Бағдарламалар • 10 Қазан, 2018

Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

1452 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Зиялы қауым өкілдері Жолдауға пікір білдірді

Бұл – адам дамуының негіздерін нығайту бағыты

Бейбітшілігі мен келісімі орнық­қан еліміздің жан-жақты дамуы­ның куәгері ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауын зор ықыласпен қабылдадым. Кезек­ті Жолдаудың бір ерекшелігі эконо­микалық даму мен өмір сапасын арттыруды үйлестіріп, бірт­ұтас қарас­тырылуы дер едім. Бұл мем­­леке­тіміздің әлеуметтік, демокра­тиялық айқын сипатын айғақтай түседі. Елбасымыз «Әрбір Жол­дауым­да ха­лықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға бағыт ұс­та­намын» деген сөзімен жаңа Жол­даудың мақсат-мұратын анықтап берді.

Қол жеткен жан-жақты табыстарымыз бен жетістіктерімізді айта келіп, осы берік тұғырда әрі қарай қа­рыштау үшін жаңа биіктерге да­йын екеніміз баса көрсетілді. Бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша хал­ық­ара­лық рейтингте 36-орында тұрғанымыз бұған негіз береді. 

Әрине педагог болған соң, өзім Жолдаудың адам дамуы мен білім беру бағыттарындағы жоба­ларына ден қойдым. Мұның өзі бала-бақ­шалардан бастау алады дей келіп, Елбасы орта білім беру­ді адам да­муын­­дағы негізгі буын ретін­де атап өтті. Мектептер­ді ре­фор­малау­дың соңғы нүктесі қойыл­ды, яғни бар­лық мемлекеттік жалпы орта бі­лім беру орындарын Назар­баев зият­кер­лік мектептерінің стан­дарт­тары­на келтіру міндетін нақтылап бел­гілеп берді. Әрине, меже биік­тігіне ұмтылыс бірте-бірте оқу-мате­риал­дық базаның да сәйкес жабдық­талуына септік етеді деп сенемін.

Расында да соңғы жылдарда мектепте өз дамуында сан түрлі бағыт арасында біраз айқынсыздықтың белең алғаны белгілі. Ендігі жерде Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісі барлық орта мектептер үшін бірден-бір міндетті жол болатын болды. Бұл тұжырымдамалық айқын­даманың белгіленуі, сөз жоқ, жалпы орта білім беруді бірыңғай бағдарда жүзеге асыруға, оған жаңа қарқын қосуда шешуші серпін береді. Білім сапасының көрсеткіштерін жетілдіру мақсатында ендігі жерде оқушылар білімін бағалау жүйесі халықаралық стандарттар арқылы жүзеге асады. Ол мектептің жаңа бағытқа бет бұруын жеделдететін болады.

Нұрсұлтан Әбішұлы педагог­тардың мәртебесі туралы жаңа заң қабылданатынын мәлім етті. Оның өзегіне оқушылардың оқу жүк­темесін мейлінше азайту алынбақ, нәтижесінде білім сапасы артатын болады. Педа­гогтарымыз­дың пе­да­гогикалық-пси­хо­логиялық құн­­­­ды­лықтары лайық­ты бағасын алып, кәсіптік-азамат­тық жауапкер­ші­лігінің артуына, олар­дың өмір салтына ай­налуына көмек етеді. Сондай-ақ мұ­ғалімдерді педаго­гика­лық емес қоғамдық жұмыс­бас­ты­лықтан түбе­гейлі арылту көзделмек.

Әлі де орын алып отырған апатты мектеп үйлері және 3 ауысымда оқу жағдайлары алаң туғызады. Жолдауда осы келеңсіздіктерді тезі­рек түзету мәселесіне көңіл бөлінді. Осы мақсаттағы тиісті шаралар 2019-2021 жылдарда қосымша 50 млд теңгемен қаржыландырылады. 

