30 Желтоқсан, 2011

Мейірім

630 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Елімізде қазір жалғызбасты аналардың саны – 444 мың 800 болса, некесіз туыл­ған сәбилердің саны да 352 мыңнан асып жығылады екен. Өткенде Ресей телеар­на­ларының бірінде жасанды түсік тастау жайында өтікізілген ток-шоу бағдарла­ма­сында православиелік бір діндар әкей: «Қоғамдағы осы проблеманы алдымен еркектердің проблемасы деп қараған жөн. Егер ерлер өздерінің әкелік жауапкершілігін сезінгенде бұл әңгіме тумас еді», деп біздіңше дұрыс бір ойдың ұшығын шығарды. Шынында жетімдер санының артуына, тастанды балалардың көбеюіне тек әйелдер кінәлі ме?! «Мейірімділік – махаббат, қайырым­дылық, адалдық секілді ақ жүректен шы­ға­ды», дейді данышпан Шәкәрім. Өзгенің мұңына жан ауырып, қысылғанда қол­ұшын беріп, жан жылылығын себе білу екінің бірінің маңдайына жазылмайтын қасиет пе деп қаламын кейде. Өйткені, өзі үшін емес, тіпті отбасына, туған-туыс­тарына еш қатысы жоқ, әйтеуір қаймана бір қазақ баласы үшін тыным көрмей, сол үшін көшедегі адамдарды тоқтатып, өкіметтің, қоғамдық ұйымдардың есігін қағып, кеңсе жағалап, зыр жүгіріп жүруді екінің бірі жасамайтыны анық. Бір күні әпкем екеуміз базарға бардық. Балалардың ойыншығы сатылып жатқан тұсқа аялдап едік, бір жігіт ағасы болып қалған азамат сыпайы түрде: «Кешірі­ңіз­дер, маған сәл ғана, әрі кетсе бес минөтке уақыт­тарыңызды қиясыздар ма?»–дейді қиылып. Мұндайда көшеде жүрсең ая­ғы­ңа оралып, жып-жылы сөйлеп, қолындағы кітабын тыққыштайтын миссионерлердің бірі ме деп тіксініп те қаласың ғой. Жоқ, ондай емес, түр-басына қарасаңыз жөн­дем адам тәрізді. Тоқтадық. «Кешірі­ңіз­дер, балалар­дың ойыншықтарын қарап жатырсыздар ғой, сондықтан да сіздерге бөбектер жа­йын­да бірер ауыз сөз айтсам деп едім». Есімін Жүзбай деген азамат жөнін айтты. Осы Астанадағы «Мирас А» қайы­рымдылық қорынан екен. «Біз қалалық денсаулық сақтау департаментімен келісіп, осындағы 3 перзентханамен жұмыс істейміз. Ондағымыз, перзентханада бала­сын тастаймын деген қыздармен сөйлесіп, балаларын тастатқызбай, баратын жерлері жоқ болса шығарып алып, арнайы орта­лығымызға әкелеміз, олардың жігіттерін тауып алып сөйлесеміз, ата-аналарымен кездестіреміз. Тіпті, біздің араласуы­мыз­бен балаларының әкесіне қосылып, кәдімгідей отбасын құрып жатқандар бар. Бүгінге дейін 37 қызды шығарып алып, отандарына қостық. Қазіргі күні орта­лы­ғы­мызда 8 қыз бар», – деді бізді тоқтатқан азамат. Енді сауалды біз қоюға көштік. «Дұ­рыс екен, сонда бізден сізге қандай көмек қажет, орталықта қыздар қанша уақыт тұрады, барлығы да қазақтың қыздары ма?» – деген тәрізді сауалдардың астына алдық. Әлгі азамат олардың бар­лығына жауап беріп жатыр. Мен өзімнің журналист екенімді, кейінірек келсем, орта­лық­тың жұмысымен таныссам деген ойымды айттым. Келістік. Уәделескен күні «Мирас» қайырымдылық қоры орын тепкен