30 Желтоқсан, 2011

Білімді ұрпақ – ұлт болашағы

2441 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

(Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындылары туралы)

«Біз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім ор­талығына айналдыруымыз қажет».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

* **

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІЛІМ БЕРУДІ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 20 жылында еліміздің экономикалық және әлеу­мет­тік дамуымен қатар білім беруді жаңғыр­туды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Қомақты әлеуметтік, әсіресе білім беру жү­йе­­сіндегі реформаларды жүргізу Егемен Қазақ­стан­ның алғашқы құқықтық құжаттарының бірі – Тә­уелсіздік Декларациясында бекітілген болатын. Ұлттың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің ар­қасында жаңа мемлекетті құрудың және эконо­ми­каны реформалаудың ең қиын жағдайында ұлттық білім беру моделі құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында білім және ғылым жүйесі Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің басты назарында болды. Оның стратегиялық көрегендігінің арқа­сын­да мемлекет пен қоғамның сұраныстарына сәйкес ұлттық модель жыл сайын жаңа сапалы мазмұнға көшіп, жетілдіріліп отырды. 20 жыл ішінде қазақстандық білім беру жүйесінің негізін қалаған екі іргелі стратегия: 2000 жылғы «Білім беру» бағдарламасы және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Еліміз дамуының жаңа кезеңі барлық сала­лардың инновациялық-индустриялық дамуына көшуді қарастыратын жаңа міндеттерді алға қойды. Бұл жаңа талаптарға сәйкес білім беру жүйесінің барабар өзгерістерін талап етті. Осы мақсаттарды іске асыру үшін 2011 жы­лы Мемлекет басшысы Білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл стратегиялық құжатта Қазақстан Рес­пуб­ликасы мемлекеттік саясатының 2011-2020 жылдарға арналған білім беру саласының ұйымдастыру негізі қаланды. Сонымен бірге тиімді адами капиталды құ­ру, инновациялық жобаларды іске асыру үшін жо­ға­ры білікті кадрларды тәрбиелеу және жаңа тех­нологияларды құруға ерекше назар ауда­рылды. Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтой жылы бі­лім беруді дамытуды іске асырудың алғашқы жылымен тұспа-тұс келуі жай емес. Бұл жыл білім және ғылым жүйесіне терең және ма­ңыз­ды өзгертулер әкелді. Биылғы жылдың басты жетістіктерінің бірі – одан арғы жұмыстың құқықтық негізін қа­ла­ған «Білім туралы» және «Ғылым туралы» екі Заңның бекітілуі болып табылады. Оларды іске асыру үшін 2011 жылғы бірінші жартыжылдықта 83-тен астам нормативтік құ­қықтық актілер бекітілді, 48 акт әзірлену үстінде. Білім және ғылым министрлігі жаңа Мемлекет­тік бағдарламаны іске асыру нәтижелерінің тиім­ділігіне қол жеткізуді және бақылауды қам­та­ма­сыз ету мақсатында бірқатар шаралар қолданды. Министрлік жанынан «Ақпараттық сараптау орталығы» құрылды. Орталықтың басты міндеті кешенді мониторинг және тереңдетілген талдау жүргізу, мемлекеттік білім саясатын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу және қауіп-қатерлерді болжау болып табылады. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдар­ла­масын іске асыруға ғылыми негізде талдау жүргізілуде. Оны негізгі индикаторлар бойын­ша мониторингілеудің мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Жағдайға баға беру, мүмкін болатын басқару шешімдерін модельдеу іске асырылуда. Мемлекеттік бағдарлама мазмұнын әлемдік дең­гейдегі көкейкесті үрдістермен са­лыстыру және талдау жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламада айқындалған то­­ғыз негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда.