Әрине бүгінде жалпы орта білім беруді жақсарту міндетіне байланысты кезек күттірмейтін кешенді жұмыстары көп. Елбасы олардың баршасының оң жүзеге асуына негіз болатын мәселелердің басын ашып берді. Әсіресе білім беруді дамыту жолдарында Кембридж үлгісіндегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім стандартын таңдаудың бір ізге салынуын тарихи шешуші қадам деп білемін. Әлемдік білім кеңістігіне енуді көздейтін бұл жол жас ұрпақтың қоғам мен әлемнің өзгермелі жағдай­ларына бейім, дайын болуын, бәсе­ке­лестікке қабілеттілігін, өмір бойы оқып-үйренуге міндеттілігін қам­тамасыз етеді.

Жоғары білім беруде де иннова­циялық салалар үшін инновация­лық мамандар даярлау, қажетсіз мамандар даярлауды үзілді-кесілді тоқтату сияқты тапсырмалар беріл­ді. Осы орайда Назарбаев Универ­ситеті үлгісіндегі мүмкіндік еске салынды.
    
Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері, 
Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Шағын елді мекендер  тасада қалмайды

«Ауыл – барша қазақтың бесігі» деген сөз тіркесі мен қолданысы тіл­дік қорымызға орныққалы қашан?! Расы да, дұрысы да осы ғой. Қалада туып қай­­раткер атанғандар некен-саяқ де­сем қателесе қоймаспын. Оның есе­­сіне халқымыздың мақтан тұтар ұл-қыз­дарымыздың кіндігі ауыл­да кес­іл­іп, ауылда өскені еш­кімге де құпия емес. Соның ішінде Мем­­лекет бас­­­шысы өз Жолдауын Қазақ­­стан хал­­қы­на жолдап отырған сәтте ауызекі сөз арасында ауылдың жағ­­да­йын бір кісідей білетінін, өйт­кені өзі де ауылда туып-өскенін риясыз кө­ңіл­­мен, тіпті мақтаныш сезім­мен ай­т­қаны – барша ауыл тұрғын­дары­­ның риза­шылық сезімін туғызды деп есептеймін. 

Кейбір дамыған елдерде, соның ішінде АҚШ-та тұтас халықтың екі-ақ проценті шеткері құрылымда тұрса, Қазақстан халқының 40 про­центінің тұрақты мекені ауыл болып отыр. «Бұл өте, үлкен әлеует», деп тұжырым жасады Президент. Біз бұл Жолдаудан Мемлекет басшысы тарапынан ауылға деген қамқорлық пен қолдау­дың ұдайы, үздіксіз бола бере­ті­нін, ауыл ешқашан тасада қал­май­тынын терең түсіндік. Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы тұсында Елбасы өз Жарлығымен бір жылды емес, екі жылды емес, тұтастай үш жылды ауылды дамыту жылы деп жариялағаны ұмытыла қойған жоқ. Енді, міне, арада тағы біраз жыл өткенде Президент ауыл­ды одан әрі дамыту мен қайта тү­лету мәселесіне тағы бір мәрте ора­лып, «Ауыл – Ел бесігі» атты жо­ба­ны жүзеге асыруды ұсынды. Мұн­дағы басты мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауда жариялау кезінде мәлімдегеніндей ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаң­ғыр­туға кірісу болмақ. Бұл расында да ауылдың жай-күйін өте жақсы білетін, оған жаны ашитын адамның қадамы екені анық. Өйткені ауылдың еңсесі тіктелді деп өзімізді-өзіміз ал­дау­сыратқанымызбен мұндағы әлеу­мет­тік ортаның жай-күйі әлі де ол­қы екенін жасырып қалудың қан­дай қажеті бар. Елбасының тұжы­рым­дауынша осы жоба арқылы өңір­лер­дегі еңбекке қатысты идео­ло­гия­ны ілгерілетуге, оны түбірі­мен қайта орнықтыруға болады. Сәл тарқатып айтқанда, бұл түсінік­тің түп төркінінде ауылдағы әр тұр­ғын мен отбасы мүшелерінің еңбек­ке деген адал көзқарасы мен құлшы­нысына жаңаша серпін беру қажеттігі тұр деп түсінемін. Өйткені маңдай термен келген табыстың орны қашан да бөлек. Ауыл тұр­ғын­дары халықтың тұтынуы үшін тікелей азық-түлік өндіретін белдеу мен ендікте тұрғаны да оларға жауап­ты міндеттер жүк­тейді. Үлкен және орта бизнес демесек те, әркім­нің мүмкіндігі мен ша­ма-шар­қына қарай шағын кәсіппен шұғыл­­­дануы­ның қажеттілігі де осын­­да. Бұл олар үшін де, мемлекет үшін де тиім­ді қадам. Бүгінде өзім де зей­нет жа­сында екеніме қарамас­тан, осын­­дай екі жақты пайдалы іс­пен шұ­ғыл­­данып жүргенімді айта кет­кім келеді. Сондықтан да мен елге ти­гіз­етін шапағаты мол «Ауыл – Ел бе­с­ігі» жобасының іске қосылуын толы­ғы­мен қолдаймын. 

