегер Серік Кәкімжановтарды атауға болады. – Ата-бабамыздың құндылығын ардақтап, ұлтымыз үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жана берсін!

– Рахмет, сізге де табыс тілеймін!

Әңгімелескен Бейбіткүл ТОҚАБАЕВА.