Педагог мамандығының мәртебесін арттыру

Педагог мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Жоғары білікті педагогтарсыз білім сапасын арттыру мүмкін еместігі дәлелденген. Сондық­тан педагогтар мәртебесін арттыру мен оларды даярлауды жетілдіру отандық білім беру сая­са­тын дамытудың басым бағыты болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылында мұғалімдер үшін маңызды материалдық ынталандыру енгізілді. Осы жылғы 1 қыркүйектен бастап мұғалім­дер санаттарына қарай еңбекақыларына үстем­ақы алады. Базалық жалақыға жоғары санатты мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері үшін – 100 %, бірінші санат – 50 %, екінші санат үшін 30 % үстемақы қосылатын болады. Педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа үлгісіне көшу де білім беру сапасын жақсар­тудағы маңызды қадам болды. Біріншіден, педагогикалық мамандықтар бой­ынша даярлайтын жоғары оқу орында­ры­ның саны екі есе, 85-тен 40-қа дейін қысқара­тын болады, бұл оқытудың сапасын арттыруда оң нәтижелер береді. Екіншіден, қалған жоғары оқу орындарында жоғары мектептің үздік педагогтары еңбек ететін болады. Осы мақсатпен «педагогикалық ЖОО – инновациялық мектепке» кешенді көшу қалыптасатын болады. Биылғы жылғы мамыр айында Білім және ғылым министрлігі ҚР Үкіметіне педагогтарды сапалы даярлау бойынша ұсыныс енгізді. Болашақ педагогтарды жоғары оқу орында­рында оқытудан бастап, интернатура енгізу және қазіргі мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін толық қайта қарауға дейін педаго­ги­калық кадрларды даярлауға қойылатын талап­тар­ды және оның тетіктерін түбегейлі қайта қарау туралы жүйелі шешім қабылданды. Біліктілік арттыру жүйесін жаңғыртудың ба­залық кешенін құру бойынша жұмыс басталды: Ұлттық педагогтар біліктілігін арттыру орта­лы­ғының, педагогикалық жоғары оқу орындары жанындағы біліктілік арттыру орталықтары, «Назарбаев Университетінде» Білім беру факуль­тетінің ашылуы. Бұл кешенді түрдегі педагогтардың біліктілік деңгейін үнемі арттыру үшін үлкен әдіс­те­мелік негізді құрайтын болады. Одан басқа мұғалімнің қоғамдық беделін арттыру мақсатында педагог мамандығын, үз­дік педагогтардың алдыңғы қатарлы тәжіри­бе­лері мен жетістіктерін белсенді түрде насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Педагог мәртебесін арттыру мәселесі математика мұғалімдерінің I съезінде де, республика педагогтарының кәсіптік өмірінде маңызды оқиға ретінде қалған ата-аналар қауымдастығы мен мемлекеттік емес сектор өкілдерінің қа­тысуымен өткен республикалық педагогикалық форумда да талқыланды.

Электрондық оқыту – «E-learning»

Таяу уақытта қазақстандық оқушылар тұр­ғылықты жеріне тәуелсіз үздік білім беру ресурстарына деген қолжетімділікке ие болады. Бұл міндетті электрондық оқыту – «E-learning» шешетін болады. «E-learning» ауылдық жерлердегі балалар­­дың ақпараттық артта қалуын төмендетіп, жалпы білім сапасын арттырады. Электрондық оқытуды енгізген елдер тәжірибесі АКТ білім алушылардың үлгерімін 17%-20%-ға арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Бұл жобаны іске асыру екі сатыда жүреді. 2011–2015 жылдары «E-learning» жүйесіне білім беру мекемелерінің 50 пайыздан астамы қосылады. 2020 жылға дейін – 90-нан астам. 2011-2012 оқу жылында электрондық оқыту қанатқақты жоба ретінде Алматы, Астана және Қарағанды облысының 44 білім беру ұйымында сынақтан өткізілді. Бұған 1,25 млрд.теңге со­масында қаржы құралдары бөлінді. Әрбір білім беру ұйымына компьютерлік техника, интерактивті тақталар мен проекторлар, планшетниктермен және классмейттермен жарақталған ұтқыр компьютерлік сыныптар ұсынылған. Бірыңғай электрондық жүйені енгізуден күті­летін нәти­желер бұл – мұғалімдердің күн ұзақ­тық қауырт еңбегін жеңілдету, шығармашылық пен оқу материалдарын жаңарту үшін уақыт үнемдеу. Бұл жобаның тұсаукесері Астана және Ал­ма­ты қалаларында табысты өтті. Қанатқақты мек­тептердің 95%-ға жуық мұғалімдері оқушы­лардың сабақ үстіндегі белсенділігінің жақсар­ғанын, визуалды оқу материалдарына деген қызығушылықтың артқанын атап отыр.

