Аймақтар • 05 Қазан, 2018

Алматыда «Отбасымен музейге» фестивалі өтті

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Қазақстан Республикасы орталық музейінде «Отбасымен музейге!» фестивалі өтті.  Дәстүрлі фестивальдің негізгі мақсаты – отбасындағы рухани, мәдени құндылықтарды сақтау, жас ұрпақ тәрбиесін қалыптастыру мен отбасы институтын нығайту дейді ұйымдастырушылар.

Алматыда «Отбасымен музейге» фестивалі өтті

Тәлімді отбасыларды тағылым төріне сүйреп, жанұя мүшелеріне түгел қуаныш сыйлаған мерекелік шара аясында викториналық сұрақтар, түрлі байқаулар, шеберлік-сағаттары, музей мамандарының ел тарихы, мәдениеті туралы тақырыптық сабақтары мен экскурсиялары жүргізілді.  Фестивальге балалар клубы, шығармашылық академиялар, білім беру орталықтары, бейнелеу студиялары, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, музыкалық ұжымдар мен белсенділер атсалысып, жас көрермендерге арналған түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар шараның шырайын ашты.

Концерттік бағдарламада  ҚР Халық әртісі Мұрат Серкебаевтың басшылығымен «Алматы қаласы Әкімінің концерттік оркестрі» өнер көрсетіп көпшілікті айрықша әсерге бөледі. Құрманғазы мен Жаяу Мұсаның атақты классикалық туындылары, опера және балет театры әуендерінің үзінділері орындалып,  Дәрібаевтар отбасы ансамблі, «TRIBAL PRO» этноұжымы , «Айбын» балалар би ұжымы,  Гук отбасылық ұжымы өз өнерлерін паш етті. 

Музей қабырғасында салтанат құрған «Қазақстанның флора және фаунасы», «Жанданған мұра», «Орталық  Азия келбеті»  атты көрмелер көрермен назарына ұсынылды. Оның ішінде жоба аясында арнайы ұйымдастырылған отбасылық жарқын сәттерден сыр шертіп, балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында  қойылған «Менің отбасым, менің Алматым» көрмесін айрықша атай кеткен жөн. Көрмеге қаламыздың 19 балалар бейнелеу студиялары, шеберханалар мен өнер мектептерінің жұмыстары қойылған.

Барлық келушілер арасында ел, қала тарихы туралы викториналық ойындар мен байқаулар ойнатылды. «Бұл не, ол қайда?» слайд-викторинасы, «Әкем, анашым, мен – ең керемет отбасы» атты жеке тапсырмалары бар байқау, «Музей гүлі құлпырғанда», «Шығыс аруы», «Біз – музейсүйер отбасымыз», «Біздің отбасымыздың ерекшеліктері», «Мейрамдар әртүрлі болады» айдарлары бойынша өткізілген байқаулар қонақтарға жағымды әсер сыйлады. Фестивальдің басты ерекшелігі сол, келушілердің барлығына экскурсиялар тегін. «Неге ол қызықты?», «Е. Сидоркин шығармашылығының тарихы мен кереметі» сынды  қызығушылық танытатын тематикалық тапсырмаларды, «Қазақстанның Қызыл Кітап беттерінен», «Ортағысырлық керамиканың бейнелік декорына жаңа көзқарас», «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» және тағы басқа тың жобалар шымылдығын түрді. Саяхатты жақсы көретін отбасылар паспорт алып, музейдің экспозициялық  залдарын аралау мүмкіндігіне ие болса, арнайы ұйымдастырылған «Қазақстан тарихы лабиринті» ойынының жеңімпаздарына музейдің естелік сыйлықтары үлестірілді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