30 Желтоқсан, 2011

Абырой арқалаған азамат

549 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сайрам ауданы Тассай ауылында мектеп жоқ еді. Сондықтан балалар ауыр сөмкелерін мық­шия көтеріп ауыл сыртындағы мектепке бара­тын. Көктем, күз оңайырақ шығар, ал, Оңтүстік қысының мінезі түсініксіз. Бірде қатып, бірде ми батпақ болып жататын жолда ағылған машиналармен қабаттасып, тайғанақтап, бүрсеңдеп бара жатқан оқушыларды ту сыртынан көру ауыр еді. Ауыл тұрғындарының арманы орындалды. “Стандарт Цемент” ЖШС-інің құрылтайшысы Серікжан Сейітжанов Тассай ауылының қақ ортасынан 240 орындық жаңа үлгідегі орта мектеп салып берді. Мектептің құны 215 миллиондай теңгені құрады. Бәзбіреулер ойлауы мүмкін, “Сейітжановта ақша көп қой. Қайда жаратарын білмейді. Әй­теуір, сауап болсын деп балаларға мектеп салып бергеніне рахмет” деп. Дау айта алмаған­дай­сың. Қисыны келіп тұр. Бірақ, Серікжан Сейітжанов құрылтайшылық ететін әлемдік үлгідегі жаңа цемент зауытын салуға Елбасының тап­сыр­масымен БТА банк арқылы шетелдік Эксимбанктен 100 млн. доллардан астам несие алғанынан неге сырғытып өтіп кетуге болады? Қазақстан тұрғай ТМД-да саусақпен санай­тын­дай жаңа зауытты несиеге салады да, сол қаржыдан жырып орта мектеп көтереді. Үкімет ұсынып, Елбасының Жарлығымен бекітілген “30 корпоративті көшбасшы” бағдар­ла­масына кірген осы зауытта бүгіндері бір мың­ға тарта адам жұмыс жасайды. Егер осыны әр отбасыға бөлсек, зауыттың мыңдаған жандарға нәпақа тауып беріп, жұмыссыздық мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосып отырғандығы қуантады. Өндірген өнім сапалы, экономикалық жағынан залалсыз. Бұлай дейтініміз, елімізде цементтің бұған дейін ылғалды түрі шыға­ры­лып келді. Ал, “Стандарт Цемент” ЖШС құрғақ түрін ұсынып отыр. Мұнда шикізаттар арнайы қорапта сақталады да он метр тереңдіктегі өндіріс орындарына жіберіледі. Табиғатқа залал келтірмейтіндей барлық технологиялар сақ­та­лын­­ған. Ауаға былғаныш шығармайтын қол­дан­балы сүзгілер мен электрлі сүзгілер жұмыс істеп тұр. Бүгінде мыңнан аса адамға жұмыс тауып беріп отырған зауыт жылына 1 млн. тонна цемент да­йындайды. Сайрам ауданының бюджетіне жылы­на 2 млрд. теңге шамасында қаржы құйылады. Біздің білетініміз, экологиялық жағынан зиянсыз құрғақ цементті дайындау техноло­гия­сын ғылыми негізде жасаған ғылым докторы Серікжан Сейітжанов. Қондырғы – Қытайдың Тяньзин қаласындағы цемент өнеркәсібі ғылы­ми-зерттеу институтының өнімі. Дәл осындай зауыттар осы институттың жетекшілігімен азуын айға білеген Америкадан бастап, қоршаған ортаға зияны білінсе қолына ұран­дарын ұстап көшеге шығып кететін талапшыл тұрындары бар Еу­ропаның талай қалаларында жұмыс жасап тұр. Жақында зауыт директоры Бауыржан Сейітжановпен тілдестік. – Елбасымыздың «30 корпоративті көшбас­шы» жобасының қатарына осы зауыт та кірген, – дейді ол. – Сол кезеңдерде әлемді қаржы дағ­д­арысы құрсаудай қысты да біз дағдарыңқырап қалдық. Осы жобаны әрі қарай жалғастыру қан­шалықты қисынды, тұлыпқа мөңіреген сиырдай болып қалмаймыз ба деген де қауіп болды. Осы қаупімізді әкем, осы зауыттың құрылтайшысы Серікжан Сейітжанов сейілтті. “Мен Елбасыға зауыт­ты іске қосуға уәде бергенмін. Ер жігіт уәдесін жұтпау керек. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетімізді өте ауыр жағдайда орнынан тік қойды, әлем санасатын елге айналдырды. Осындай жағ­дайда біздің кері шегінгеніміз намысқа сын” деді. Қазақта “Елде болса ерінге тиеді” деген на­қыл бар. Сол елге болсын дейтін азаматтардың бірегейі – осы зауыттың құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов. Секеңнің сақылығы, «Атым­тай жомарттығы» жөнінде ел ішінде әңгіме көп. Мемлекет тарапынан “Құрмет” орденімен мара­пат­талған азаматтың есімі сыртқы елдерге де мәлім. Ресейдің “Звезда содружества” орденіне ие болған Серікжан Сейіт­жановтың меценат­тығы “Алтын жүрек”, “Парыз” қайырымдылық қорлары тарапынан лайықты бағаланды. Ғылым докторы, Халық­аралық ақпараттандыру акаде­миясының, Калифорния ғылым академиясының мүшесі осы азаматтың атақ-даңқтарын айта бастасаң бірер парақ жетпейді-ау. Әдетте, атақ, құрметті билік орындарынан өзі сұрап жүретін адамдар бола­ды да, абыройдың өзі іздеп жүретін азаматтар болады. Шетел марапаттарын айтпағанда, Қазақ­стан­да Серікжан Сейітжановтың ел игілігі үшін атқарған жұмыстары көп. Өзі туып өскен “Шілік” ауы­лында мешіт салды. Кейіннен бала­бақ­ша көтерді. Мемлекетке, елімізге жәрдемім болсын деп атты кісі түсіп қарайтындай мектеп салып берді. Шілік – қазақ тарихында өзіндік орны бар киелі мекендердің бірі. Мектеп ауласында осы өңірдегі алғашқы ұстаз Сейітжан Құртаевқа еңселі ескерткіш орнатылыпты. Ташкенттегі педагогика инсти­тутын қызыл дипломмен бітіріп келіп, Алматыға шақырылса да әке бұйрығын аттап өтпей, ауыл балаларын оқытқан, талай жайсаң азаматтарға ұстаз болған Сейітжан атаның өнегелі ғұмыр­баяны өскелең ұрпаққа үлкен үлгі. Қазақта “ұстазы жақсының ұстанымы жақ­сы” деген аталы сөз бар. Елге осыншалық қа­йы­рымды істер жасап жүрген Серікжан Сейітжанов бастаған азаматтар өзі оқу орнын тәмам­даған институт ректоры Сұлтан Сүлей­меновке Шымкент қаласының ортасынан ескерткіш көтер­ді. Сұлтан ағамыз абыз Абай айтқандай адамзатты бауырым деп сүйетін қасиеті бар, шын мәнінде ұлттың зиялысы бола білген қадір­менді азамат. Осындай тұлғалардан тәлім алған жігіттерді ұлттың ұстыны десең жарасар...

Бақтияр ТАЙЖАН.

Оңтүстік Қазақстан облысы.