Құсайын ШАЛМАНОВ,

Сарыкөл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері

Ақтөбе облысы,Темір ауданы

Жастар ауылдарға барса

Өзім ауылдағы балабақ­шада жұмыс істейтіндіктен Жолдау­дағы білім беру, денсаулық сақтау саласына, ауылды көркейтуге, жастарға қатысты айтылған ойлар ерекше назарымды аударды. Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігін айтып «Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет», деді. Осы ретте балабақшадағы білім сапасымен қатар ондағы қызметкерлердің де жалақысы көтерілсе дұрыс болар еді деп ойлаймын. 

Жасыратыны жоқ, қазір ауылдағы жұрт­тың көбі науқастанып қалса, жол­дың шал­ғайлығына қарамай қала­ға барып ем­делгенді жөн көреді. Аудан ор­талығындағы ауруханаларға қарала­тындары сирек. Сондықтан Прези­дент­тің ауылдық жерлерде алғаш­қы меди­циналық-санитарлық көмектің қол­жетімді болуы жөніндегі сөзі ауылдағы дәрігерлер қауымының жұмысына тың серпін береді деп есептеймін.

Мені тағы бір қуантқан дүние – ке­лес­і жылдың Жастар жылы деп жа­рия­­ланғаны. Қазір ауылдық жерлерде жас­тардың азайып кеткені жасырын емес. Әсіресе Марқакөл, Катонқарағай, Тар­ба­ғатай секілді шалғайдағы шекара­лық аудандарда жастар жоқтың қасы. Арнаулы жыл аясында жастарымыз осындай алыстағы аудандарға барып, қыз­метке тұрса, ауылдарды қайта жандан­дыруға үлес қосса, нұр үстіне нұр болары анық. 

Ұлпан ИХАНБАЕВА, 

«Балдырған» балабақшасының медбикесі

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы


Өмір сапасы жақсаратын болады

Елбасы Жолдауында айтылған халықтың әл-ауқатының артуы қажетті материалдық және рухани игіліктерге, қызмет көрсету сапасына, әлеуметтік қамтамасыз етуге тікелей байланысты. 

Мемлекет басшысының бар­лық Жолдауларында көрініс табатын ұстаным – Қазақстанда жоға­ры өмір стандарттары бар әлеу­меттік мемлекет құру. Адамдар­дың өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту, әлемнің озық үлгідегі стандарттарына сәйкестендіру жас ұрпақтың қолайлы ортада қалыптасуына, дамуына зор мүмкіндік береді. 