кеңсеге келдім. – Мұндай қор құру идеясы қайдан шықты? Жалпы, өздеріңіздің жұмыс­тары­ңыз жайында кеңірек айтып берсеңіз, – дедім оның директоры Жүзбай Серікке. – Қор құру идеясына келуге лютерандар әсер етті, – деп бастады әңгімесін ол. – Бірде осы бауырларымыз қалай өзге діндерге өтіп кетеді деген сауалға жауап іздеп, солардың жиынына бардым. Барсам, 115 орындық тұр, соның 115-інде де ақсақалдары, ақ жаулықты аналары бар, жас-кәрісі аралас бірыңғай қазақ отыр. Сөйтсек, оларда өздерінің қатарын кө­бей­ту­дің бір жолы – от басып қалған қыз­дар­ға көмек қолын созып, көмектесіп, арты­нан діндеріне кіргізіп алу екен. Көңілім кәдімгідей ортайып, құлазып шықтым. Содан, қой, халқымыз жесірін жылатпай, жетімін жебеген ел еді ғой, басқаны айтпағанда, жұртымыздың осы бір жақсы қасиетін неге тірілтпеске деп осы жұ­мыс­ты бастауға ниеттендім. Қазір ислам дінінде де түрлі ағымдар пайда болып, жұртшылық қорқып қалған уақыт қой, содан республикалық мүфтиятқа барып: «Ойымыз сіздерге кедергі келтіру емес, тізе қоса қимылдау, өз қыздарымызға көмек­тесейік, сіздер де бұл істен шет қал­масаңыздар екен», – дедім. Олар бұл ойды керемет жақсы қарсы алды. Содан қор ашылуына Астанадағы мешіттердің имам­дарын шақырдық. Осылайша 2010 жыл­дың 25 мамырында ашылдық. Енді қала­дағы перзентханалармен байланыс орнату үшін алдымен денсаулық сақтау департаментінен рұқсат алу керек болды. Онда­ғы­лар: «Егер сіздер бір сәбиді перзентханадан анасымен бірге алып шықсаңыздар, соның өзі үлкен іс», деді. Сөйтіп, департамент басшысы заңгерлерін, маман­дарын шақырып алып, меморандумға қол қойдық. Біз үшін перзентханаларға баруға жол ашылды. Бірақ біздің уақытымыз тар, небәрі 3 күннің ішінде баласын тастай­мын деген анамен жолығып, оны райынан қайтарып, шығарып алып кетпесек, онда бала заңды түрде «тастанды бала» ата­нады да бөбектер үйіне жөнелтіледі. Алдымен бізге дәрігерлерден хабар тү­седі, содан перзентханаға барып, жас бо­сан­ған анамен сөйлесеміз. «Қызым, не үшін тас­тап жатырсың?» деген сауа­лы­мызға 3 түрлі айтылатын жауап бар. Біріншісі – ал­дан­дым, үйленемін деген жігітім қашып кет­ті, десе, екіншісі – ата-анама күйе жақ­тым, ел бетіне қарағысыз еттім, енді олар мені кешірмейді, дейді. Үшіншісі – барар жерім жоқ, тұратын орын, тіршілік етер жағ­дайым жоқ, дейді. Содан әке-шешені уақыт шешеді, бауыр еті баласының жаза басқанын кешірмейтін ата-ана жоқ, ертең-ақ жиенін бауы­ры­на басады, ал сен қазір тастасаң, ертең опық жейсің, өмір бойы өкінішің өзегіңді өртейтін болады, ата-анаңмен сөйлесейін, тіпті, сені орталыққа алып кетейін, әке-шешеңді балаңның қыр­қы­нан шық­қанын­да шақырамыз, деп перзентханадан кәдімгідей рәсімімен шығарып аламыз. Немесе қашып жүрген жігіт болса, оны адресімен іздеп барып сөйлесеміз. Алғашында қыздың анасымен сөйлес­кен­де: «Атама жүзіқараны, ол бір шіріген жұмыртқа», деп бет