Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Үкімет отырысында Жолдауды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды

306 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаевтың төрағалы­ғымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Қазақ­стандықтардың әл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.

Үкімет отырысында  Жолдауды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды

6 міндет, 100 шара

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Жалпы­ұлттық жоспарда еліміздің дамуы үшін қолға алынатын негізгі алты міндет бо­йынша 100 іс-шара  қамтылған.

Мемлекет басшысы Жолдаудағы бірін­ші тапсырма – «Халық табысы­ның өсуі» міндеті бойынша қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуіне ерекше назар аударды. Бұл мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың табысын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 24 іс-шара қарастырылып отыр.

«Қазақстандықтар үшін аса маңызды шаралардың бірі – 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін біртін­деп 1,5 есе арттыру. Халық­тың кірісін қорғау үшін заңнамаға тариф белгілеу тетігінің, коммуналдық қыз­мет­терді тұтынушылардың қара­жатын пайдаланудың ашықтығын қам­тамасыз ету үшін өзгерістер енгі­зілетін болады. Бизнесті тиімді қолдау мақ­сатында 2025 жылға дейінгі Биз­нес­тің жол картасы бағдарламасы жалғас­тырылады», деді Т.Сүлейменов.

«Тұрмыс сапасын арттыру» атты екін­ші міндеттің аясында екі маңызды сала – білім беру және денсаулық сақтауды қамтитын 24 іс-шара көзделген. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, оқушылар орнының тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер проблемасын шешу мақсатында осы жылдың соңында өңірлерде мектептердің құры­лысы басталатын болады.

Денсаулық сақтау саласында медицина қызметтерінің сапасын арттыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз, цифрлы түрде жүргізуге көшеді.

«Биыл Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталады. Ол қазіргі заман талабына жауап беретін құрылғылармен жаб­дық­талады. Халықты сапасыз және денсау­лыққа қауіпті тауарлар мен қызмет­терден қорғау мақсатында Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті құрылады», деді Т.Сүлейменов осы мәселелерге орай.

Бұған қоса, республиканың жері мен халқын тиімді аумақтық ұйым­дас­­тыру мақсатында «елімізді аумақ­тық-кеңістіктік дамытудың 2030 жыл­ға дейінгі болжамды схемасы» қабыл­данатын болады, бұл еліміздің басқарылатын кенттенуінің жаңа картасына айналады. Министрдің ай­туынша, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы нақ­ты іс-шараларын, жобалары мен қаржы­лан­­дыру көлемін көрсете отырып келесі жылы қабылданбақ. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын, коммуналдық және тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүргізілу мерзімі ұзартылатын болады.

Т.Сүлейменовтің айтуынша, құ­қық қорғау органдарының жұмы­сын түбегейлі жақсарту және азамат­тар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатын­да халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматын енгізуді, қо­ғам­дық қауіпсіздікті мониторингілеу жүйелерімен қамтамасыз етуді көздейтін ішкі істер органдарын жаңғырту бо­йынша Жол картасы қабылданбақ. «Соттардың жұмыс істеуінің заманауи форматын және озық электрондық сер­вистерді енгізу, артық сот рәсімдерін қысқарту арқылы сот жүйесі одан әрі жаңғыртылатын болады», деді министр сот қызметін жақсарту жөнінде.

Жалпыұлттық жоспарда «Азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат» атты төртінші міндет аясында 19 іс-шара көзделген. Мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қыс­қар­ту мақсатында мемлекеттік саясат­тың нақты шаралары мен нәтижелерін адамдарға түсіндіруді көздейтін «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасы әзірленетін болады.

Ал «Тиімді сыртқы саясат» бесінші міндеті аясында сыртқы саясатты қазіргі жағдайларға бейімдеу және ұлттық мүддені прагматизм қағидаттарында ілгерілету бойынша шаралар әзірленбек.

Алтыншы, «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» міндетінің шеңберінде 6 іс-шара көзделген.

«Жалпыұлттық жоспарды уақы­тылы орындау Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтама­сыз етуге негіз болады», деп түйіндеді сөзін Ұлттық экономика министрі.

Жалпыұлттық жоспар жобасы қа­был­данғаннан кейін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әкімдіктер мен министрліктер, барлық мүдделі мемлекеттік органдар жоспардың барлық шараларын орындауды қамтамасыз етуі қажеттігін атап көрсетті. 

Педагогтер мәртебесі заңмен айқындалады

Мұнан кейін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің «Білім берудің өзекті мәселелері» атты баяндамасы тыңдалды.
Елбасы жаңа Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту стратегия­лық маңызды бағыттардың бірі болып белгіленіп, мұғалімдердің мәртебесі мен қоғамдағы рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, білім беру жүйесін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге пәрмен бермек. 

Министр өз баяндамасында алдағы проблемаларды шешу міндетін сала-салаға бөле отырып, жүйелеп баяндады.