Білім беру менеджменті

Қазақстанда білім беру менеджменті жүйесі де жетілдіріліп келеді. Бұл оқыту семинарла­рын, біліктілік арттыру курстарын өткізу және білім беруді басқарудың жаңа тиімді әдістерін енгізу жолымен жүзеге асырылуда. 2011 жылғы қыркүйекте 160 білім беру ұй­ым­дарын басқарушы қызметкерлер арасында нә­тижеге бағдарланған жоспарлау бойынша оқы­­­­ту семинары өтті. Даму жоспарлары әзір­леніп жатқан 45 қанатқақты білім беру ұйы­мын­да жұмыстар жүргізілуде. Жыл ішінде 3970-тен астам педагог менеджмент саласында біліктілік арттыру курстарынан өтті. 2011 жылғы желтоқсанда жоо-лар ректор­ла­рының, мектеп директорларының және кәсіп­ор­ын басшыларының қатысуымен барлық деңгей­дегі білім беру ұйымдарында қамқоршылық ке­ңестердің қызмет етуі бойынша республикалық семинар өткізілді.

Білім беруді қаржыландыру

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасының бірінші кезектегі міндеті білім беру қызметтеріне деген тең қолжетімділігін қамта­ма­сыз етуге бағдарланған қаржыландыру жүйе­сін жетілдіру болып табылады. Бағдарламаның бірінші сатысын республи­калық бюджеттен қаржыландыру көлемі 461,1 млрд. теңгені құрайды. Жергілікті бюджеттен қаржыландыру тиісті бюджеттерден білім беру жүйесін дамытуға жыл сайын бөлінетін құралдар шегінде жүзеге асырылатын болады. 2010 жылдан бастап «Балапан» бағдар­ла­масы шеңберінде республикалық бюджеттің ны­саналары трансферттері есебінен бір балаға жылына есебінде жанбасылық қаржыландыру негізінде балалар бақшаларын және шағын ор­талықтарды қаржыландыру жүзеге асырылуда. Республикада барлық білім беру ұйымдарын жанбасылық нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілу үстінде. Педагогтар үшін біліктілік арт­тыруды жанбасылық қаржыландыру – ваучерлік-модульдік жүйе қарастырылған. Оның шеңбе­рінде педагогке төлемақыны тікелей аудару жо­лы­мен біліктілік арттыру курсынан өту орны мен уақытын таңдау мүмкіндігі ұсынылған. Осы жылы «Білім туралы» ҚР Заңына орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­да­рына жанбасылық қаржыландыру тетіктерін таратуға мүмкіндік беретін қажетті толықтыру­лар енгізілді. 2015 жылға қарай осы тетікті енгізу білім берудің барлық деңгейінде іске асы­рылады деп күтілуде. Республикада ақылы білім беру қызметте­рі­нің қолжетімділігін арттыру мақсатында Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МББЖЖ) жаңа тетігі әзірленді. Оның көме­гімен Қазақстанның әрбір азаматы болашақта баласының жоо-да немесе колледжде білім алуына төлеу үшін жоспарлы түрде ақша құ­рал­дарын жинаудың шынайы мүмкіндігін ала­ды. Жаңа жинақтау жүйесі азаматтар жинақ­тары үшін мемлекеттік сыйақының аударылуын көздейді.