қаратпайды. Содан кішкентайды қырқынан шығарарда ең болмаса алғашқы рәсіміне қатысыңыз, деп ана­сын алдырып, баланы бесікке салып, қыр­қынан шыға­рып, азан ша­қы­рып ат қойып, өзіміз жасай­тын кішігірім дастарқанға келтіреміз. Сонда ана байғұс: «Шырағым, рахмет, айдала­дағы сендер осылай жасап жат­қан­да, іш­тен шыққан құлыныма біз қат­ты­лық жа­сап­пыз, барып әкесіне айта­мын», деп жы­лайды. Не керек, осыдан кейін жиендерін көп ұзатпай біздің үйден алып кетеді. Жас қыздар баланы жөргекке қалай орауды да білмейді, қор қыз­мет­керлері­нің көше жағалап жүріп айтқан әң­гімесінен кейін өз еріктерімен келіп, Құрман­күл, Торғай, Тоты сын­ды волонтер апайлар жас аналарға кө­мектерін көрсетті. Жал­пы, біз қан­дай көмек болса да қуана қарсы аламыз. Дәулетті адамдар­дың киімдері тоз­бай­ды ғой, мода­сы өткен киімдерін әкеліп берсе, оны да мұқтаж адам­дарға үлесті­реміз. Азық-түлік болса да қуа­на ала­мыз. Жаңа жыл­да Аяз Ата емес Қыдыр ата келді, деп ба­ла­ларға қажетті сый­лықтар жасадық. Бұл жұмысымызды естіген жан­ның барлығы бірдей қолдайды деп те айта ал­маймын. Зинадан туған шатаға бола сон­шама алаөкпе болып не көрінді, деп күс­тәналайтындар да табылады. Бірақ, жетімін жылатпаған елдің, жесірін жатқа бермеген елдің ұрпағы едік қой, біз бала­лары­мызды жетімдер үйіне жіберіп, олар­ды шет елдіктердің асырап, жат жерге әкетулері жан ауыртар жәйт емес пе. Пат­риоттық сезім дегеннің өзі не? Қарын­да­сың жыласа, одан туған шарана тумай жатып, қоғамнан қағажу көрсе, ер­теңіміз не болады деген ой маза бермеді. Осындай жағдайлар қайталанбасын, жастарға ой салсын, әрі қоғамның қар­жылық есебіне септігі болсын, деп әуес­қой әртістерден театр аштық. Сонымен, спектакльдер, концерттер қоямыз. Сценарий қыздардың басынан өткен нақты оқиғаларға құрылған. Қазір соны мектептер мен жоо-ларда студенттер арасында қойып жүрміз. Сосын жастардың секта­ларға өтіп кетулеріне құрылған «Шешілмеген түйін» деген де спектакліміз бар. Көрер­мендер өте жақсы қабылдайды. Қа­зіргі күні орталықта 8 қыз балаларымен тұрып жатыр, барып сөйлесуіңізге де болады. Директордың сөзінен кейін орталық­тары­на соқтым. – Менің бір жарым жасымда әкем мен анам ажырасып кетіпті. Анам байғұс әлі қанаттары қатаймаған үш баламен жесір қалды. Ал үш жасқа толғанымда анам екінші рет тұрмыс құрды. Өгей әкенің аты өгей емес пе, бізге мүлдем дұрыс қара­мады. Ең бастысы, анамызға сөз келтірмейік деп үндемей өгей әкеміздің айтқанын істеп жүре бердік, таяқты да жейміз, ұзын сөздің қысқасы, көрмеген қиындығымыз жоқ. Өгей әкемнен туған бір ұл, бір қыз бар, олардың өмірі патшадай. Біз солардан қалған киімді киіп, әрқашан екінші орында тұратынбыз. Анам өгей әкеме қарсы ештеңе айта алмайды. Ал өзімнің туған әкем болса, анаммен ажырасқаннан кейін бізге мүлдем келмеді. Сол кеткеннен мол кетті, екінші рет үйленді деп естідік. Бізге бір рет болса