Бірінші. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту. Қазіргі уақытта 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 95%-ті құрайды. Бұл іске заманауи сипат беру үшін балабақшаларға жолдама берудің электронды жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта оның орташа көрсеткіші – 70%. 
«Бұл көрсеткіш 8 өңірде 100% болса (Астана, Алматы, Шымкент қала­ларында және Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола,  Маңғыстау облыстарына), ең төменгі көрсеткіштер Қарағанды (44%), Түркістан (35%) және Алматы (30%) облыстарында орын алып отыр», деді министр. Ал Жамбыл және Қостанай облыстарында электронды жүйе іске қосылмаған.

Сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мектепке дейінгі ұйымдардың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

«Қазіргі уақытта балабақшалардың 58%-інде (3 589) ғана бейнекамера (37 373) орнатылған. Ең жоғары 100%  көрсеткіш Атырау, Павлодар, Маң­ғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарына, Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі», деген министр бұл іске әлі бел шешіп кіріспеген өңірлерді де атап көрсете кетті.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес балабақшалар мен мектептерді бейнекамерамен қамтамасыз етуге үш жыл беріліп отыр. Осы жұмысты бүгін­нен бас­­тап қолға алуды сұраймыз. Министр­лік өзінің тарапынан ай сайын мониторинг жасап, ақпаратты жариялап отырады», деді Е.Сағадиев.
Білім саласындағы тағы бір үлкен жаңалық Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленбек. Заңда педагог­тердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, оқу жүктемесін қысқарту, қажетсіз тек­серу­лерден қорғау үшін нормалар қарас­тырылады. Заңды бекіту 2019 жылға жоспарланған. Биыл осы заң дайындалып, қоғамдық талқылау үдерісінен өтетін болады.

Мектеп инфрақұрылымына мән беріледі

«Ағымдағы жылы біздің база арқылы 680 мектепте күрделі жөндеу жүргізу қажет болған, бірақ жөндеу олардың 50%-інде ғана жүргізілді. Ең жоғары 100% көрсеткіш 8 өңірде байқалады (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақ­стан, Маңғыстау, Түркістан облыс­тары, Алматы және Шымкент қалалары). Ал ең төменгі көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Жамбыл облыстарында. «Бүгінгі таңда республика бойынша 45 апаттық мектеп бар. Оның ішінде заң бойынша республикалық бюджеттен салынатын тек қана бір апаттық мектепке қаражат қарастырылған. 29 мектептің құрылысы жергілікті бюджет арқылы салынып отыр. Қалған 15 апаттық мектептерді салу мәселелері шешілмеген. Олардың көбі Батыс Қазақстанда, Қостанай және Жамбыл облыстарында», деген Е.Сағадиев осы мәселе бойынша министрлікке облыстардан ұсыныстар жиі түсіп жатқандығын, бірақ заң бойынша және Есеп комитетінің қорытындысы бойынша мұндай мектептер жергілікті бюджеттен салынуы қажеттігін айтып өтті.

Осы мәселеге байланысты облыс­тар әкімдерінің есептері тыңдалды. Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев елімізде 127 мектепте оқытудың үш ауысым­да жүргізілетінін, 321 мек­тепте тамақ­тандырудың ұйымдас­тырыл­мағанын, басқа да бірқатар проблемаларды атап көрсете келе, білім беру проблемаларын шешуге бұрыннан жоспарланған 47 млрд теңгеге қоса енді Елбасы­ның Жолдаудан туатын тапсырмаларын орындауға қосымша 50 млрд теңге қарас­тырылатындығын атап көрсетті. Осы қаражатты тиімді пайдалануды тиіс­ті орындарға міндеттеді. Әкімдерге білім саласында жан басына шығатын шы­ғын­дарды кемітпеу жөнінде тапсырма берді.

Үкімет отырысында мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөнінде мәселе қарал­ды. Бұл мәселе жөнінде Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың баяндамасы тыңдалды. Ол өз баяндамасында Қазақ­станда 674,2 мың мүгедектігі бар адам тұратынын, оның 62%-і еңбекке қа­бі­летті жаста, 25,4%-і зейнеткерлік жас­­та, 12,6%-і әлі 18 жасқа толмаған бала­лар мен жасөспірімдер екенін айтып өтті.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс шамасының өзгеруіне байланысты мүгедектерге берілетін жәрдемақы 16%-ке дейін арттырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәмелет жасқа толған бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім көрсетіп отырған адамдарға 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа жәрдемақы енгізілді. Бүгінгі күні жәрдемақы 10 мың отбасына тағайындалды, оның мөлшері 29 699 теңгені құрайды.

Аталған мәселе бойынша Денсау­лық сақтау министрі Елжан Біртанов­тың, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің өз салалары бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы қосымша баяндамалары тыңдалды.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халықтың әлсіз топтарын қорғау мен мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі адамдар проблемасы Елбасының назарында тұрғанды­ғын, жаңа Жолдауда бұл мәселенің де атап көр­сетілгендігін еске сала келе олар­­ға жайлы орта қалыптастыру өрке­ниет­ті қоғам белгісі екендігін айтып өтті. Премьер-Министр осы мәселе жөнінде жаңа бағ­дарлама әзірлеуді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігіне жүктеді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»