30 Желтоқсан, 2011

Елге жасаған жақсылық еселеніп қайтатыны анық

393 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанда әлеуметтік салаға қамқорлық таныту аясы кеңейе түсуде

Бұрын да бірнеше рет айтқанымдай, әділ әлеу­мет­тік қорғау, білім беру мен денсаулық сақ­таудың әділ жүйесі, әділ жастар және тұрғын үй саясаты – қазақстандық дамудың жаңа күн тәртібінің мәселелері, міне, осы­лар. Сондықтан Қоғамды әлеумет­тік жаңғыртудың нақты стра­тегиясын әзірлеу қажет.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 * * *

БІЗ «РОДИНАДА» ТҰРАМЫЗ

Биыл біз үшін айрықша қуанышты жыл. Сүйікті Отанымыз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтсе, 17 желтоқсан күні шаруашылығымыз 50 жыл­дық мерейлі белесін тойлады. «Елу жылда ел жаңа» деген рас. Өңіріміздің жайнап, жасара түсуін Қазақстанның тәуелсіздік алуымен байланыстыруды біздің үш елді мекен тұр­ғындарының тіршілік-тынысынан айқын аң­ғаруға болады. Адамдар тағдырындағы қиындық пен қуаныш, ел игілігі жолындағы қажырлы еңбек пен жаңару үрдісіндегі игі ұмтылыстар жергілікті мұражай құжаттарында айқын бейнеленген. Онда екі қоғамдық жүйені біріктірген 50 жылды­ғы­мыз­дың ащы да тәтті жырлары қатталған. «Роди­на­лықтар» жаңа ғасыр мен жаңа тәуелсіз өмірге нық қадамдармен аяқ баса алды. Мұны біз ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ақыл-кеңесі мен ақ батасына адал И.А.Сауэрдің отан­сүйгіштігімен, табандылығымен байланыс­тырамыз. Небары 29 жасында совхоз басқарған Иван Адамовичтің омырауында «Достық», «Парасат» ордендері жарқырайтындығы, күні кеше Елбасының қолынан «Отан» орденін алуы көп жайларды аңғартса керек. Біз «Родинада» тұрамыз деп мақтана аламыз. Агрофирма мерекелі жылды 2 миллиард теңгелік жалпы өнім кірісімен аяқтағалы отыр. Мұндай рекордты көрсеткіш қарапайым малшылар мен диқандардың, орта буын өндіріс басшыларының еңбек жемісі мен жеңісі. Осыған орай, шаруа­шы­лық басшылығы ауыл тұрғындарының өмір жағ­дайларын жақсартуға айрықша көңіл бөлетіндігін ризалықпен айтамыз. Қуатты экономика өндірістік буындарды заман талабына сай нығайтумен қатар әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып отыр. Бізде 40,6 шақырымға ауыз су құбырлары тартылса, 10 шақырымдық жол асфальтталып, электр жары­ғымен қамтамасыз етілген, орталық қоныстың тұрғын үйлері мен әкімшілік ғимараттары орталық жылу жүйесіне қосылған. Мұнда, тіпті, хайуанаттар бағы жұмыс істейді. Әсем сауда үйлері, мейрамхана, асхана, мәдениет үйі мен клубтар, өнер және спорт мектептері, ертегідей безендірілген «Солнышко» балалар бақшасы, оқтай түзу көшелердегі сәулетті үйлер ауыл мен қала тіршілігін жақындата түскендей. Шаруашылық есебінен еурожөндеу жүргізілген мектеп, дәрігерлік амбулатория, қарттар үйі, стадиондар көңілге қуаныш ұялатады. Әр ауылды ерекшелендіріп тұратын өзіндік дәстүрлер болады. Бізде бірде-бір мейрам, ауыл тұрғындарының қуанышы мен тауқыметі ескерусіз қалған емес. Өнер жұлдыздары өзімізде де жететін. Бұл орайда, ел мақтанышына айналған «Офицерлер хорын» бөлектеп айтар едім. Қат-қабат шаруа­ларына қарамастан, олардың шырқаған даусы шық­қанда селт етпейтін жан жоқ. Аталмыш хордың сапында «Родина» агрофирмасының басшысы, запас­тағы полковник Иван Сауэр, ауған соғысының офицерлері инженер Михаил Милюков пен құрылыс учаскесінің бастығы Магомет Ибаков ән салғанда жас ұрпақ рухы асқақтағандай әсер ала­ты­нымыз бар. Сондай-ақ, дәстүрлі денсаулық спар­такиадасын өткізуге қыруар қаржы жұмсалуда. Осының арқасында спорттың 20 түрі бойынша 18 команда құрылып, сынға түсіп жүр. Биыл ерекше маңыздағы екі әлеуметтік нысан іске қосылды. Оның бірі жабық хоккей корты болса, екіншісі православие храмы. Облыстағы ең үздік ауыл округі және ауыл әкімі атағын қолдан шығармай келе жатқан «Родинада» әлі де талай игіліктер жүзеге асатынына кәмілміз. Қазақстан тәуелсіздігінің ұлық мұраттары осыны міндеттейді. Ләззат ҚОНАРБАЕВА, ауылдық округ әкімі.