келіп, бала­ларының хал-жағдайын білмеді. Мен алтыншы сыныпқа келгенде өзім­нен екі жас үлкен жігітке ғашық бол­дым. Кездесіп жүргенімізге үш жыл толғанда, яғни мен тоғызыншы сыныпты бітіргенде сол жігітімнен аяғым ауырлап қалды. Бірақ жігіт ауқатты жерден болғандықтан, оның ата-анасы мені алуға үзілді-кесілді қарсы болды. Қызымды туғанда, әкемді іздестіріп таптым, бірақ ол менен бас тартты. Осыдан бір жыл бұрын қайтыс болды деп естідім. Өмірге келмей жатып небір қиындықты маңдайыма үйіп-төгіп беретіндей тағдырыма не жаздым деп налитын сәттерім де болады. Не керек, қызым Томирис дүниеге келді. Қызым бір жасқа толған күннің ертеңіне сәбиімді анама қалдырып, Астанаға жұмыс істеуге жолға шықтым. Сонымен, елордадағы қым-қуыт өмі­рім басталды, мұнда келгенде істемеген жұмысым қалмады. Аспазшы да, еден жуу­шы да, құрылысшы да болдым. Ар­на­йы мамандығым болмағаннан кейін бар­лық жұмысты істеп шықтым. Мұнда әп­кем екеуміз біреудің жертөлесінде тұ­рып жаттық, пәтер жалдауға қаража­тымыз болмады. Кафеде аспазшы болып жүріп, Азамат есімді жігітпен таныстым. Жағ­дайымды сол түсінер деп ойладым, себебі, ол да мен сияқты жастайынан небір қиын­дық көрген жетімдер үйінің тәр­бие­лену­шісі еді. Аз уақытқа болса да ба­қытты өмір кешіп жаттым. Ол бақыттың да ғұмыры ұзаққа со­­зылмайтынын білсемші. Екеуміз үй­леніп отау құрамыз деген менде тәтті ар­ман-қиял болған еді. Екін­ші балама ая­ғым ауырлағанына жеті ай болса да жұмыс істеп жүрдім. Әдеттегідей бір күні жұ­мыстан келсем, те­ре­­зенің алдында бір парақ қағаз тұр. Онда былай деп жазы­лыпты: «Кешір, Жадыра, мен саған үйлене алмаймын. Менің әлі ондай жауапкершілікті мойныма алар мүмкіндігім жоқ. Баланы не істейсің, оны өзің білерсің. Әрине, кешіре алсаң кешірерсің. Қош бол, Жадыра». Сонымен, қалың тұманның ішінде тағы да жалғыз өзім қалдым. Екі көздің жасына ерік беріп, жастығымды шылқ-шылқ су етемін. Елге барар бет жоқ, бірінші қызымды анам өсіріп жатыр. Енді мынандай болып барып тұрсам, өгей әкем­нің өлтіретіні айдан анық, онымен қой­май ел-жұрттың бетіне қалай қарама­қ­пын? Ол уақытта әпкем тұрмысқа шық­қан, соған бардым. Бар пана іздерім сол әп­кем ғана, туған ағам да осы қалада тұ­рады, бірақ одан пайда жоқ. Екі ай әп­кемнің қолында тұрдым. Гүлназым қыста туды. Қыстың қақаған аязымен бірге, сә­биімнің шырылдаған дауысы одан сайын менің мұздаған жүрегімді қатайта түсті. Санам сан саққа жүгіруде, баламнан бас тартпасам қалай болады. Бірақ қайда барамын, қайтіп күн көремін, бала түгілі өзімді асырауға жағдайым жоқ. Ауылға барсам қалай болады, ел-жұрттың бетіне қалай қарамақпын, өгей әкем үйге кіргізе ме, анамды тірідей жерге көмбекпін бе? деген сауалдар миымды ашытты. Ақыры, баладан бас тартуға шешім қа­былдадым. Сөйтіп, дәрігерлерге баламнан бас тартатынымды айттым. Әрине, олар өз­дерінің ақылдарын айтып бақты. Бірақ еш­қайсысы менің қатып қалған