Президент • 10 Қазан, 2018

Елбасы Жолдауы жайлы пікірлер

11908 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елбасы Жолдауы жайлы пікірлер

Құндылық кілті – келісім мен татулық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазан айындағы Жолдауы – қазақ көшбасшысының көрегендігін кезекті рет көрсетті. Бұрынғы Жолдау­ларында ол елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш сал­ған болса, енді Қазақстан аза­мат­­тарының тұрмыс-ахуалын арт­тыруды көздеген әлеуметтік шара­лар жасау тұрғысындағы мақса­т­тар­ды белгілеп отыр. Осының өзі­мен Қазақстанның көшбасшысы мем­лекеттік саясаттағы ең басты капитал – адам екендігіне көзі жеткен эко­но­микалық және саяси жетілудің шыңы­нан көрінеді. Жолдауда атап көр­сетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде беріл­ген – білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру, мем­лекеттік қызмет көрсетулердің жақ­саруы – міне, адам капиталын ин­вес­тициялауға жасалған осы шара­лар­дың бәрі қазақстандықтардың өмір са­пасының артуына кепіл болары сөз­сіз. Осылардың бәрі менің қандастарым, Қазақстанда тұратын немістерге де қатысты болатыны мені қуантады. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Жолдауының орындалуы экономикалық тетіктермен бекітілгені, нақты жоспарлардың белгіленгені және орындалуын қадағалайтын қажетті бақылау жүйесімен астасқанын атап өтуге тиіспін. 
Қазақстан халқы Ассамблеясының Германиядағы елшісі болғандықтан мені Жолдаудың орындалуының шарты елдегі басты құндылық ретінде бағаланатын бейбітшілік пен келісім екендігі де қуантады. Мұны біз, герма­ниялықтар жақсы түсінеміз. 
Президенттің Жолдауда көрсеткен барлық мақсаты орындалып, Қазақстан халқының табыспен өркендей беруіне тілектеспін. 

Генрих ЦЕРТИК,

Германияның саяси қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының елшісі

Қарапайым халық әлеуеті басты назарда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының басымдықтарымен үлкен қызығушы­лықпен танысып шықтым. Осы орайда, ең алдымен назар аудартқаны – Жол­даудың азаматтардың тұрмыс-тір­шілігіне, өмірлік маңызды мәселелерге және әлеуметтік қорғалуына бағдарлануы болды. 
Менің ойымша, Жолдаудың кей­бір тұстары өзге елдерде де көрініс тауып жатса құба-құп. Сонымен қатар Үкімет қызметінің адамды дамытуға және қазақстандықтар­дың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы назар аударуға тұрарлық әрі құптарлық іс.

Расим МУСАБЕКОВ,

саясаттанушы,  Әзербайжан парламентінің депутаты

Өзекті әлеуметтік сауалдарға нақты жауап

Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның барлық этностың мүддесін тоғыстыр­ған, ұлтын­а қарамастан азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын барынша сақтау­ды көз­дейтін Қазақстан саяси жүйесінің ма­ңызды элементіне айналғанын көріп отырмыз. 
ҚХА қызметі республикадағы қоғам­дық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимы­лының тиімділігін арттыруға бағытталған. Сон­дықтан ҚХА-ның Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына қатысты үндеуі – қисынды қадам және оның ұлттық саясатты іске асыруға белсенді қатысуының көрінісі.
Жолдауда отбасы мен жастар мәселесі, табыс табу деңгейі, жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаң­ғырту, ауыл шаруашылығы мен экология сияқты өзекті мәселелер қозғалған.
Осының бәрі көрсетілген Жолдау қазақ­стандықтардың өмір сүру сапасын арт­тырудың жаһандық стратегиясын біл­діреді деп нық сеніммен айтуға болады.
Өз кезегінде ҚХА мәлімдемесі сан алуандылыққа қарамастан тұрғындардың қолда бар мүмкіндікті пайдалануына және елді дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін шоғырландыруға дайын екенін білдіреді.
ҚХА Кеңесінің 6 қазандағы үндеуінде атап өтілгендей Қазақстан Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  атты Қазақстан халқына Жолдауы қоғамның өзекті әлеуметтік сауалдарына нақты жауап болды.
Сондықтан Қазақстан халқы Ассам­блеясының жаңа Жолдаудың міндеттерін толық қолдау және оларды іске асыру мен түсіндіруге белсенді қатысу, сондай-ақ барлық қазақстандықтарды ұлттық әл-ауқатты мемлекет құрылысының мақ­саттарына қол жеткізу үшін жұмылуға шақыруы ерекше маңызға ие. 
Бауырлас Қазақстан халқының алға қойылған міндеттерді табысты іске асыруына тілектеспін. Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ашылуында біздің көшбасшымыз Шавкат Мирзиёев атап өткендей, «Бүгін берекелі және жомарт Қазақстан жерінде біз өзімізді туған үйде, арманы мен мақсаты ортақ тату отбасының мүшелері ретінде сезінеміз». 

Комил КАЛАНОВ,

Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры

Туысқан Қазақ елінің игіліктері бізді қуантады

Қазақстан егемендігін жа­рия­лағаннан бері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларымен экономика және басқа салаларда іргелі шараларды жүзеге асырды. Соның арқасында елдің тұр­мысы оңалып, бақуаттылыққа қол жеткізді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолғы Жолдауында мезгіл тамы­рының бүлкілін дөп басып, жұрт­тың қызығушылығын тудырған, өңірдің ілгері басуына ықпал ететін мәселелерді көтеріпті. 
Қазақстанның экономикасы жо­ғарыға сатылай көтеріліп, ретімен дамып келеді. 2050 жылы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мақсаты – экономиканың жоспарға сай жүзеге асып жатқанының айғағы. Мұнда  Елбасының экономиканың қыр-сырын терең білгендігі басты рөл ойнап отыр. 
Қазақстан енді экономика­ны экстенсивті дамытудан интен­сив­ті дамытуға көшті. Таратып айт­қанда, бұрынғыдай жаратылыс байлықтарын, шикізатты экспорт­қ­а шығаруға басымдық бермей, жа­ңа технологияларды пайдалану­ға, керекті өнімдерді елдің өзін­­де өндіруге, сыртқа дайын заттарды шығаруға ден қойды. Жолдауда осы жағдайлар да айтылған. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қаржы қарастыру тапсырылған. Ал енді ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті жүктелген. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің импортын 2,5 есе азайту дегенді білдіреді. 
Жолдаудағы менің көкейі­ме қонған жайттардың бірі – «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының екінші тынысының ашылғаны. Біріншісі – көлік инфрақұрылы­мын дамыту, екіншісі – коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы құ­рылысын кеңейту елге ең қажетті өзекті жұмыстар екені айтпаса да түсінікті.
Қырғызда «Коңшуну тандабайт, Кудай кошот» деген мақал бар, Құдай қосқан көрші әрі туысқан қазақ елінің игіліктері бізді қуантады.

Айылчы САРЫБАЕВ, 

Бішкек Экономика және қаржы институтының ректоры, 

экономика ғылымдарының докторы, профессор