30 Желтоқсан, 2011

Сайлаушылар тізімінің дұрыстығы көп жағдайда әрбір сайлаушыға байланысты

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
  Конституция мен сайлау тура­лы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының жасы он се­гiз­ге толған азаматтары,  тегiне, әлеу­меттiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көз­қарасына, нанымына, тұрғы­лық­ты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысуға құқылы. Әрбір сайлаушы осы құқығын іске асыра алуы үшін әкімдіктер сайлаушылар тізімін жасайды. Бұл ретте әкімдіктердің лауа­зым­ды адамдары олардың дұрыс­ты­ғы үшін жауапты болады. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне ен­гiзу үшiн оның осы сайлау учас­кесiнiң аумағында тұрғы­лық­ты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады. Азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін нақтылайтын құжат  азаматтарды тіркеу кітабы болып табылады. Жатақханаларда тұратын күн­дiзгi бөлiмдерде оқитын студенттер мен аспиранттар сайлау­шы­лар тiзiмiне жатақхананың орна­лас­қан жерi бойынша енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiндегi сайлау­шы әскери қызметшiлердiң, сон­дай-ақ әскер бөлiмдерi орналас­қан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сай­лаушылардың тiзiмi әскер бөлiм­дерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады. Егер сайлаушы уақытша болу орындарында, мысалы: демалыс үйлерiнде, санаторийлерде немесе вахталық жұмыста болса, онда   сайлаушылардың тiзiмдерi сол мекемелердiң басшылары берген деректер негiзiнде жасалады. Бұл тізімдер дауыс беруге бір күн қал­ғанда міндетті түрде нақты­лануға тиіс. Шет мемлекеттерге жеке ша­қырулар бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапармен келген Қазақстан Республикасы­ның азаматтары учаскелік сайлау ко­мис­сиясына өтініш жасаған жағ­дайда және олардың Қазақ­стан Рес­публикасы азаматының жарам­ды паспорты болса, шет мемле­кет­тердегi сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

____________________

2011 жылғы 30 желтоқсаннан бастап сайлаушылар  сайлаушылар тізіміндегі өздері туралы мәліметтерді тексере алады

Әрбір сайлаушы сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы  деректерді тексере алады. Бұл үшін жеке басын куәлан­дыратын, сондай-ақ тұрғылықты жерін  растайтын құжаттарымен учаскелік сайлау комиссиясына барып, сайлаушылар тізімімен  мұ­қият танысуы керек. Сайлаушының аты-жөні тізімде болмай шықса немесе ол ту­ралы деректерде жаңсақтық­тар­дың бар екені анықталса, сай­лау­шы тиісті құжаттардың негізінде өзін тізімге енгізуді немесе қажетті түзетулер жасауды талап етуге құқылы. Сайлаушының аты-жөнін тізімге енгізуден немесе ол туралы деректерге түзетулер енгізуден бас тартылған жағдайда сайлау­шының сотқа шағымдануға құ­қығы бар.

____________________

2011 жылғы 30 желтоқсаннан  бастап 2012 жылғы 14 қаңтарға дейін сайлаушылардың дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуына болады

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында дау­ыс беру күні сайлаушы өзінің тұрғылықты жерінен тыс жерде болса, ол басқа сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Бұл үшін 2011 жылғы 30 желтоқсан мен 2012 жылғы 14 қаңтарға  дейінгі аралықта тіркелу орны бойынша учаскелік сайлау комиссиясына барып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алу керек. Ол жазбаша өтініш негізінде, жеке басты куәландыратын құ­жат­ты көрсеткен кезде беріледі. Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі мен сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде, оны барған жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді. Бір елді мекен аумағында бас­қа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі берілмейді. Сондай-ақ мәслихаттардың депутаттарын сайлауда дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі берілмейді.

 ____________________

Сайлау күні дауыс беру тәртібі

Өзінің сайлау учаскесінде жеке куәлігін немесе республика азаматының паспортын, уақытша жеке куәлікті, жедел қызметтегі әскерилердің әскери билетін ұсына отырып, сайлаушы үш сайлау бюллетенін алады. Бір дауыс беру бюллетені – партиялық тізімдер бойынша сай­ланатын Мәжіліс депутат­та­рын сайлау бойынша. Екінші бюллетень – облыстық немесе Астана мен Алматы қа­ла­лары мәслихаттарының депута­тын сайлау бойынша дауыс беру үшін. Үшінші бюллетень – қалалық немесе аудандық мәслихаттың де­­путатын сайлау бойынша дау­ыс беру үшін. Астана мен Алматы қала­лары­ның сайлаушылары екі бюллетень алады. Әрбір сайлаушы бюллетеньді жасырын дауыс беру кабина­сында толтырады. Сайлаушы өзінің дауысын беретін саяси партия атауының немесе мәслихат депутаттығына кан­ди­даттың аты-жөнінің оң жағындағы бос шаршыға белгі қою керек.

Бір белгіден артық белгі қой­ыл­ған,  қарындашпен толтырыл­ған, сондай-ақ сайлаушының ерік біл­діруін анықтау мүмкін емес бюл­летеньдер жарамсыз деп танылады. 

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.