Осы орайда өткен жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзек­­тілігі, маңыздылығы арт­пақ. Атал­ған бағдарлама аясын­дағы әрбір ірі жобаның нәтижесі халық­­тың са­насына түрткі болып, оның ішкі дүниесін байыту­ға, өмір көкжиегін кеңей­туге ба­ғыт­талған. Атап айт­сақ, ата-ба­ба­сы­ның өткен жолын, қасиет­ті мекендерін, туған жерін дәріп­теп, алдыңғы қатарлы әлемдік оқу­лық­тармен білімін тереңдетіп, ұлттық мәдениетпен сусындап, оны заманауи трендтермен ұштастырып өскен азамат мемлекеттің адам капиталы, қоғамның белсенді тұлғасы болмақ. 

Халықтың өмір сүру сапасы жә­не әл-ауқаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тығыз сабақтастықта, бірін-бірі толық­тыратын мемлекеттік саясат­тың бағыттары. Өмір сапасын адамның әлеуметтік және рухани дамуымен, оның тән саулығы ретінде түсіндіруге болады. «Тәні саудың – жаны сау» мақалында айтылғандай, өмір сүру деңгейі қалыпты, әл-ауқаты жеткілікті адамның санасы жаңашылдықты қабылдауға, өзін-өзі одан әрі жетілдіруге дайын болатыны күмәнсіз.

Әсел НАЗАРБЕТОВА,

ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы

Білім саласы үшін бетбұрыс кезең­­

Көпшілік назарына ұсыныл­ған Мемлекет басшы­сының Жол­дауы қоғамға үлкен міндеттер жүктеп отыр. Бағдар­ламалық құ­жатта ел экономикасын дамыту, за­манға сай өркендеу сынды тың мә­селелер қозғалды. Халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға ба­ғыт­талған Жолдау әр саланы қам­тып, жүйелі жұмыс істеуге негізделген. 

Мемлекет басшысы бұл Жол­дауында еліміздің білім саласы үшін түбегейлі бетбұрыс кезеңі­нің басталғанын нақты айтты. Мұ­ға­лімдердің кәсіби мерекесі қар­са­ңында ұстаз мәртебесін айқын­дау туралы Елбасының тапсырмасы атаулы сыйлық болды деп есептеймін. «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін бар­лық игілікті қарастырып, жүк­темені азайтуға, жөнсіз тек­серіс­тер мен міндеттен тыс функция­лар­дан арашалауға тиіс» деді Пре­зи­дент өз Жолдауында. Ұс­таз­­дардың мә­р­те­бесін айқын­дай­т­ын заң мұғалім­дерді және мек­тепке дейінгі меке­ме­лердің қыз­­мет­керлерін ынталан­дыру­дың бар­лық тетіктерін қарас­ты­ра­ды. Ұстаздардың жүкте­месі қыс­қартылып, түрлі тек­серіс­терден арылатын болады. Сонымен қатар Елбасы Назар­баев зияткерлік мектеп­тері­нің білім беру әдістеме­сі мем­ле­кет­тік мектептер үшін бір­ың­­ғай стандартқа айналуы тиіс екендігін айтты. Бюджеттік сала өкілдері жалақысының 35%-ке өсетіні, білім саласындағы рефор­малардың сапасына мән бері­летіні ұстаздар қауымын қуант­ты. Осы­ның барлығы кәсіби мереке қар­саңында жасалған тарту деп есеп­тейміз. Тиісінше мұғалімдер құл­шынып жұмыс істейтін болады. Қазір облыста мұғалім мәр­бесін көтеруге бағытталған жұ­мыст­ар нәтижелі екенін айта кеткен жөн. 

Ендігі кезекте білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Тал­­ды­­қорған аумақтық ұйымы және еншілес аудандық, қалалық коми­­теттерінің алдында бұл ма­ңыз­ды құжаттың мәні мен мағы­насын Жетісу өңірінің әрбір тұр­ғы­нына, еңбек ұжымдарына жан-жақты түсіндіру міндеті тұр. 

