30 Желтоқсан, 2011

Қайырымды жүрек қартаймайды

580 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы биылғы Жолдауында елдің ахуалын жақсарту үшін жаңа әлеу­мет­тік саясаттың аса қажеттігін атап көр­сетіп, Үкіметке халықты еңбекпен қам­ту жөнінде жаңа бағдарлама қабыл­дауды тапсырғаны белгілі. Жамбыл жүйке аурулары интернат үйі қаладан 40 шақырым жердегі таби­ғаты сұлу таулы аймақтың етегіне ор­наласқан. Таяқ тастам жерде Теріс-Ащы­бұлақ тоғанының айдыны жар­қы­рап көрініп жатыр. Бүгінде 3 қабаттан тұратын ғимаратта әкімшілік, дәрігер­лік бөлімдер, дәрісханалар, асхана және интернат тұрғындарының көпте­ген бөлмелері орналасқан. Ол бөлме­лерде күтімге зәру жасы 18-ден асқан 340 адам мемлекеттің қамқорлығына алынған. Оларға әлеуметтік жағдай жасау үшін қажетті нәрселердің бәрі қарастырылған. Шомыламын, кір жуа­мын, шашымды қидырамын, киімімді тігемін немесе денсаулығымды тексертемін дей қалса, интернатта не қажет­тің бәрі сақадай-сай дайын. Өткен жылдан бастап интернат үйін­дегі мемлекет қамқорлығындағы аза­маттарға жаңа стандарт бойынша әлеуметтік сала мамандары көмек көр­сете бастады. Соған сай жаңа штат құрылып, мамандар алынды. Бүгінде психолог, дефектолог, мұғалім, музыка мен әлеуметтік қызмет көрсету ма­ман­дары, еңбек терапиясы нұс­қаушылары, дене шынықтыру және мәдени ұйым­дастырушылар мемлекет қамқорлы­ғын­дағы азаматтардың көңіл-күйін жасқарту мақсатында күндіз-түні еңбек етуде. Қазір интернатта халықты әлеу­меттік қорғау саласы бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стан­дартының 8 бағыты бойынша жұмыс­тар жасалуда. Олар: бірінші, әлеумет­тік-тұрмыстық қызмет, яғни қызмет алушылардың күнделікті өмірде тіршілік әрекетіне көмектесуге бағытталған; екінші, әлеуметтік-медициналық қыз­мет, яғни қызмет алушылардың ден­саулығын жақсарту және қолдау әре­кетіне бағытталған; үшінші, әлеумет­тік-психологиялық қызмет, яғни қыз­мет алушылардың қоршаған ортаға әлеуметтік бейімделуі, психологиялық жағдайын түзетуге бағытталған; төр­тін­ші, әлеуметтік-педагогикалық қыз­мет­тері, яғни 18 жастан асқан аза­маттарды тұрмыстық дағдыға үйрету, педагогикалық коррекция мен оқытуға бағытталған; бесінші, әлеуметтік-еңбек қызметі, яғни қызмет алушылардың еңбек қабілетін қалыптастыру, 18 жастан асқан азаматтар, мүгедектер мен қарттарды еңбекке баулу мен оларға жағдай жасау; алтыншы, әлеуметтік-мәдени қызметтері, яғни әлеуметтік-мәдени шараларды ұйымдастыру және оған қызмет алушыларды тарту; жетінші, әлеуметтік-экономикалық қызмет, яғни қызмет алушылардың тұрмыс жағ­дайын жақсартуға бағытталған және сегізінші, әлеуметтік-құқықтық қызмет, яғни қызмет алушылардың құқықтық статусын демеуге немесе өзгертуге бағытталған, заңгерлік көмек көрсету, құқықтарын заңды түрде қорғау. Биыл шілде айында интернатқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова келіп, осын­дағы ұйымдастыру жұмыстарына ризалық білдіріп, жақсы баға берді. Қайырымды жүрек қартаймайды. Интернат қызметкерлері жарымжан адамдарға тәулік бойы тік тұрып қызмет етіп, қажетті ем-домдарын жасап, уақтылы тамақтандырып, жүйкесi шаршаған жандардың көңілін тауып, қайта өмір сүруге құштарлығын оятуға қолдарынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Мына алмағайып заманда адамға ең керегі қайырымдылық пен мейірім, шапағат. Бұл жұмысты мекеме бас­шы­сы Балабек Нарбаев сияқты үлкен жүректі азаматтар ғана жауапкершілікпен атқара алса керек деп білеміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қызылтаң ауылы.