Үкімет • 10 Қазан, 2018

Экономикалық әріптестік нығая түседі

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше елордада еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Сербия Президенті Александр Вучичтің қатысуымен Қазақстан-Сербия бизнес-форумы өтті.

Экономикалық әріптестік нығая түседі

Форумда сөз алған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Сербия мен Қазақстан арасын­дағы достық қарым-қатынастың тұ­рақ­ты екенін айта келіп, агро­өнеркәсіптік кешен, химия, туризм, медицина, көлік, телекоммуникация сияқты салалардың даму әлеуметі жоғары екенін жеткізді. 

− Экономикалық әлеуеті жо­­­ғары Сербия Қазақстанның Еуро­падағы сенімді серіктесі. Біз Сер­бияның басты халықаралық бас­тамаларымызды жан-жақты қолдауын жоғары бағалаймыз. Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықта нығайып келе­ді. Өткен жылы Қазақстан мен Сер­бия арасындағы тауар айналымы 59 процентке өсті. Президент мыр­замен екіжақты келіссөздер ба­рысында бизнестегі қарым-қа­тынастарымызды барынша жоғары деңгейге көтеруге бо­ла­тын түрлі бағыттарды тал­қыладық, – деді Б.Сағынтаев.

Ал Сербия Президенті Алек­сандр Вучич қазақстандық кәсіп­керлерді өз еліне инвестиция құю­ға шақырды. 

− Біз еркін сауда аймағы туралы келісімге түзету енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әріптестерімізден құс еті, ірімшік, темекі және өзге де тауарларды қоса алғанда ЕАЭО нарығында бірнеше тауарлық позицияда кеденсіз импортты қамтамасыз етуді сұрап отырмыз. Сонымен қатар 5 мың автомобиль квотасы жайында да айттық. Келешекте ынтымақтастық үшін үлкен кеңістік табамыз деп үміт­тенеміз. Ауыл шаруашылығы са­ла­сында ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға ниеттіміз, – деді Сербия Президенті. Соны­мен қатар мәртебелі мейман әскери-техникалық салада да екі ел бірлесе жұмыс істей алатын­ды­ғын баса айтты. 

− Қазақстандық инвестор­лардың елімізге келгенін қалай­мыз. Соңғы үш жылда Doing-business тізімінде біршама жоғарыладық. Үш жыл қатарынан бізде бюджеттің артылуы орын алу­да. Бюджетінде профицит байқалған еуропалық елдердің саны аз, – деді Александр Вучич. Сербия Президенті қазақстандық кәсіпкерлерді туризм, қонақүй бизнесі сияқты салаларға ша­қырды. 

− Сіздер барынша қолайлы жағдай мен мемлекеттік суб­си­дия­ға ие боласыздар. Суб­си­дияны жаңа жұмыс орын­дарының саны бойынша бере­міз, оны ұсынудың түрлі дең­гейлері мен тәсілдері бар. Бірлескен кәсіпорын құру арқылы біз үлкен нарықты бағындыра аламыз. Мәселен, сіздер үшін батысеуропалық, ал біз үшін еуразиялық нарыққа шығу мүмкіндігі бар, – деді Сербия Президенті Александр Вучич. 

Бизнес-форумға агро­­­­өнер­­­кәсіптік кешен, химия, туризм, ме­дицина, көлік, теле­ком­муникация секілді сала­лар­­дағы сер­биялық тараптың 100-ге жуық бизнес өкілдері қа­тысты. Серб компаниялары ара­сында Algotech (телекоммуникация), Chemical Agrosava (химия), Akomed (медициналық жаб­дықтар өндірісі), Аданко (то­қыма), Meat ING Belgrade (ауыл шаруашылығы), Ветеринарлық медицина институты, Белград әуежайы сияқты бизнес орталық­тары бар.

Шара барысында 4 ведом­ство­аралық меморандумға қол қо­йылды. Олар: Қазақстан Респуб­ликасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Сербия Республикасының Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрлігі арасындағы әуе тасы­малы саласындағы өзара түсі­ністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасы Инвес­тициялар және даму министрлігі мен Сербия Рес­пуб­ликасының Құрылыс, кө­лік және инфрақұрылым ми­нистрлігі арасындағы құрылыс саласындағы ынтымақтастық және тәжірибе алмасу туралы меморандум; Қазақстан Рес­пуб­ликасы Әлеуметтік даму министрлігі мен Сербия Респуб­ликасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы Жастар саясаты саласындағы өзара тү­сі­ністік туралы меморандум; Қа­зақстанның «Ветеринарлық медицина ұлттық анықтамалық орталығы» РМК мен Сербияның ғылыми ветеринарлық институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»