жүрегімді жібіте алмады. Сол сәтте дәрі­герлер «Мирас-А» қайырымдылық қоры­на хабарласқан екен. Қордың қызмет­кер­лері келіп, маған ақыл-кеңестерін айтты. Сен онсыз да өмірге некесіз сәби әкеліп, күнә жасадың, енді сол жасаған күнәңді мойындаудың орнына екінші күнәні арқаламақшысың. Соны ойладың ба, неге тәубеңе келмейсің, ертең арыңның алдын­да қалай ақталмақсың деген сөздер он­сыз да ашып тұрған жарама тұз сепкендей болды. Қазір «Мирас-А» қайы­рым­дылық қоры ашқан бейімдеу орта­лы­ғында сәбиім­мен бірге тұрып жатырмын. Ауруханада жатқанда қалтамда көк тиын ақшам жоқ еді. Қордың қызметкерлері келіп, емханадан шығарып, қазақтың салт-дәстүрі бойынша балама азан шақырып ат қойып, бесікке салды, – дейді Жадыра есімді мұңлық. Айгүл айтады: Алғашында мен осын­дай заманда ешқандай ақысыз-пұлсыз көмек көрсететін орын бар дегенге тіпті иланған жоқпын. Бұлар балам мен мені шығарып алып, баладан бөліп тастап, өзімді жұмысқа салып қоя ма деген де арам ой келді. Перзентханада баласын тас­таймын деген адамға жұрттың көз­қара­сы жаман болатыны түсінікті ғой. Ал бірақ баратын жерім жоқ. Алдымен маған Бердібек аға мен Нығмет ата келіп сөйлесті. Мен сіздермен барамын деп келіскен соң шығарып алды. Қазір соған керемет қуа­на­мын. Әйтпесе қызым қай жерде екен, біреу асырап алды ма деп, көшедегі қызыммен құралпы әр балаға көзімді сүзіп жүрер ме едім. Әкесі қызының туғанын досы арқы­лы естіп, алып кетемін деп айтыпты. Бірақ, құр сөз, әйтпесе келер еді ғой. – Ал мен көп балалы отбасынан шық­тым. Әке-шешем алыстағы ауылда тұра­ды. Осында қоныстанған ағаларым бар, бірақ олар баланы таста деді. Барлығы ренжіп, сен біздің бетімізге салық бола­тын болдың, елге не айтамыз, деп ұрыс­ты. Қиналдым, бірақ баланы тастамай, осы орталыққа келдім. Туғандарым бола тұрып жалғыздығыма налыдым. Қатты депрессиядан жүйке ауруына шал­дық­қандардың ауруханасына да түстім, қазір ағаларым әке-шешеме айта алмай отыр, кішкене шыда, осында бола тұр, сосын аламыз, балаңды жеткізуге де көмек­те­семіз деді, – деп уілдеген кішкентайын алдына алып отырған тағы бір ана әңгі­меге қосылған. – Депрессия деген біздің бәрімізге ортақ, уайымнан, жылаудан бізден сүт те шықпайды. Балалардың біразы жасанды сүтпен өсіп жатыр. Ал Жазира ауруханаға түскенде біз кішкентайды өзіміз бақтық. Егер анасы жоқ болса, онда оны бөбектер үйіне тапсырамыз дегенге жанұшырып дәрігерлерді көндірдік. Тәте, осындағы қыздардың барлығы қала­ға оқу іздеп келіп, одан жұмысқа тұр­ғандар. Арнайы мамандықтарымыз жоқ бол­ған­­дық­тан, біздер жеке кә­сіп­кер­лер­де түрлі жұмыстар істедік. Оларда, өзіңіз білесіз, ең­бек шарты, немесе декреттік дема­лыс­қа жіберу деген жоқ. Аяғың ауырла­ған­да төрт құбы­лаға қа­ра­тып, бар енді, деп жөні­ңе қоя береді. Қа­зір де біз тек қор­ға қарап ау­зы­мызды ашып отыр­май, жұ­мыс­­қа шыққы­мыз келеді. Біз сияқ­тылар үшін үкімет