Тұрғындар лебізі

Петр КЛИМЕНКО, бас директордың орынбасары. Шаруашылығымыз Астананың азық-түлік белдеуін қамтама­сыз етуге белсенді түрде қатысады. Биылғы жыл басынан бері 5000 тонна сүт және сүт өнімдері елорда дастарханына жеткізілді. Олар жүзден астам сауда нүктелерінде айналымға түсіп, 50 балалар мен мектеп жасына дейінгі мекемелердің, 10 денсаулық сақтау орындарының игілігіне жаратылуда. Былайша айтқанда, күн сайын арнайы техникалар тізбегі еліміздің бас қаласына 15 тонна өнім тасымалдайды. Сұраныстың өсуі қайта өңдеу саласын дамытуды талап етуде. Осы мақсатта агрофирма қосымша қаржы жұмылдырып, заманалық сүт зауытының құрылысын аяқтады. Құны 600 миллион теңгеге жуық жобаның қуаты тәулігіне 50 тонна сүтті қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Юрий ГОРОДЕЦКИЙ, комбайншы. Мерекелі жылы диқандарымыз 50 мың гектар жер өңдеп, қырманға 83 мың тонна алтын дән жеткізді. Гектар түсімділігі 22 центнерден айналды. Бұл бұрын-соңды болмаған өнім тасқыны. Мұнда диқан қауымының жанқиярлық еңбек үлесі бар. Ал, мен өз комбайныммен 1700 гектардың егінін орып, 2590 тонна астық бастырдым. Шаруашылықта жер өңдеудің озық технологиясы, өсімдік қорғаудың тиімді шаралары қолданылады. Тыңайтқыштар мен химикаттар себуде агрофирма меншігіндегі «Ан-2» ұшақтары қол ұзартып отыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары техникалық паркіміз заманалық «Бюллер», «Класс», «Джон Дир» комбайндарымен толық­ты. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, табысымызды молайта түсті. Данагүл РАХЫМБЕКОВА,  шаруашылықтың заң маманы. Мен 2005 жылы жергілікті мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен         жоғары білім алдым. Менің сыныптасым, «Алтын белгі» иегері Айгүл Құлмағамбетова да Мәскеудің ішкі істер академиясын ойдағыдай бітіріп, Астанада абыройлы қызмет атқарып жүр. Мұны айтуым мақтан үшін емес, мектебіміздегі тәрбие-білім ісінің биік деңгейге қойылғандығынан дерек беру еді. Мектеп бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша аудан абыройын асыруда. Жалпы, мектеп түлектерінің 50 пайызы мемлекеттік грант иегері атанып жүргендігі қуанышты жағдай. Қазіргі күні «Болашақ» стипендиаттары Владимир Суров Ұлыбританияда, Любовь Веревкина мен Рашат Мамедов ММУ-де ойдағыдай оқып жүр. Ал, шаруашылық стипендиясымен Аграрлық университетте оқыған Константин Банщиков қазір фирмамыздың бас технологы. Болашақты ойлайтын И.Сауэр басқаратын «Родина» ЖШС талапты жастарды қолдауға дайын тұрады. Осы мақсатқа 12 миллион теңге жұмсалып отырғаны сөзімнің дәлелі бола алады. Роза ӘЛІБЕКОВА, балабақша қызметкері. Шаруашылық басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, республика білім беру ісінің үздігі Иван Адамович Сауэр мемлекеттік тіліміздің шын жанашыры екен. Осыдан он жыл бұрын Гүлбану Үсенова апайымызды арнайы шақыртып, үй-жайын қамдап беріпті. Қазір Родина ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің саны төртеуге жетті. Тұрмыстық жағынан толық қамтамасыз етілгенбіз. Мен балабақша бүлдіршіндеріне дәріс берудемін. Сабаққа өзге ұлт өкілдерінің де ынтасы артып келеді.