Садық ӘБДІҚАДЫРОВ,

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы 

Алматы облысы 

Тіл болашағында ұлт мәселесі бар

Қай заманда, қай елде болсын, болашағын ұрпағына берген білімі мен тәрбиесіне қарай бағамдап, соларға үлкен үміт артуы заңдылық. Біздің елімізде білімге болашаққа құйылған инвестиция ретінде қарап, мектеп оқушыларына жан-жақты әрі заманына сай лайықты білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Кейінгі жылдары баланы практикалық біліммен ғана сусындатпай, әлеуметтендіруге де үлкен мән берілуде. Сондай-ақ үштілді білім беру, роботтехника сыныптарының ашылуы – осының айғағы...

Алайда, баланың ана тілі, дүние есігін ашқаннан бесік жырын естіп өскен қазақ тілі ең басты орында екенін ұмытпауымыз керек. Ғасырлар бойы бабамыздан мұра болған, ұлттық тегімізді сақтап қалуда өзіндік үлкен орны бар тілімізді келешек ұрпаққа лайықты түрде үйрету, әрине, қазақ тілі мұғалімдерінің алдындағы үлкен мәселе. 

Мектепте қазақ тілі пәнін оқытуға қатысты әде­биет­тер мен әдістемелік құралдар жетерлік. Ұшқыр заманның ұшқалақ баласы әр нәрсені бір үйрене­мін деп, әр нәрсеге қолын созуға құмар екенін де білеміз. Ондай кезде бала көз алдындағының барлығын талғап, тексерместен бойына сіңіре береді. Осы орайда, тілді жетік меңгерген сауатты мұғалімнің балаға ұлттық тілін бойына сіңіруде атқарар еңбегі зор. 

Тіл – біздің ұлттық тегімізді жеткізуші. Тіліміз қарым-қатынас құралы болуымен қатар, қазақ екенімізді әлем жұртына мойындатар құрал. Ал оны бұрмалап, басқа тілмен қатар қойып, бала бойына оның құндылығын сіңіре алмасақ – ұлттық болмысымыздан айырылғанымыз. 
«...Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басым­дық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтым­ды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы», деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. 

Президент, сондай-ақ қолданыстағы кириллицадан латын графикасына ауыстыру туралы шешім қабылдады. Заман көшіне ілесу үшін қажеттілік бол­ғанымен, бұл шешімнің негізінде қазақ тіліне ғана тән дыбыстардың сол қалпында сақталуы, тілімізге ғана тән үндерді келешек ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу міндеті тұрғаны түсінікті. 

Осыған дейін кириллицаны пайдаландық. Тілімізге тән дыбыстар аталған алфавиттің ығына жығыла алмауы салдарынан, көптеген төл дыбыстарымыздың айтылуы мен жазылуы өзгерді. 

Тілімізде айтылар сөздерді белгілейтін әріптер өзін­дік қасиетке ие. Мәселен, әр әріптің дыбысталуын­да ерекше ырғақ бар екенін ескерсек, қазақ тілін дыбыс­­тайтын әріптер адам бойындағы ұлттық қасиеттерін нығайта отырып, патриоттық сезімді одан әрі күшейте түсуге ықпал етеді. Демек, ол – тек графика ғана емес, адамның өмір салты, ұлттың болмысы. Латын графикасы арқылы дыбысталатын қазақ тілі адам санасында өзінің қазақ ретіндегі болмысын қалыптастырып, оның ұлттық ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік береді. 

Ұлттық тегінен тамыр тартпаған сөз айтылуы кезінде ағза жасушаларымен іштей қарсылыққа түсед. Себебі, ген олардың айтылуын түсінбеуі салдарынан оған сәйкес бейнені құрай алмайды дейді ғалымдар. Олай болса, ұлттық кодымызды сақтаудың бірден бір жолы – тіл тазалығы болса, латын графикасы арқылы осы мақсатқа жететініміз анық. 

Гүлім УДЕШОВА,

Шет тілдері колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Қарағанды облысы