Мектепке дейінгі білім беру

Мемлекеттік бағдарламаның маңызды ба­ғыт­­та­рының бірі мектепке дейінгі тәрбие және оқыту жүйесін жаңғырту болып отыр. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде 2010 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұй­ым­дар желісі 1145 бірлікке артып, 7591 (2591 ба­ла­бақша, 5000 шағын орталық) болды. Оларға 538,5 мың бала барады. 2010 жылы бұл көр­сет­кіш 446,4 мыңды құраған болатын. 3 жастан 6 жас­­­қа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәр­бие­мен және оқытумен қамту 65,4%-ға дейін артты. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік табыс­ты жұмыс істеуде. Республикалық бюджет қа­ра­жаты есебінен мемлекеттік тапсырысты ор­на­ластыру шеңберінде жекеменшік балабақ­ша­лар жүйесі 102 бірлікке артып, 449 бірлікті құрады. Белгілі бір жетістіктерге қарамастан, өті­ніш­­­тердің көбеюіне байланысты мектепке дейінгі ұй­­ымдардағы кезек мәселесі өзекті болып қалуда. Бұл мәселені шешуде өңірлерде демогра­фия­лық өсім егжей-тегжейлі талданып, бала­бақ­шалар құрылысы мен оларды іске қосудың қажетті болжамы есептелінді. Әр өңірдің елді мекені бойынша, әр нысан бойынша 2010-2015 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйым­дар­ды іске қосудың кезеңдік жоспары әзірленді. Жос­парға сәйкес осы жылдары 277,8 мың орынды 2982 балабақшаларды ашу жоспарлануда. Аталған шаралар 2015 жылдары мектепке дейінгі біліммен қамту балалардың 74%, 2020 жы­­­лы 100% қамтылады деген Мемлекет бас­шы­­­сы­ның тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.

