Қазақстан • 09 Қазан, 2018

Жазушылар Одағында Президент Жолдауы талқыланды

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауы мемлекетіміздің  даму қарқынын арттырып, барлық салаға серпін беретін маңызды құжат. Сондықтан онда айқындалған бағыттарға басымдық берудің маңызы зор деген аға буын қаламгерлер  Қазақстан Жазушылар Одағынының ғимаратында бас қосып, Мемлекет басшысының  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылады.

Жазушылар Одағында Президент Жолдауы талқыланды

Жаңа Жолдаудың елдің әлеуметтік әлеуетін арттырудан бөлек, рухани мазмұны да терең. Тарихи құжаттың жүйелі жүзеге асуына, қоғамдық ой-пікір қозғауда қаламгерлер қауымы да қалыс қалмай, белсенділік танытпақ. Елбасы өз жолдауында алдағы жылды жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Жазушылар Одағы жастар шығармашылығын жан-жақты дамытуға арналған арнайы бағдарлама әзірлемек. Жобада жастар поэзиясы мен прозасын дамыту, драматургия мен сын жанрына соны серпін беру басты бағыттардың бірі болмақ.

Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары ақын Бауыржан Жақып: «Мемлекет басшысы сөз басында еліміздің сан салада қол жеткізген елеулі жетістіктерін түйіп-түйіп айтып кетті. Расында көңіл қуантарлық жетістіктер көп-ақ. Елбасы келер жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1 жарым есеге, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсетіндігін айтты. Сонымен қатар 3 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға 500 миллиард теңге бөлінетіндігі, басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру үшін ұлттық банктен кемінде 600 миллиард көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлу ісі тапсырылды. Мұның бәрі халыққа жасалып отырған үлкен қолдау. Әсіресе, педагогтың мәртебесі туралы заң қабылдау мәселесі өте оңды дүние. «Алаш баласының басы қосылса, төр мұғалімдікі» дейтін Мағжан сөзінің бәсіресін биіктетіп, ұстаздарымыздың мәртебесін өсіру ұлттың болашағы үшін жасалған игі қадам» дейді.      

Басқосу барысында зиялы қауым  жазушылардың қоғамдағы рөлі, жастар әдебиетін қолдау, Жолдауды іске асыруда қаламгерлер қауымына артылған  жауапкершілік  тұрғысында әңгіме өрбітіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.     

– Кез-келген Жолдау жазушыларға тікелей қатысты. Өйткені «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты барлық жұмыстарға Қазақстан Жазушылар Одағы тікелей қатысады деп Елбасы қадап айтқан болатын. Бұл қаламгерлер үшін үлкен мәртебе әрі зор мүмкіндік. Жолдауды жазушылар қызу талқылады. Келесі жыл жастар жылы болатыны үлкен жаңалық болып жатыр. Өйткені біздің жазушыларымыз үнемі кейінгі толқынмен толығып, әдебиетке толқын-толқын жастар келіп отыруы керек, – дейді жазушы драмматург Сұлтанәлі Балғабаев.       

Бұдан бөлек белгілі жазушылар Марал Ысқақбай мен Ахметжан Ашири, ақын Любовь Шашкова мен ғалым Темірхан Тебегенов сөз алып, халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету, білім мен медицина саласын дамыту, халық табысының өсуі сынды Жолдауда қамтылған бірқатар тақырыптарға қатысты өз  ой-пікірлерін білдірді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