балалар бақ­ша­сын ашса ғой, тіпті со­ның ауыр жұ­мыс­­тарын өзі­міз-ақ атқа­рар едік. Еңбек­ақы төле­се, әрі бір жағы­нан қиналып жүрген жал­ғыз­бас­ты аналарға көмек болар еді. – Мен – осындағы ең бір ұзақ тұрып жатқанның бірімін. Көбіне қыздарды 6 айға жеткізбей алып кетеді. Қыздар балаларының әкесі­не қосылып, немесе ата-аналары келіп әкетіп жатады. Басында қор жұмысын баста­ған­­да демеушілер жоқ еді. Қазір қалалық коммуналдық шаруа­шы­лық мекемесі әр айдың 15-інде қажет заттары­мыздың тізімін алып, соны әкеліп береді, – деді келесі бір ана. – Біздің отбасында ұл жоқ, 6 қызбыз, ал әке-шешеме бермеген ұлды Алла маған берді. Және мен әкемнің ең сүйікті қызы едім. Ол кісі қыздарынан жамандық көр­ген жоқ. Менен үлкендері тұрмысқа шық­қан, үйлі-баранды. Енді осы жағдайды естісе не бо­ла­ды. Әрі әкем қазір ауырады, кішкене жа­зылсын, сосын барып айтып, өзімізге жаз­ды­рып аламыз, – деген Жанарға мүмкін Алла тағаланың сенің папаңа тартқан сыйы шығар, мұңайма дегенімде, жанары жарқ ете қалған ол: «Рас шығар, әпкелерімнің ұл­дары болғанымен, жезделерім оларды па­пам­ның атына жаз­дыруға бермейді, ал ме­нің ұлым әкем­нің атын алатын болады», – деді. Қыздармен әңгімелесіп отырғаны­мыз­да Қарағандыдан гастрольден қайтқан әр­тістер де келіп қалды. Араларында жасы 70-тен асқан Нығмет Ерханұлы бар екен. – Өзім де жетімдіктің тақсыретін тарт­қан жан едім. Туа сала әкем «халық жауы» атанып, сол кеткеннен мол кетті. Мен болсам, шешем тұрмысқа шығып кеткен соң, ата-әженің бауырында қалып­пын. Ал қордың атқарып жүрген жақсы жұмысын естіген соң, қолымнан келгенше көмектесейін дедім. Жаяулап-жалпы­лап, қысты күндерде қол көтеріп, өткен көліктерге жабысып, әртіс балалар бара­тын жерлерді дайындаймын. Келісімге келгеннен кейін жастарды бастап алып барамын, – дейді ақсақал. Бір сәт жолдан жаңа келген әртістерді де сөзге тарттым. – Біздің қойылымдар шынайы оқиға­лар­ға құрылғандықтан болар, көрермен­дер­ге қатты әсер етеді. Қыздардың ая­ныш­ты халін көргенде әртіс те, көрермен де бұлаудай болып жылап отырады. Шық­қаннан кейін жастар келіп, алғыстарын айтып, өздеріне керемет әсер еткенімен бөлісіп жатады. Әр қойылымнан кейін жұмысымыздың жұртқа қажеттігін ұғы­нып, қанаттанып қайтамыз, – деген олар. Уілдеген кішкентай сәбилерін ал­дары­на алып, бастарындағы мұңдарын айт­қан­да жанарлары кіреукеленіп, торыға күр­сінген жандар, балдырғандары талпынып немесе кішкентай қолдарын қыбырлатып, аналары­ның бетіне, ауызына тигізгенде, лезде жа­ңа­ғы қалыптары бақытты бір шуаққа бөленіп, бөпелеріне мейірлене қараған сіңлілерім­мен қоштасып, ақырын үйге аяңдадым. Түр­лі ой санамды шар­пып, ой жүгі ады­мым­ды қысқартып, бар болмысыммен бө­бек­терін бауыр­ларына басқан, суыққа тоң­ған торғайдай шарасыз аналардың, бей­күнә сәбилердің шын бақытты болуын тіледім.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.