Орта білім беру

Орта білім беру сапасын жоғарылатуға жету Қазақстан Республикасы дамуының негізгі міндеттері болып табылады. Аталған міндетті шешу 12 жылдық білімге көшу, материалдық базаны жақсарту, оқыту сапасын жоғарылату, шағын жинақты мектептер (ШЖМ) мәселелерін шешу, инклюзивті мектептер санын арттыру, жаңа мектептер салу және ыстық тамақ пен оқушыларды тасымал­дау­мен қамтамасыз етіледі 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу тек құрылымдық өзгерістер емес, сондай-ақ жалпы білім беру мектептерінің айтарлықтай өзгеруі болжануда. 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Осы мақсатта республиканың 104 мектептерінде тәжірибе жүргізілді, оның ішінде 45 ауылдық және 59 қалалық. Негізгі және бейіндік мектептердің білім беру мазмұнын анықтау жұмыстары жалғасуда. 12 жылдық оқыту мен бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты бекітілді. Мектептердің материалдық базалары үнемі жаңартылуда. 2011 жылы республикалық бюд­жет қаражаты есебінен 569 биология, 459 ЛМК кабинеттер алынды. Қазіргі кезде 3247 мектеп жаңа модифика­циядағы физика кабинеттерімен (43,5%), 1464 – химия кабинеттері (19,6%), 2493 – биология кабинеттері (33,4%) және 3805 – ЛМК (51,0%) кабинеттерімен қамтамасыз етілген. 26 тірек мектептерін құрумен (ресурстық орталықтар), Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы жанындағы ШЖМ да­мы­тудағы республикалық орталықты, 12 өңір­дегі БАИ жанындағы ШЖМ даму орталықтары мен Ақтөбе облысындағы ШЖМ дамуы бой­ын­ша зертханалар құру жолымен ШЖМ мәселе­лерін шешу жұмыстары басталды. Оқушылық орындардың тапшылығы, апат­ты мектептер, үш ауысымды оқыту мәселелерін шешу бірінші кезекті міндеттер болып табы­ла­ды. Бұл үшін 2011 жылы республикалық бюд­жет қаражаты есебінен 58,896 орынды 89 мек­тептің құрылысы басталды. Дамуындағы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ар­найы білім беру 39 арнайы бала­бақшаларда жә­­­не 102 түзету мектептерінде, 274 арнайы топтарда жә­­­­не 1155 жалпы білім беру мек­тептерінің арнайы сы­нып­тарында қамтамасыз еті­ле­­­ді. Жеке бағдарлама бой­ын­­­­ша үйде оқытумен 10 мың­­­ға жуық балалар қамтыл­­ған. Балаларды инклюзивті білім берумен қамту бой­ын­ша жұмыс жүргізілді. Олардың үлесі дамуын­да­ғы мүмкіндігі шектеулі ба­ла­лар­дың жалпы санынан 14,1% құрады. 2012-2014 жылдары рес­­публикалық бюджет қара­жа­ты есебінен 203 мектеп­тің, жергілікті бюджеттен 212 мектептің құ­рылысы жоспарлануда. Орал, Ақтөбе, Атырау, Та­раз, Шымкент (2 мектеп), Петропавл, Алматы, Қара­ған­ды, Павлодар, Қызыл­орда және Қостанай қала­ларында 12 Назарбаев зияткерлік мектептерінің құры­лы­сы жүргізілуде. Аз қамтылған отбасылардың 210 467 (89%) оқушыларына тегін ыстық тамақ беру қам­та­ма­сыз етілген. Тегін ыстық тамақпен қамтудың ең үлкен бөлігі Ақтөбе (57,7%), Батыс Қазақстан (82,8%), Жамбыл (56,3%) облыстарында және Астана қалаларында (70,4%) байқалуда. Астана, Ал­маты қалаларында және Батыс Қазақстан об­лы­сында бастауыш сыныптардың барлық оқу­шы­ла­ры үшін тегін ыстық тамақты ұйым­дастырылған. Ағымдағы жылы «Білім алушылар мен тәр­биеленушілерді білімнің жалпы білім беру ұй­ым­дарына және үйлеріне тегін тасымалдауды қам­­­тамасыз ету» мемлекеттік стандарты бекітілді. Мектебі жоқ 1512 елді мекендердегі 24 649 оқу­шылар үшін мектепке тасымалдау ұйымдас­ты­рыл­ған. 7980 балалар мектепке өз бетімен барады.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру (ТжКБ) шеңберінде кадрларды даярлау жүйесін басқарудың жаңа ведомствоаралық үлгісі қалыптасты. Бизнес-қауымдастығы мен жұмыс беруші­лер­­­­дің қатысуымен кәсіби-техникалық кадрлар­ды даярлау бойынша Ұлттық кеңес және 16 өң­ір­­­лік және 14 салалық кеңестер құрылды. Олар кадр­лар қажеттілігін анықтауға, жұмыс беру­ші­лердің кәсіби талаптарын әзірлеуге, білім беру стандарттарының жаңаруына, кәсіби стандарт­тарды әзірлеуге ықпал етеді. 2 ос­ын­дай стандарт кәсіби қауымдастықпен әзір­лен­ген болатын. Тағы да 147 стандарт Дүние­жү­зі­лік Банкпен бірлескен жоба шеңберінде әзірленетін болады. Кадрлар даярлау деңгейінің еңбек нарығы сұраныстарына сәйкестігін үздік бағалау үшін қызметкерлер біліктілігін тәуелсіз сертификаттау дамитын болады. Материалдық-техникалық базаны жетілдіру мақсатында оқу орындарына 2 283,2 млн.тн., оның ішінде жергілікті бюджеттен 1 683,2 млн.тн, республикалық бюджеттен 600 млн.теңге бөлінді. Біліктілік арттыру курстарынан 4395 өнді­рістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқы­тушылары, оның ішінде 24-IFB Ха­лық­аралық кәсіптік білім беру институтында (Мангейм қаласы, Германия) өтті. Жаңа жүйе құру шеңберінде ТжКБ-ны жаң­ғыр­ту мен қазіргі заманғы кәсіби стандарттар әзірлеу үшін Дүниежүзілік Банк қаражаты есебінен 33,2 млн. АҚШ доллары болатын жоба іске асырылуда. ТжКБ үйлестіру мен басқаруды жүзеге асы­ру үшін «Кәсіпқор» холдингі» АҚ құрылды. Оның базасында бизнестің қатысуымен басқ­а­ру­дың бір­лескен үлгісі, жаңа стандарттар, түлек­терді сырт­­қы сертификаттау, халықаралық аккредиттеу бағдарламасы саралаудан өткізіліп, соңан соң ТжКБ барлық жүйесіне таратылатын болады. Өткізіліп жатқан техникалық білімді жаң­ғырту жастарға сапалы кәсіптік және тех­ни­калық білім алуға және ҮИИДМБ жобасын кадр­лармен толықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 Жоғары білім

Жоғары білім жүйесіндегі қабылданып жат­қан реформаларға назар аударған жөн. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұны мен сапасын арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2011 жылы шетелдік ғалымдар мен оқы­ту­шыларды тарту жоспары бекітілді – 27 жоғары оқу орындарына 1493 адам. 2011 жылдың 1 желтоқсаны жағдайында 1100 адам келді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 28% еуропалық несиелерді аудару жүйесінің түрі бойынша несиелерді қайта есептеудің қазақстандық моделі енгізілді. ҮИИД үшін кадрларды даярлау мақсатында 37 базалық жоғары оқу орындары ірі компаниялармен өндірістік тәжірибе базасын қалыптас­тыруға шарттар жасасты. Жоғары оқу орындарының академиялық бос­тандығының кеңейтілуін қарастыратын жо­ға­ры және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің МЖБС негізгі ережелері әзірленді: бакалавриатта 55%-ға дейін, магистратурада 70%-ға дейін, докторан­турада 90%-ға дейін. Жоғары оқу ор­ын­дарының оқулықтарын әзірлеу және басып шы­ғаруды мемлекеттік қолдау жүйесі іске қо­сылды, бірінші кезекте мемлекеттік тілде. А­л­ғашқы рет жоғары оқу орындары үшін база­лық оқулықтарды ба­сып шығаруға мемлекеттік қаржы­ланды­ру­ға рес­пуб­­ликалық бюд­жеттен қаражат бөлін­ді. Жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білімнің сапасын арттыру және бәсе­ке­лес ор­таны қалыптас­тыру мақсатында жо­­ға­ры оқу орындары жік­те­уінің жаңа жүйесі іске қо­сылуда. Биылғы жылы Қазақстанда жоғары оқу орындарының жіктеуіші әзірленіп, ұсынылды. Жоғары оқу орындарының алты санаты белгіленді: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, академиялар мен институттар. Әр санат бойынша әлемдік тәжірибені ескере отырып, қазақстандық жоғары оқу орындарының жүйе­сін оңтайландыруға мүмкіндік беретін жаңа талаптар әзірленді. Зерттеу университеттерін құру – бұл білім мен ғылымды біріктіруге мүмкіндік беретін жалпы әлемдік үрдіс екендігін атап өткен жөн. Сол үшін «Ғылым туралы» ҚР Заңына сәйкес инновациялық қызметке бағытталған зерттеу университеттері мен жоғары оқу орындарын құру тетігі әзірленді. Ағымдағы жылы Жоғары ғылыми-техни­калық комиссияның шешімімен инновациялық нәтижеге бағытталған университеттік ғылымды мақсатты дамытудың ғылыми бағдарламасы іске асырылды. Әлемдік деңгейдегі жоғары мәртебелі зерттеу университеті болып табылатын «Назарбаев Университеті» белсенді қызмет етуде. Университет жанында бүгінде қоғам мен экономикаға инновация енгізіп жатқан ғылыми зертханалар мен орталықтар құрылды. Студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 300 магистранты бір семестр және оқу жылына Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және ТМД университеттеріне баруға мүмкіндік алды. Қазақстандық жоғары оқу орындары әлем­дік рейтингтерде лайықты орындардағы бәсе­келес күреске түсуде. 2011 жылы әлемнің 700 үздік университетінен құралған Quacquarelli Symonds рейтингінің нәтижесі бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 200 тұғырға көтері­ліп, 401-450-орынға ие болды (2009 жылы – 601-650-орын). Қазақстанның жетекші ұлттық университеттері – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ топ-универ­ситеттерінің қатарына енген Орта Азияның бірінші жоғары оқу орындары болды. 2011 жылы 10 қазақстандық жоғары оқу ор­ы­ны халықаралық аккредитациялаудан өтті, бұл осы оқу орындары түлектерінің диплом­дарын шетелде танымдылығына мүмкіндік береді. Осы жұмыстың жалғасы республикалық аккреди­тациялық кеңестің және Аккредитация орган­дарының ұлттық тізілімінің құрылуы болады.

Жастар саясаты

Негізгі бағдарламалық мақсаттардың бірі жастардың белсенді азаматтық бағытын, әлеу­­меттік жауапкершілігін, отансүйгіштік сезімін, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қадір-қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. Мұнда балалар мен жастар арасында тәрбие жұмыстарын күшейтуге аса назар аударылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бой­ынша жалпы білім беру мектептерінде «Жас Ұлан» балалар-жасөспірім бірыңғай ұйымы құрылды. Жаңа жастар ұйымы екі деңгейден құрылған: 1-4 сыныптардың оқушыларын біріктірген «Жас қыран» және 5-9 сынып оқу­шылары үшін «Жас Ұлан». Бүгінгі күні оның қатарына 20 мың бала мен жасөспірім кірді. «Жас Ұлан» балалар-жасөспірім бірыңғай ұйы­мы балалар мен жастарға қазақстандық пат­ри­от­тық рухта тәрбие беруге бағытталған біздің жас тәуелсіз еліміздің тарихындағы бірегей жоба. Болашақта бұл ұйым азаматтық қоғамның элементі ретінде оқушылардың өзін-өзі бас­қарудың тиімді нысаны болады. Бүгінгі күні республикамызда жастар саяса­тын табысты жүзеге асырып жатқан 19 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на жастарды тартуға бағытталған жаңа жоба­ларды жүзеге асыру үшін 2009-2011 жылдарға арналған «Ауыл жастары», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар – Отанға», «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», тағы басқа жалпы ұлттық бастамасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар іске асырылуда. «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Заң жобасы 2011 жылдың 5 қазанында Қа­зақ­стан Республикасы Парламент Мәжілісіне енгізілді. Бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тәрбие және қосымша білім беру орталығын құру мәселесін жан-жақты зерде­леу­де. Ол балалар мен жасөспірімдер ара­сын­да­ғы барлық тәрбие жұмысы жүйесінің, оның әдіс­темелік қамтамасыз етілуінің, барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын бас­қарудың жаңа тетіктерін енгізудің біріктірушісі болады. 2011 жылғы қорытынды бойынша Мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңі табысты басталды деп айтуға болады. Биылғы жылы жоспарланған Мемлекеттік бағдарламаның 56 нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Жоғары білікті педагогикалық қызметкер­лердің үлесі артуда; қамқоршылық кеңестер құрылды; менеджмент саласында білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігі артуда; электрондық оқыту жүйесі енгізілуде; мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен балаларды қамту артуда; 12 жылдық оқу үлгісіне толық көшудің дайындық кезеңі басталды; «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жобасы шеңберінде мектеп құрылыстары жүруде; жұмыс берушілермен бірлескен біліктілікті тәуелсіз баға­лаудан өткен ТжКБ түлектерінің үлесі артуда; үздік әлемдік университеттер рейтингісінде кө­рінген Қазақстанның жоғары оқу орындарының саны артуда; импакт-факторлармен ғылыми жур­налдарда жарияланымдары бар профес­сор­лық-оқытушылық құрам мен ғылыми қызмет­керлер үлесі артуда; жастар жастар саясаты мен патриоттық тәрбие саласындағы іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде қатысады. Білім және ғылым министрлігінің қолданған бағыттары – республиканың 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді дамуының негізгі басым­дық­тарының бірі – Қазақстанның адами ресурста­рын дамытуды іске асыруға бағытталған Заманауи білім алған, сауатты шешімдерді қа­­былдай алатын және оны орындауға қабілетті ма­мандарды даярлау жөніндегі Мемлекет бас­шысы алға қойған міндеттерді шешу толы­ғымен ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге байланысты. Бұл жұмыс табысты түрде басталды.

Айқарма бетті дайындаған Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».